ДАЛАҒА ШАШЫЛҒАН ДАРЫН

Адам – мемлекеттің басты құндылығы. Адами ресурс – күллі байлықтың бастауы. Адами капиталдың бастау көзі – партадағы бала! Сол партадағы балалар елден тысқары жүруге һәм тысқары білім алуға неге құмар болып барады?

11 жыл оқытқан баламыз Отанының құшағынан жылу (білім) іздемей, неге шет жағалап кетті? Өз балаларына мүлде грант бөлмейтін Қытай Қазақстан баласына келгенде неге «мырза»? Ресейлік жоғары оқу орындары қазақ мектептерінен түлек «ұрлауға» неге құмар? Бүгінде шетелде оқу неге сәнге айналып барады? Халық­аралық ғылым бәсекесінен медаль таққан қазақ баласын өзіне студент етер университет бізде неге жоқ? Бұл сұрақтар дәп бүгін бізді ойландырмаса, ертең елді өкінтері анық…
Бізде бір оқушы үшін мемлекеттен жылына 2-3 миллион бөлінеді. Он бір жыл бойы әрбір оқушы үшін мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, бір тұлғаның қалыптасуына қаншама адамның тер төгетінін ескерсек, өзгелерге дайын еңбек күшін үлестіріп отырғанымыз анық. Бұл біздің ел үшін экономикалық, адами шығын һәм шашылған дарын дер едік.
Расында, біздің түлектер неге шетел асуға құмар? Мүмкін мәжбүр шығар?
Мұның ең әуелгі себебі, біздің отандық университеттерде жатыр. Олар мемлекеттің масылдары, оқушы іздемейді, өздерінің жарнамасын жасап бір мектептің есігін қақпайды, бір сөзбен айтқанда, біздің университеттерде менеджмент атымен жоқ. «Үкімет деген – теңіз, ебін тауып жеңіз» деген жүйені ұстанған. Үкіметтен грант бөлінеді, ол грантқа таласып (университетке емес) бәлен мыңдаған студент келетінін жақсы біледі. Грантпен келетін оқушының қаражаты жоғарыдан төгіледі, ол – өзегіңді талдырмас Үкіметтің ақшасы. Осы дүрмектің ақшасы жетіп ақылы оқуға келетін тобы барын тағы біледі. Бұл қаражат әлемдік алдыңғы мың университеттің қатарынан құлап қалмауға жетеді. Ал үздік жүздікке талпыну қай оқу орнын ойлантып отыр? Міне, мәселе.
Дәлелсіз сынады деп сөкпес үшін бір ғана мысалмен нүкте қоя кетелік, өткен жылы ұлттық бірыңғай тесттің форматы өзгеріп, таңдау пәндердің классификация­сы жаңаланғанда, түлектер қай пәндерді таңдасақ қандай мамандыққа түсеміз, қандай университетте қандай мамандық бар деп қобалжыды да қалды. Біз өз кезегімізде әлеуметтік желіде, жекемізде түсіндіру жұмысын жүргізіп, мамандық таңдау туралы семинар тренингтерді өткізуге мәжбүр болдық. Бірақ өздерінің мамандықтары, оларға түсуге болатын жолдары туралы ақпарат таратқан бірде-бір университет болмады. Мұның соңында өздеріне деген сенімділіктен ҚазҰУ, ЕҰУ бастаған біраз ұлттық университеттің химия мамандығына қабылданатын студент қалмады. Себебі сол, көп түлек химияның біраз саласына химия, физиканы таңдау керектігін білмей, химия, биология таңдағандардың санын мыңдап өсіріп, бұл бағытта жұртқа грант жетпей жатты. Ал химия, физика бағытында бөлінген грантқа талапкер табылмады.
Екіншіден, шетелдік университеттерің айдағаны бес ешкі болғанымен, біздің елде ысқырықтары жер жарып тұр. Елге жаман болса да шетелде оқыды деген атақ керек, тіпті, Омск пен Томск немесе Қытайдың қиыр шетіндегі әлем түгілі өздері білмейтін университетінің білімі бізден озып тұрғаны шамалы. Бірақ біз үшін «балам шетелде оқыды» дегеннің бәсі артық. Сол университеттердің білімінен гөрі біздің аудандардағы колледждердің артық екенін ескермейміз.
Дәл осы жерде біздің «Болашақпен» келгендердің әсері басым. Бүгінде олар – қарапайым емес, шенді, шекпенді. Бірақ біздің балаларымызды өздеріне тартып отырған университеттер олар оқып келгендей әлемнің озық оқу орындары емес. Сайда саны, құмда ізі жоқ, аты бар, заты жоқ университеттер еліміздің дәл осы кемшілігін жақсы біліп алған. Келеді, мектептерді емін-еркін аралайды, жарнамасын жасайды, қажетті оқушысын артынан ертеді де кетеді. Қайтып оралары неғайбыл!
Үшіншіден, ғаламдық алпауыттардың тағы сол әлемдік саясаттары! Қажетті дарынды еңбек күштерді өзіне тарту, тегін оқытып, дайын асқа тік қасық болу. Былайша айтқанда, екі жеп биге шығу, өзінің үстемдігін молайта түсу. Басқасын айтпағанда, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Чехия тіпті, берідегі Белорусь та тілімізді үйрен де, тегін оқы деп желеулетіп жүр. Жылда он мыңдап бала Ресей, бес мыңдап бала Қытай асса, сол шамадағы бала кәрі құрлыққа аттанатынын санды мәліметтерді зерделеген адамға қиын емес…
Өз баласына грант бермейтін Қытай неге қазақ баласына құмар? Әрине, Орталық Азиядағы, тілдік, ділдік, экономикалық үстемдігін дамыту үшін, өз майын өзіне құрудың ең тамаша жолы… Ал Ресей үшін Қазақстандағы орыс тілінің мемлекеттік тілге біртіндеп орын босатып бара жатқаны ұнай қоймайды, сол үшін де тілдік үстемдікке, байырғы күшін сақтау­ға бірден-бір жол – қазақ жастарын өз еліне, өз тілінде оқыту. Оған, Ресейдің Қазақстанның солтүстігінен гөрі оңтүстіктен шәкіртті көбірек іздейтіні дәлел болса керек.
Төртіншіден, университеттегі білім сапасын айтсақ болады. Бәрі бірдей сапасыз деуден аулақпыз. Бірде мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шыққанда мамандық таңдау туралы көп сұрақ туындады. «Біздің жастар экономика мен заң саласын таңдай береді» деген қалыптасқан пікір де бар. Иә, олар сол саланы таңдайды, ол шындық, бірақ мектеп бітіруші түлектерде бұдан басқа таңдау жоқ. Неге? Неге олар бұл мамандықтарға бөлінген грант саны мен оқуға түсу мүмкіндігі аз екенін біле тұра бұл саланы таңдайды? Мұны зерттеп көрген адам бар ма?
Мұның басты себебі – біздің мектептерде гуманитарлық және жаратылыстық білімнің берілу сапасында жатыр. Орта білім 10-11 сыныптарда қоғамдық-гуманитарлық сынып және математика-жаратылыстану бағыты болып екі топқа бөлінеді. Гуманитарлық сыныптарда физика, химия, биология пәндері аптасына 1 сағат. Ал аптасына бір сағатпен бұл салаларға ішінара болмаса, баруы мүмкін емес. Ал математика-жаратылыстану бағытының балалары ше? Иә, ол жерде физика, химия, биология пәндерінің сағат саны жақсы, бірақ сапасы ше? Сапасы жоққа тән деп айтпасқа шара жоқ. Неге?
Себеп, бірінші Назарбаев зияткерлік мектептері, қазақ-түрік лицейлері және үлкен қалалардағы аз санды мектептері болмаса, елдегі мектептердің 80 пайызында зертхана жоқ, барының көбі – «мұражай мүліктері». Оқушы ары кетсе, толық емес мүмкіндіктермен жылына бір немесе екі рет ғана жұмыс жасайды. Ал тәжірибе көрмеген баладан сапа күтеміз бе? Қызығушылық күтеміз бе? Екіншіден, елімізде мұғалімдер де осы математика жаратылыстану бағытына жетіспейді. Ауылдарда химия, физика, биологияны сағаты толмаған басқа мұғалімдер бере береді. Енді ол кісілерден сапа сұрап көріңіз. Сапасыз, толымсыз берілген білімнің саласына баруға қай бала беттесін, мұндай жағдайдағы білімге кім қызықсын?…
Ал жаратылыстық зертханаларымыз – университеттердің өзінде бар мен жоқтың ортасы. Ондай мүмкіндікпен есі дұрыс маман шықпайтынын есті қауым біледі, білген соң алыстайды.
Ал гуманитарлық сала, шенеунік болғысы келетін қауым көп, ал шенеунік болу үшін шеттен оқу парыз секілді болып кетті бұл күнде.
Бесіншіден, отандық университеттерінің оқу ақысының қымбаттығы да – негізгі мәселенің төркіні. Бір ғана мысал, Еуразия ұлттық университетінде екі шет тілі деген мамандықты оқу үшін жылына 850-900 мыңды университетке төлейсіз. Жатақханадан орын жоқ, пәтер жалдап оқитыныңызды ескерсеңіз, бұл қаражаттың көлемі жылына 1 миллион 200 мыңнан асып жығылады. Ал бұл ақшамен біраз шетелдік университетте 4 жылды толық тәмамдауға болады. Осыдан кейін өзімізде ақылы оқы, өз қаржың елде қалсын деп айту, жалған патриоттық болатыны анық.
Өзімізде халықаралық физика, химия олимпиадалары қанша мәрте өтті, соларға келіп, марапаттауына қатысып, грант сыйлап жүрген елдің университетін осы бағытта жұмыс істегелі он жылға жуықтаса да әлі көрмедім. Ал Ресейдің университеті елдің ең үздік мектептерін торуылдап жүреді, тіпті, қай жерде әлемдік білім додасы болса, сонда өз жарнамасын жасап үлгереді. Ал біздікілерге дарынды бала керегі жоқ. Себебін жоғарыда айтып өттім.
Міне, осыдан кейін елімізде мектеп бітіріп жатқан басқасын айтпағанда, дарынды балаларға арналған деген статусы бар 150-ге жуық мектептің бір жылғы бітіруші түлегінің тең жартысы шетел асатынын ескерсек, елге адам керек емес пе, елге дарын дәрі емес пе деп қынжыласың…
Бағанадан біразыңыз шетелге барып білім алса несі бар деп мені жазғырып отыр­ған боларсыздар. Иә, олардың мақсаты тек білім беру, біздің балалардың қарым қабілетін арттыру болса мейлі ғой. Бірақ, олардың сол кеткеннен мол кететінін қайсымыз ойлап бас қатырып жүрміз?
Педагогикада бала ақ парақ, оған не жазсаң, соны оқисың. Сол ақ параққа өзгелер жазу жазып, қалағанын оқып жүргенін ойландық па?…

Аятжан АХМЕТЖАН,
Республикалық «KAZBILIM»
орталығы директоры

Сонымен қатар

ГАЗҒА КӨШУ ҚАЛАҒА ДА, ҚАЛТАҒА ДА ТИІМДІ БОЛСА…

Экологияны қорғаушы мамандар көлікті жүргізуге, үйді жылытуға газды пайдалану әрі тиімді, әрі пайдалы екенін алға …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған