«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Буын-буынға жан бітіреді

0 18

Қазір алпысты алқымдамақ түгіл, қырықтың қырқасына шықпастан сай-сүйегі сырқырамайтын адам кемде-кем. Бірақ Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының травматолог-ортопедтері буын-буынға протез салып, науқастың сал болуға айналған дене мүшелеріне жан бітіреді екен.

Аталмыш ғылыми орталықтағы трав­матолог-ортопедтердің бірі – Ерсін Усин. Оның медицина саласындағы жалпы тәжірибесі 14 жыл болса, соңғы 4 жылдан бері буын-буынға протез салу отасын жасауды қолға алыпты. Жұмыс кестесіне сәйкес, тізе, жамбас, табан, шынтақ, иық, мойын, бармақ пен бақай сияқты зақым келген дене мүшеге мұнда күнделікті 8-9 ота жасалады. Соның екі-үшеуі Ерсін Нұрымханбетұлының еншісінде екен.
– Әсіресе, отаны 60-тан асқан егде жас­тағы адамдарға жиі жасаймыз. Ем­делушілеріміздің ең жасы үлкені 95-тегі қария болды. Аяқ-қолы ауыратындар бірден келмейді ғой бізде. 20-30 жыл бойы шыдап, ең соңында дерті әбден асқынып, амал таусылған соң бір-ақ келеді. Алайда жасанды мүше салғаннан кейін жас кезінен бері ауырғандар оңалып кететін жағдай үнемі болып тұрады. Жүре алмай, сал болып қалдым деп ойлап келген науқастар біздің отадан кейін ауруханадан үйлеріне өз аяқтарымен қайтады. Егер квотамен келсе, бізде ота тегін жасалады. Ал квотаға ие болу үшін Қазақстан азаматы болуы міндетті. Әйтпесе ақылы оталарды кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Өйткені оның бағасы миллион теңгеге дейін жетіп жығылады, – дейді Е.Усин. – Алдымен ауырып тұрған жерін рентгенге түсіріп, одан кейін жамбастың қисықтығына, сүйектің ойығына байланысты протездің өлшемін анықтаймыз. Мысалы, ортрез болғанда сүйектің ішкі жағы желініп кетеді де, адамның аяғы қисайып қалады. Біз оны ота арқылы түзетеміз. Аяқ түзелген соң олардың жүруіне мүмкіндік туады. Әр адамға әртүрлі протездер салынады. Көбіне АҚШ-та, Германияда, Қазақстанда жасалған протездерді қолданамыз.
Дәрігердің айтуынша, қариялардың сүйегі көбіне мүжіліп қалатын көрінеді. Ондай жағдайда да протездер арқылы травматолог-ортопедтер науқасты аяққа тік тұрғызады екен. Мысалы, 65 жастағы көкшетаулық Людмила Ировскихтің жамбасындағы ұршығы сынған. Содан жүре алмай қалыпты. Көкшетаудағы ауруханада бір ай емделсе де, еш нәтиже болмаған. Сондықтан осында жолдамамен келіпті. Мұнда келгеніне екі-ақ күн болған қарияға бір тәуліктен соң ота жасалған. Наркоздан енді есін жинаған науқас, сәтін салса, келесі күні өз аяғымен жүріп кетуі мүмкін. Егер ұзақ уақыт бойы буын қозғалысқа түспесе, ет қатып қалатын көрінеді. Отадан кейін адамдар пышақ тиген жерін бірден қозғалта алмайтындықтан, мұнда буынды қозғалтуды бейімдеуге арналған немістің «Артромот» деп аталатын аппараты қолданылады екен. Бұл аппарат адам үшін оның аяғын немесе қолын 15-20 минут бойы өзі жазып, өзі бүгеді. Осылайша, сынған жер беки түседі.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды