«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бұзақылық қалай тыйылады?

0 20

Соңғы уақытта қаладағы түнгі клубтар мен караоке-барларда қоғамдық тәртіп бұзу, қылмыстық әрекеттер көбейіп кеткен. Бұл туралы әкімдікте өткен елордадағы ойын-сауық және тамақтану орындарындағы санитарлық норма мен қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі отырыста мәлім болды.


Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаевтың жетекшілігімен өткен жиынға Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рысгүл Қауғабаева, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғосман Жакин және мемлекеттік мекемелер мен заң органдарының қызметкерлері, ойын-сауық орындарының өкілдері қатысты.
Бақытжан Малыбаевтың мәлі­ме­тінше, елордада караоке-бар, түнгі клуб сияқты 1000-нан аса ойын-
сауық орны қызмет көрсетеді. Ал көктем-жаз мезгілдерінде көшедегі сыраханалар қосылып, олардың саны тіптен арта түседі.
– Соңғы уақытта қаладағы ойын-­сауық орындарында қоғамдық тәр­тіп бұзу, қылмыстық әрекеттер көбейіп кетті. Мәселен, 14 наурыз күні таңғы сағат 5-тер шамасында «Хиты ХХ века» түнгі клубының маңында болған төбелес кезінде Әшірбеков деген азаматты оң жақ жамбас тұсынан пышақтаған. Ал 31 наурыз күні таңғы сағат төрт жарымда «Золото» мейрамханасында Ахметов деген азамат сол жақ өкпе тұсынан пышақ жарақатын алған, – дейді Ғосман Жакин.
Жыл басынан бері бас қаладағы ойын-сауық орындарынан Ішкі істер органдарына 3500-ден аса шақырту түскен. Тексеріс барысында «Микс» дәмханасының кіреберіс тұсы ғана жарықтандырылғанын тілге тиек еткен полиция қызметкері қоқыс жәшіктері мен шылым шегуге арналған орындары жоқ, бейнебақылау құрылғысы орнатылмаған, ав­тотұрақтарына электр жарығы қойыл­маған, ауласына абаттандыру жүргізілмеген ойын-­сауық орындарының көп екенін атап өтті. Онымен қоса, кейбір караоке-барларда лицензиялы күзет қызметі де қарастырылмаған көрінеді. Соның салдарынан айналасы қоқысқа толып, тәртіп бұзу да жиі болады екен.
Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасқан кейбір ойын-сауық орындары тиісті заңдылықты сақтамай, тұрғындардың тыныштығы бұзылатыны да айтылды. Бұл тұрғыда Ғосман Жакин қоғамдық тәртіп бұзуды азайтып, қылмыстың алдын алу үшін алдағы уақытта түнгі клубтар мен караоке-барларда, мейрамханаларда түнгі сағат 23.00-ден таңғы 8.00-ге дейінгі аралықта алкоголь өнімдерін сатуды тоқтатуды ұсынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды