«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бюрократизм

Айтпайын-ақ деп едім...

0 24

Осы сөздің өзі құлаққа түрпідей тиеді. Бұл өзі қоғамға дендеп енген дерт пе, әлде кеңестік дәуірден қалған «кесел» ме, түсінбедім. Қазір осы бір адамды әбігерге салатын жүйеден аяқ алып жүре алмайсыз. Қандайда бір шаруаңыз оңай бітпейді. Жүйкеңізді жұқартып, діңкелетіп барып тәмамдалады.

 

Жақында жеке шаруамен қаладағы бір банкке бардым. Шеттеу тұрған маманның алды бос екен, соған барып отырдым. Қазақтың қызы. Алдымен ізет білдіріп, амандастым. Ләм жоқ. Келген шаруам­ды айттым. Тас мүсін секілді сазарған қалпы бетіме безірейіп бір қарады. Әкелген құжаттарымды көрсеттім. Оны қолымен жұлқып-жұлқып «анау қайда, мынау дұрыс емес» деп дік-дік етеді. Мен түсінбегенімді айтып едім, ол «менің шаруам емес» дегендей кейіп танытты. Қысқасы, қабағынан қар жауған қызметкердің мені «жан екен» деп менсінбей отырғанын білдім. Шындығын айтсам, кәдімгідей қорындым. Құдды мен өзімді банкте емес, сот алдында отырған айыпкер секілді сезіндім. Ақыры басқа менеджерге барып, жұмысымды тындырдым. Жалпы, осындай жағдайлар біздің қоғамда жиі байқалады. Қай мекемеге барсаңыз да, көретініңіз – осы көрініс. Алақандай анықтама алу үшін кемінде екі-үш күн сабылып жүресіз. Бар уақытыңызды алады. Жұмысты жеңілдетудің орнына қиындатады. Бір сөзбен айтқанда, бюрократизм басым. Бүгінде ол қағазбастылық сипатқа ауысқан.
Ауылда жеке шаруасын ұршықтай дөңгелетіп отырған досым бар. Қазір мемлекет ауылшаруа­шылық саласына жеңілдетілген несие беріп жатыр ғой. Содан ол да дәмелі болып, аудандық әкімдікке құжаттарын өткізеді. Ойласа, барлық шарты сәйкес келіп тұр. Жері, техникасы бар. Енді қолындағы малды асылдандырсам дейді. Белді бекем буып іске кіріседі. Бірақ ойлаған мақсаты алға жүрмеді. Бильярдтың шарындай анда-мында қағыстырған бюрократ қызметкерлердің ісінен жүйкесі тозды. Өйткені ауданда отырған мамандар оны туу қияндағы облысқа жібереді. Облыс оны қайтадан бір қағаз үшін ауданға сілтейді. Сөйтіп, екі ортада бір жылдай әрі-сәрі сенделіп жүрді. Ақыры несиеден қолын бір сілтеді.
Жақында жерлес ағайын «балам Америкадан келді» деп үйіне дәмге шақырды. Бардым. Інімді көріп, таңғалдым. Бұрынғы бұйығы бозбала емес. Өмір көргені, орта көргені байқалып тұр. Көкірек көзі ашылған. Таным-түсінігі де басқаша. Көп нәрсеге жаңаша көзқараспен қарайды. Өз бетімен ағылшын тілін үйренемін деп, мұхит асып кеткен еді. Ағылшынша судай ағып тұр. Сол жақта оқып жүріп жұмыс істепті. Ата-анасына да салмақ түсірмеген. «Аға, ол елде бәрі адамның игілігі үшін жасалған. Бастысы, адал, өз ісіңізді білсеңіз, далада қалмайсыз. Мен сонда алғаш барғанда көптеген қайырымды жандардың қамқорлығын көрдім. Ондағы жұрт біздегідей тәуір киіміңізге қарап кісі сыйламайды. Аяқтан шалатын кедергі де жоқ. Кез келген ша­руа­ңыз қолма-қол бітеді. Биыл тағы барып жұмыс істеймін» дейді інім. Оны тыңдап отырып аузымның суы құрыды. Бір сәт «біз қашан сондай ел болады екенбіз?» деген қиялға берілдім. Қазір білімді жастар шетелге кетіп жатыр дейді. Оның себебін анықтап жатқан жан жоқ. Ешкім туған елінен бекер кетпейді. Көк тіреп тұрған «көкесі» жоқ талантты жастар қоғамды шырмап алған «кеселден» қашып жатқаны анық.
Жуырда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның елордалық активімен кездескенде: «ең алдымен партия қызметін бюрократиялық жүйеден арылтып, жаңа жұмыс тәсілін түзу қажет» деді. Мәулен Сағатханұлы қоғам дертін тап басып айтып отыр. Бірақ одан қашан арыламыз?..

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды