«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дала жендеті

Солай болған

0 29

(Соңы. Басы №111 санында)

Бұл оқиға кезінде тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл Одақты да дүр сілкіндірді. Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің 10 қызметкері адам өлтіргендері, азаптағандары және жемқорлықтары үшін әртүрлі жазаларға кесілді. Содан бері тура 35 жыл өтіпті. Қаланың байырғы тұрғындары бұл дүрлігісті істі әлі ұмыта қойған жоқ.

– Сендер, шамасы, мені ештеңе білмейді деп жүрсіңдер-ау, – дейді ол қатты ашуға беріліп. – Бәріңде де ашылмай келе жатқан «ілгекті» істер толып жатыр.
Шынында Лукьяновқа бөлімді жемқорлықтың жайлап алғаны, қызметкерлердің күдіктілерге қылмысты мойындату үшін оларды аяусыз азаптайтыны жайлы деректер бұл кезде жетіп қойған еді. Мәселен, жедел уәкілдер әлдекімді ұрлық жасады деген күдікпен ұстайды да, сол жөнінде айғақ алу мақсатында оған противогаз кигізіп қояды. Егер көпке дейін көнбесе, противогаздың шүмегін жауып тастайды, ал бұлардың айтқандарына келісе бастаса, қайтадан оттегі жібереді. Бөлім бастығының орынбасары бұл жайында жақында естіген болып шықты.
– Бұлай жұмыс істегенді тоқтатыңдар! – деп айқайлады ол. – Қоймасаңдар, мен сендерге көрсетемін!
Жедел кеңесті осылай қаһарлы дауыспен аяқтаған Лукьянов қарауындағылардың бәрін сөзбен сойып салады. Мұнда, әсіресе, Қуаныш Сәбитовке көбірек шүйлікті.Басшысы оның жұмысты шабан атқаратынын және адал істемейтінін сынға алады. Әлбетте, бұл сындар тергеушіге оншалықты ұнай қойған жоқ. Бәлки, Иван Петровичке тісін қайрап, кегін қайтарып жүрген сол шығар? Бұлай болуы әбден мүмкін ғой. Бірақ 5 қазанның кешінде Қуаныш қылмысты іздестіру бөлімінің күнін атап өткен әріптестері арасында болған жоқ-тын. Ал оның әйелі өздерінің бұл күні түнде күйеуінің Черниговка ауылында тұратын ата-анасы үйінде болғанын айтып, бұл істен тысқары екенін білдірді.
Тексеріс Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінде шынында жемқорлықтың қатты қанат жайып кеткенін көрсетті. Ондағы бас парақор социалистік меншікті талан-таражға салумен күрес бөлімінің бас­тығы Жанболат Нұрбеков болып шықты. Қамауға алынған ол бірінші болып үнсіздікті бұзды. Лукьяновтың жоғалып кеткеніне екі ай болғаннан кейін, 5 желтоқсанда Нұрбеков жасалған қылмысқа қатысты бірінші мойындау көрсетімін бере бастады.
Осыған орай Иван Лукьянов жоғалып кетерден екі апта уақыт бұрын, қыркүйек айының ішінде Целиноград аудандық ІІБ-нің Мақсат Қалиев, Жанболат Нұрбеков, Валерий Тарасов, Ғабит Жандарбеков және Қуаныш Сәбитов есімді бес қызметкері өзара келісімге келіп, одан кек қайтарудың жоспарын құрады. Бұл үшін олар Иванды арақ ішіп алатын кездерінде дөп басып, медициналық айықтыру мекемесіне тапсырып жіберу үшін оны аңдуға кіріседі. Операцияны шегіне жеткізу ағатайы айықтырғышта жұмыс істейтін Жандарбековке жүктеледі.
Инспекторлардың алғашқы екі операциясы сәтсіз аяқталады. Олар Лукьяновтың бір досының үйінде арақ ішіп отыр­ғанын біліп, сол ғимараттың жанына келіп, оның сыртқа шығатын кезін күтіп тұрады. Ал Иван қонып қалады. Екінші кезек қылмысты іздестіру қызметкерлері күні аталып өткен 5 қазанға тура келеді. Бұл күні оны отырыстан кейін Қалиев пен Тарасов үйіне шығарып салады. Үйдің алдында үш жігіт Лукьяновтың жолын тосады. Бірақ олар келген кезде бұл жерде жалғыз Жандарбеков қана тұрады. Ал Сәбитов пен Нұрбеков бастықтарының қашан келетінін білмек болып телефон соғу үшін кетіп қалған екен.
Осы сәтсіздіктен кейін бұлар – Қалиев, Тарасов, Сәбитов, Нұрбеков, Жандарбеков екі машина болып соңғысының үйіне барады. Бәрі екі бөтелке коньяк ішеді. Сосын үшіншісін ашады. Соны ішіп отырып, тағы да жоспар түзуге кіріседі.
– Лукьяновты үйінен алдап алып шығып, медициналық айықтырғышқа апарып тапсыру керек, – дейді Тарасов.
Ендігі сызылған жаңа жоспар бойынша, Қалиев «МАИ инспекторлары Хасановтың үйінен мас болып шыққан басқа қызметкерлерді ұстап алып, жібермей жатыр» деп алдау жолымен бөлім бастығының орынбасарын үйінен алып шығуға тиіс болады. Бұдан кейін силикат зауыты ауданы жаққа барғанда қалғандары Лукьяновты ұстап, айықтырғышқа алып кетулері керек. Әріптестері коньяк ішіп, шуылдасып отырғанда, Тарасов байқатпай, ас үйге өтіп, қалтасына пышақ салып алады.
Бұдан кейін Мақсат Қалиев, жоғарыда айтылғандай, Иван Лукьяновты үйінде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жерінен оятып, алып шығады. Сосын бұлар силикат зауыты жаққа барады. Шын мәнінде АІІБ бастығы орынбасарының ешқандай да көңілдесі жоқ еді. Оны Қалиев қапелімде ойдан шығарып алған-ды. Мақсат зауытқа жете бергенде, автомобилін өшіріп, өзі жерге түседі. Мотор дұрыс жұмыс істемей тұрғанын айтқан ол капотын ашып, двигательді қараған болады. Сол кезде екінші машинамен қалғандары жетеді. Олар ештеңеден күдік ала қоймаған бастықтарынан өз көліктеріне ауысып мінуді сұрайды. Сөйтіп Лукьянов, Нұрбеков, Тарасов және Жандарбеков Сәбитовтің көлігіне отырып, 40-шы станса ауданына қарай беттейді. Қалиев сол кезде Целиноградқа қарай заулап бара жатады.
Ал бес қызметкер жайғасқан машинаның ішіндегі Лукьянов пен Тарасов жолай бір-біріне кінә тағысып, жанжалдасып қалады.
– Мен сен жайында бәрін де білемін, – дейді Иван. – Сенің не істегеніңді де білемін…
Бір кезде Сәбитов Херсоновка ауылына жақындап қалғанында орманының арасына тоқтайды. Бәрі сол жерде машинадан түседі. Лукьянов пен Тарасов былай шығып, айқайласа жөнеледі. Бірақ бұлардың тәжікелесуі тым ұзаққа бармайды, қонышынан бағанағы Жандарбековтің ас үйінен ұрлаған пышағын суырып алған Валерий Иванның мойын тұсын көздеп ұрып қалады. Сол-ақ екен, Лукьянов тізерлеп отыра кетеді. Ал қызып алған Тарасов пышақты тағы бірнеше рет бойлата сұғады.
Сол уақытта бұлардың жанына Жандарбеков келеді.
– Не істеп жатсыз?
– Көзін осылай жоймасақ, бұл бәрімізді түрмеге отырғызады. Мә, пышақты алып, басын кесіп ал, – деп бұйырады Тарасов оған.
Ғабит бастығының бұйрығын орындамақшы болғанымен, аяқ-қолдары дірілдеп қоя берді. Сол шақта Валерий машинаның жүксалғышынан күрек әкеліп, марқұмның басын сонымен бөліп алуға кіріседі. Ол бірнеше рет қадап ұрғаннан кейін бас денеден бөлініп қалады.
– Неге тұрып қалдыңдар? Енді біздің бәріміз бір жіпке байландық. Одан да тездетіп жер қазыңдар, – деп бұйырады ол басқаларға.
Мына сұмдық көріністі көріп тұрған Сәбитов, Нұрбеков, Жандарбеков қорыққаннан қалтырап кетсе де, кезектесіп үн-түнсіз шұңқыр қаза бастайды.
Бұлар Лукьяновтың басын қазылған шұңқырға көмеді де, денені машинаға салып алып, қалаға тартады. Олар жолай Жандарбековтің үйіне қайта соғып, брезент, жіп, он килолық плита салып алады. Сосын Қарағанды трассасына түсіп, жолдағы көлдің маңына барып тоқтайды. Сол жерде мәйітті брезентке орап, сыртынан жіппен шандып, бәрінің үстіне плитаны байлап, су айдынына тастайды.
Түн қатып, түстері қашқан қарақшылар тобы таң саз бере Целиноградқа оралады. Қалаға келгесін Қуаныштың көлігін жақсылап жуады. Сосын басқа көлікке ауысып мініп, ет комбинаты жақта Лукьяновтың киімдеріне от қояды.
Ж. Нұрбековтің көрсетімінен:
«1986 жылғы 5 қазанда жалған жолдастық сезіммен Сәбитов пен Тарасовқа еріп қалдым. Қылмыс жасалған жердегі Тарасовтың Лукьяновқа қатысты әрекетінің күтпеген жерден бұрқ етуі, оның тұтанып тұрғаны, өктемдігі, қаһарға мініп алуы және қолында пышақтың болуы менің оқиғаға тез баға беріп, бағдар алып, қарсы тірлік жасауыма мүмкіндік бермеді».
Басқалар да шамамен осы мазмұндас түсініктемелер жазады.
– Бұдан кейін Тарасов бірден тұтқынға алынды. Ол ештеңеден бас тарта алмай қалды, – деді Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі қылмысты іздестіру басқармасының жедел уәкілі Дмитрий Чумак кейін арада көптеген жылдар өткесін.
Осыдан кейін бұдан екі жарым жыл бұрын қыршынынан қиылған Сергей Поляничконы кімдердің өлтіргенін табу қиынға соққан жоқ. Мұны Мақсат Қалиев пен Валерий Тарасов бірден мойындады. Олар 1984 жылдың 8 мамыры күні құрылысшы жігіт ауылында ұрлық жасағаны жөніндегі көпе-көрнеу бопсаны растамағаннан кейін оны кешкі сағат 10-да кезекшінің көзінше құлып астынан босату спектаклін ойнайды. Ал Поляничко аялдамаға жете бергенде, оның жанына «Газ-69» көлігі тоқтай қалады. Одан түскен Чапек пен Тарасов аң-таң болып тұрған жігітті күштеп машинаға мінгізіп әкетеді.
Бұлар қаладан шығып, елсіз құла дүзге бет алады. Жолай бұларға Қалиев қосылады. Кабинаның артқы жағына жайғасқан ол Тарасов екеуі Поляничконы ортаға алып, екі жақтан соққылай бастайды. Ұрған сайын одан ұрлықты мойнына алуды талап етеді. Көлік май құю бекетіне келген кезде, Сергей алдыңғы екі орындықтың ортасында жатқан пышақты алып, соны жасқаумен сыртқа шығып кетпекші болады. Бірақ анау екеуі жабылып жүріп, суық қаруды қолынан тартып алады. Сол кезде жігіттің айқайлай бастауынан қорыққан олар май құйып алуға үлгермей, тез жүріп кетіп, Астрахань тас жолына түседі.
Бұлар сосын айдалаға келіп аялдайды. Сол жерде үшеуі Поляничкоға противогаз кигізіп, тергей бастайды. Ол «иә» деген кезде оттегі жіберіп, «жоқ» дегенінде оны қайта жауып тұрады. Соңынан жігітті жерге жатқызып қойып, үшеуі үш жақтан тепкінің астына алады. Соның салдарынан Сергей жантәсілім етеді. Содан соң қанішерлер мәйітті көлікке салып алып, Черкасское ауылының тұсына барып тоқтайды. Өлікті кейін ешкім танымауы үшін Тарасов пен Қалиев одан басын айырып алып, сол маңға көміп кетеді. Ал денені Есіл өзені үстіндегі көпірден арнаға лақтыра салады.
Қаныпезер қылмыскерлер Целиноградқа қайтып келе жатқан жолда Луговое ауылы маңында Поляничконың киімдерін өртеп жібереді. Тек үстінде мәйкесін ғана қалдырады. Кейін криминалистердің осы ішкиім арқылы мәйіттің кімдікі екенін анықтай алғанын біз жоғарыда айтып өттік.
Барлық айғақ келтіріліп тұрғаннан кейін күдіктілердің өз қылмыстарын түгел мойындамасқа амалдары қалмады. Бұлардың арасындағы ең қатыгезі Тарасов болып шықты. Қылмыстық топтың басшысы да сол екен. Ол өзінің іс бойынша көрсетімі кезінде қашып кетуге де әрекет етіп көреді. Бірақ оған жол берілмейді.
1987 жылдың жазында аталған іс бойынша сот болып өтті. Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің 10 қызметкері айыптылар орындығында отырды. Оларға күдіктілерді азаптады, адам өлтірді және жемқорлыққа салынды деген айып тағылды. Сот шешімімен Мақсат Қалиев, Жанболат Нұрбеков және Игорь Чапек мүліктері тәркілендіріліп, 11 жылдан 13 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Сол сияқты Ғабит Жандарбеков пен Қуаныш Сәбитов социалистік меншікті талан-таражға салғандары үшін 5 жылға қапасқа қамалды. Қалғандары әртүрлі шартты жазалар алды.
Ал «дала жендеті» атанған Валерий Тарасов қарақшылар тобының басшысы ретінде ең жоғары жаза – атуға кесілді. Оның айуандық әрекеттері туралы жұрт көпке дейін үрейлене сөз етіп жүрді.

P.S. Мақалада қылмыс­тық іс фигуранттарының аты-жөндері өзгертіліп алынды.

Расул АЙТҚОЖА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды