«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бюджет қаржысы – халық игілігіне

0 18

Өткен жылы елорда бюджеті 99,8 пайызға игерілді. Шығыс көлемі жоспар бойынша 431 млрд 747 млн теңге болу керек болса, нақты іс жүзінде шығыстар 431 млрд 070 теңгені құрады. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында осылай деп мәлімдеген қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев бұл қаржыға қандай жұмыстар атқарылғанын баяндады.

Былтырғы бюджет қаржысының басым бөлігі әлеумет игілігіне – білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, қала инфрақұрылымын дамыту сынды маңызды салаларға бөлінді. Атап айтқанда, 15 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысы жалғасты. Бұған қоса, 23 орта білім беру мен мектепалды даярлық нысанының жобасы жасалды. Соның ішінде 15 нысан бойынша мемлекеттік сараптама оң шешім шығарды.
Қарталы-Оқжетпес, №41–М.Жұма­баев, Абай–Т.Бигелдинов, Ж.Нәжімеденов–Ш.Қалдаяқов көшелері қиылыстарында төрт орта мектеп және Бөгенбай батыр даңғылы бойында, өрт сөндіру депосы жанында 800 орынға арналған кәсіптік-техникалық мектеп салынды. Ә.Жұмаевтың айтуынша, бұл білім нысандары жұмысын бастағанда мектептердегі орындардың тапшылығы 5300 оқушыға қысқарады.
Қорғалжын тасжолынан оңтүстікке қарай 240 орынға шақталған балабақшаның құрылысы аяқталып, «Комсомольский» тұрғын алабындағы Қыз Жібек-Баян сұлу көшелері қиылысында мектепалды даярлық мекемесінің инженерлік желілері салынды.
Қазір қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 18 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Осы күндерге дейін 635 пәтері бар 4 үй пайдалануға берілді. Тоғыз тұрғын үйдің жобасы жасалып, олардың бесеуін мемлекеттік сараптама мақұлдады.
Жалпы, өткен жылы 9 нысан пайдалануға беріліп, құрылысы жалғасқан 11 нысан бойынша мемлекеттік сараптама оң шешім шығарды. Жолдың 21,6 шақырымы қайта жаңартылып, 53,78 шақырымында орташа жөндеу жүргізілді, 162,842 шаршы метр аумақта көшелерді ағымдағы жөндеу жасалды. 36 бағдаршам, 55 аялдама орнатылды. Бағдаршамның 20-сы реттелмейтін өткелдерге қойылды.
Қаланы дамыту және абаттандыру бағдарламасы бойынша 8 жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, С.Сейфуллин, Біржан сал көшелеріндегі гүлбақтар жаңаланды. Кенесары көшесінде – «Егемен Қазақстан» газеті – Б.Бейсекбаев көшелері аралығында, Пушкин көшесіндегі №15 үй, Абай даңғылында – Ә.Сембинов көшесінен «Егемен Қазақстан» газеті көшесіне дейін және Республика даңғылы мен Ы.Дүкенұлы көшесі қиылысар тұста, Сарыарқа және Р.Қошқарбаев даңғылдарында гүлбақтар салынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды