«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бурабайдың бұлты да жолдас маған…

0 90

Арқалы ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлының табаны «Арқаның кербез сұлу Көкшетауына» алғаш рет осыдан тура елу жыл бұрын тиді. Содан көл-көсір әсер алып, сол әсем көрініс қаламынан өлең болып төгіліп түсті. Арада жарты ғасыр уақыт өтсе де, Көкше өңірін қаншама рет көрсе де, жанға жұпар тарататын табиғат ақынға шабыт сыйлап келе жатыр. Соның жарқын мысалы – дастанға бергісіз «Бурабай туралы балладалар» атты цикл өлеңдері. Жақында ақын бұл топтама өлеңдерін редакцияның электронды поштасына салып жіберді. 

 

Бурабайды алғаш рет көргенде

(Еркеш Ибрагимнің рухына!)

 

Жігітпін.

Жиырмадағы от – маңайы.

Көңілдің гүлдеп тұрған көк тоғайы

Алқынып,

Алматыдан ұшып келдім.

1969 жыл

Көктем айы.

 

Көкшетау,

Бір ғажайып мен көрмеген,

Басқаға сұлулығын теңгермеген.

Жасымнан арман еткен жерім едің

Өзімнің Торғайымнан кем көрмеген.

 

Әуелден айтқан сөзге – сертім берік,

Самолет желден жүйрік – еркін көлік.

Түскенде естен танып «талып» қалдым,

Керемет Көкшетаудың көркін көріп.

 

Білмеймін,

Қалай жеттім, қалай келдім.

Әлде бұл,

Әуресі ме, арайлы елдің.

Көлбеңдеп – тау,

Шоқысы,

Орман,

Көлі,

Алаңдап жан-жағыма қарай бердім.

 

Тұрғаным аспан емес,

Жер төсі еді.

Қасымда қастерлі ақын –

Еркеш еді.

Сол күні ну орманда түнеп шықтым,

Даламның жасыл ағаш – көрпесі еді.

 

Ақыннан сая таптым – ізгі жаннан,

Шабытым тасқын еді құзды жарған.

Құр қалып көрген жоқпын ол кезде де,

Көңілді көтеретін – «жүз граммнан».

 

Кезінде жұтып алып таңдай кепкен,

Күндер-ай,

Қия-шыңға самғай кеткен.

-Ақынның жолы ешқашан болған емес,

Арнайы Бурабайға бармай кеткен.

 

Еркештің мына сөзі зәремді алып,

Орнымнан қозғалыппын әрең барып.

Ерекең шын ақын ғой,

Келген беттен,

Қалыпты жан сырымды және аңғарып.

 

Таңсанып табиғатты сезгеніңмен,

Барған соң,

Күй кешесің өзге мүлдем.

Бурабай тұнып тұрған сұлулық қой,

Сұлуды көрген жақсы өз көзіңмен.

 

Ақынға бұдан басқа не тіпті артық,

Дүние-ай,

Талай дөңнен өттік шалқып.

«Бобикке» жұдырықтай мініп алып,

-Бурабай қайдасың?! – деп кеттік тартып.

 

Ауыл-ел жүрген жерден тосып алып,

(Қызық қой сол кездегі осы халық)

Жол бойы және соғып «Жамантұзға»,

Жас ақын Нұрмияшты қосып алып.

 

Шалқып бір,

Шабыттанып келе жаттық.

Өрекпіп сөз сөйледік,

Өлең айттық.

Ішіне қалың орман еніп кетіп,

Шараптың толқынына және баттық.

 

Болған соң табиғатқа өзім ғашық,

Бергендей көңіліме сезім нәсіп.

Бір сәтке қалғып кеттім…

Біраздан соң –

Қарадым жан-жағыма көзімді ашып.

 

Біліпті жалын – шабыт өртерін кім?!

Келгендей қайта айналып ерке күнім.

О, ғажап!

Орман емес,

Арман – елес –

Ішіне кеттім бе еніп ертегінің?!

 

Көл көрдім –

Көк аспандай тұнып қалған,

Тас көрдім –

Көл үстінде тұрып қалған.

Көңілім алай-дүлей,

Алас – күлес,

Сезімім берер емес, ырық маған.

 

Өзім де не болғанын түсінбедім,

Қиялмен бәрін сомдап мүсіндедім.

Еркешке айтып бердім көрген жайды,

-Ереке осы көрген түсім … дедім.

 

-Түс емес, – деді Еркеш, – бұл өңіңде,

Көрген жай өлең болды жүрегіңде.

Мынау  -тау,

Мынау – орман,

Мынау – көлдің

Атауы –

Бір Бурабай –

Бұл өңірде.

 

Бұл ара –

«Бурабай» деп аталады,

Тым нәзік табиғаты, қатал әрі.

«Алаңы Абылайдың» мынау жатқан,

Абыздан жастар келіп бата алады.

 

Атақты «Оқжетпес» қой мына тұрған,

Мағжанды дәті барып кім оқыған?!

Жайланып жатқан анау –

Жекебатыр,

Сау қалған, не бір шайқас – сұрапылдан.

 

Бәрінен Бурабайдың қымбат бәсі,

Ал, мынау,

Айнакөлдің «Жұмбақтасы».

Айтпасақ, Сәкен әні – «Көкшетауды»

Ай туып,

Белгілі ғой, күн батпасы.

 

Әріде «Кенесары үңгірі» бар,

Құбылып,

Құлпыратын күн нұры бар.

Аңдасаң

Айнакөлдің толқындарын,

Арудың шолпысының сыңғыры бар.

 

Самалы

Сарыарқаның қырдан жеткен,

Тербетіп жасыл талды тұрған көптен.

Желдіртіп Құлагермен,

Бурылтайлап,

Бұл жерден

Ақан да өткен,

Біржан да өткен.

 

Күй келіп, күмбір қағып – ғасырыңнан,

Сыр тартып, не бір ғажап асылыңнан.

Атақты Балуан шолақ мына «үңгірде»

Қызымен губернатор жасырынған.

 

Көрмесе – жыл өткізіп, ай күткендей,

Бұл жерге кім тұрады қайтып келмей.

-Кетпейсің бұл арадан, – деді Еркеш,

Сәкеннің «Көкшетауын» айтып бермей…

 

Төбемде туған үйім – шаңырағым,

Сол әнді айтып тұрып аңырадым.

Көңілім бір рахат күй кешкендей,

Тапқандай жаңа ғана ән ырғағын.

 

Қалың ел Көкшетауды жарып келген,

Бұл жайды өз көзімен барып көрген.

-Мың алғыс, ағатайым, Еркешіме,

Көкшеге мені ертіп алып келген!

 

Жас едім, саяқ өскен алыс қырдан,

Оянды тұла бойда намыс тұнған.

Айналдым әруағыңнан

Ақан аға,

Мәңгілік Бурабаймен табыстырған.

 

Мен сонда сөз сөйледім жылап тұрып,

Жаныма шабытымды шырақ қылып.

Аздан соң,

«Айнакөлге» кеттім сүңгіп,

Үстімде –

Көйлегімді лақтырып.

 

Малтыдым рахатқа шын беріле,

Кезігіп Көкше деген бір керімге.

Риза боп тұрдым сонда тағдырыма –

Сыйлаған мол шапағат күндеріме.

 

Жүрген соң сүйген жарға кезіге алмай,

Ақынның аңсап айтқан сөзі балдай.

Көк аспан –

Баурайындағы

Бурабайға,

Қарайды күні-түні көзін алмай.

 

Желкілдеп көңілімде желкен үміт,

Дүние кеткендейін кең көрініп.

«Айнакөл» артта ақырын қала берді,

Көк аспан айдынында төңкеріліп.

 

Талайдан табылған соң іздегенім,

Бір емес, Бурабайға жүз келемін.

Өзіңе арнап айтқан асыл сөзім,

Өзіңе арнап айтқан ізгі өлеңім.

 

Риза бол,

Беу, Бурабай,

Бақ мекенім.

Еркештей арқасы ғой,

Ақ көкенің.

Өзіңе келген сайын,

Қайран өлкем,

Сеземін бұл

Өмірдің тәтті екенін.

 

Сеземін Бурабайдың қасиетін,

Көтеріп басқа түссе қасіретін.

Білгейсің

Бір балаңның бар екенін,

Ардақтап,

Құдіретіңе бас иетін!

 

Бурабайда кім атты екен бұғыны!

 

Бурабайда

Болып кетті

Бір сұмдық,

Бір сұмдықты – естідік те күрсіндік

Күйігінен

Биігіне шыға алмай,

Тас төбеде шыр айналып

Тұр Шындық.

 

Бұл сұмдықты

Мен айтпасам ел айтар,

Ел айтпаса,

Бебеулеген жел айтар.

Әлі талай жанымызды сыздатып,

Әлі талай қанымызды қарайтар.

 

Жексұрын ба,

Жұртына жоқ жұғымы,

Шаш етектен табиғаттың шығыны.

Туған айға ұқсататын аяулы,

Бурабайда кім атты екен бұғыны?!

 

Аң мен құсты

Ардақтайтын

Асыл ек,

Бурабайда

Бұл неғылған қасірет!

Қап-қара боп шыға келді әп-сәтте

Қатар-қатар

Көкшетаудың тасы көк.

 

Қасқыр емес,

Көрінгенге ұрынып,

Төңірегі жатқан түгел қырылып.

Бұғы ғой ол,

Сұлулықты қия алмай,

Бурабайға бір қарады бұрылып.

 

Атқан оғын

Ар-намысқа тигізіп,

Тұрды жауыз,

Көріп мұны сый – қызық.

Жаһаннамға бара жатып құлады ол,

Бар Көкшені жанарына сыйғызып.

 

Байғұс бұғы,

Жан тапсырды қансырап,

Жатқан кім бар,

Қамқор болып, хал сұрап.

Басын алып,

Бастықтарға сыйлайды,

Терісін де,

Денесінен аршып ап…

 

Оңбас сірә,

Оқ жолдаған оған дәл.

Оның ісін пенде барма бағамдар.

Шыбын жанын

Шырқыратып қыспақта,

Мүйізінің

Қанын ішті адамдар.

 

Көкшетауда

Керемет қой күн көзі,

Ал, Бурабай

Жеті пейіш күмбезі.

Мүйізінен айрылғаны аздай-ақ

Жалғыз оққа

Құрбан болды енді өзі.

 

Бұл бұғыны

Бурабайдың төрінен

Ақселеумен бірге барып көріп ем.

Қызыл қанға

Құмар болған

Құзғынның

Қылығына қарап тұрып жерінем.

 

Қайда барса,

Өз ошағы Отанның,

Қызыл нұры –

Қызыл қандай батар күн…

Бурабайға

Бауыр басып үлгірді,

Қарағайын қимаса да «Катонның».

 

Беу, Бурабай!

Сұлулықтың сандығы,

Қандай жауыз

Аяулыны аңдыды.

Көрген кезде

Кереметін Көкшенің

Адамнан да артық сезер

Аң мұны.

 

Сорлы бұғы,

Ерекше еді өзгеден,

Жауыздықтың

Жаманатын сезбеген.

Бұл күндерде,

Адамдардан

Аң артық,

Бәрін байқап,

Болжап білген көзбенен.

 

Бурабайға керек еді

Бұғылар.

Бұғылардың қадірін кім ұғынар?!

Бірте-бірте құрып жатыр

Байғұстар,

Келесісі –

Қашан,

Қайтіп жығылар!

 

Бір бәлекет

Сұлулыққа сұғынып,

Қара тастың тасасына тығылып,

Отыр әне, кезеп қойып

Мылтығын –

Бір бұғыны ату үшін бұғынып.

 

Қаруы бар,

Қарсы келсе жеңбессің,

Қасіретін көзбен көрмей сенбессің.

…Бұғы болып

Бұлаң қаққан

Дүниеде,

Бұл сұмдықты

Естімесін енді ешкім!

 

Тимеңдер, «Биші қайыңға»!

 

Құлақ сал,

Астамсыған

Алпауыттар,

Сендердің сөздеріңде сәл қауіп бар…

Тегінде «Биші қайың» аман тұрса,

Көгінде Көкшетаудың ән қалықтар.

 

Кеткенбе сұлулықтың көзі іріңдеп,

Баптаудың

Аялаудың өзі міндет.

Айналып бүкіл дүние –

Ақ қайыңға,

Тұрғандай

Табиғаттың өзі билеп.

 

Билейді бір орында,

Жүрмейді олар.

Жұлсаң да жапырағын гүлдейді олар.

Аямай –

Ақ қайыңды құлатқандар,

Аққуды

Атқанменен бірдей болар.

 

Күнде атып,

Аңның өзін,

Құстың өзін,

Құдайым көрсетпесін

Сұсты кезің.

Қорқаудай дүниені құртып болып,

Енді –

«Биші қайыңға» түсті көзің!

 

Орманда –

Оңашада сүйіскендер,

Шәрбатын махаббаттың жиі ішкендер.

«Биші қайың» –

Сүйеді аялауды,

«Биші қайың» –

Киелі,

Тиіспеңдер!

 

Бұл Бурабай –

Өтемі –

Ата даңқтың,

«Биші қайың» –

Мекені махаббаттың.

Жоғалтып,

Жер бетінен сұлулықты,

От жағып ортасынан

Отамақ кім?!

 

Бұл дала –

Берілмейді уайым-зарға,

Бірақ та,

Бишікеште тойым бар ма?!

Атақты

Абылай хан заманында

Билеген

Адам түгіл

Қайыңдар да!

 

Күрмеуі шешілмеген қиыс – керең,

Кім қалды заман зәрін жиі ішпеген?!

Баяғы Абылайдың заманында

Бұл жердің талына  тиіспеген.

 

Болса да,

Өзі –  батыр,

Өзі – мерген.

Ешкімнің емес олар сөзіне ерген.

Ежелгі ел мекені,

Ертегідей –

Кешегі Кенесары көзі көрген.

 

 

Таптың ба,

Жемқорлықтың бір төлемін.

Айтсаңшы,

Қайда барып гүл теремін…

Баяғы Құлагерді құлатқандай,

Балтаңды сұлулыққа сілтемегін!

 

Бұл-дағы содан қалған

Бір белгі еді.

Көк талды құртып болып

Қыр – белдегі

Билікті

Біреу

Қолға алғаннан соң,

Килікті

Сұртаңдайдың сұр мергені.

 

Тыйылып –

Тізгініңді

Тым ірікпей,

Көктемнің

Күйге толы күні бітпей…

Балтаңды қолыңа ұстап,

Қарайсың сен,

Бетіне сұлулықтың шімірікпей.

 

Қорласаң сұлулықты

Ақын ғаріп.

Жүрегің дауаламай,

Жақын барып…

Табиғат сыйға тартқан

Сұлулықты –

Қиясың

Қалай ғана дәтің барып!

 

ХХХ

 

Дүние – жалған

Айта берсе –

Көп себеп,

Тақап қалды,

Ажал шіркін өкшелеп.

Қалған жерде

Бір Құдайдан

Тілерім:

-Бар қызығым –

Бурабайда өтсе…деп.

 

Мұндай жерді кім табады,

О, тегі…

Бұл Бурабай –

Серілердің мекені.

Ғашығыңа құмар болсаң,

Дүние-ай,

Бурабайға –

Бір түнесең,

Жетеді!

 

Оған мынау,

Көркем – кербез

Жер себеп.

Ханның тағын

Еншілеген –

Ел себеп.

Бұдан былай –

Бала-шағам,

Ұрпағым –

Бурабайдың бар қызығын

Көрсе!- деп.

 

Асыл жандар болғанменен,

Қанша көп.

Жақсылыққа апаратын –

Жол себеп.

Табиғатқа тартып туған

Ұрпағым –

Бурабайдай –

Еркін,

Ерке, – болса! – деп.

 

Әрбір шырша – Кенесары туындай,

Көлін көрсең

Тұра алмайсың жуынбай.

Күмбезіне ұялайды

Күн көзі –

Сарыалтынның шашыраған буындай.

 

Ата қоныс –

Абылайдан басталған,

Мекен еткен Кенесары хас тарлан.

Бұл Бурабай –

Алқасындай Алланың

Қазақ үшін тастай салған аспаннан.

 

Бурабайда жүрмін мен…

 

ХХХ

 

Бурабайда жүрмін мен,

Сәуір айы.

Жүз құбылып тұр екен –

Ауа райы.

Сарыарқаның төсінде болса-дағы,

Алатауға ұқсайды баурайы.

 

Әлсін-әлсін

Төбеден қар ұшқындап.

Қиялыңды

Қияға жарыстырмақ.

«Әу!» деп қалсаң,

Әуеге іліп алып,

Әкетуге дайын тұр –

Ғарыш таңдап.

 

Кең дала тұр –

Көктемнің гүлін аңсап.

Бола ма деп,

Жадырап,

Жылынар шақ.

Алаңдайды табиғат

Тыңдасам деп,

Ақан сері,

Біржан сал үнін аңсап.

 

Махаббаттың өзіндей,

Ол да – мәңгі.

Үзік-үзік үмітің жалғанады

Бұлтпен бірге

Айналып кете алмай жүр,

Серілердің баяғы салған әні.

 

Қанат қағып,

Қылтиып – гүл сабағы,

Шуағымен сәуірдің бусанады.

Салған әннің сарыны

Сарыарқада

Бұлтпен бірге жылайды –

Мұң шағады.

 

Қамыққандай қарайды

Ол да – аспаннан.

Жаңбыр жаумай бұлт жолы болмас тамам.

Жасын төгіп алатын

Бусанғанда –

Бурабайдың

Бұлты да – жолдас маған.

 

ХХХ

 

Баурайы

Бурабайдың тұр мұнартып.

Басына қарамайды кім құмартып.

Жалғанның төрт бұрышын шарласам да,

Өткізген өзіңдегі бір күн артық.

 

ХХХ

 

Бұл менің

Бұлттан асқан

Бурабайым.

Бақ тілеп –

Батқан күнім,

Туған айым.

Тасыңа ақын болып өлең жазып,

Басыңа батыр болып,

Ту қадайын!

 

 

ХХХ

 

Табиғатта болмай тұр

Тұрақ мүлде.

Қоярыңды білмейсің сұрақ кімге?

Кеше ғана жадырап, жайнап тұрған,

Бурабайға –

Қар түсті,

Бірақ күнде!

 

ХХХ

 

Тәнінен

Табиғаттың ерік кетті.

Қар жауды да,

Қайтадан еріп кетті.

Түнеріп,

Тұнжыраған қалпын бұзып,

Қуандым –

Жаңа ашылған

Көріп көкті.

 

Арудың кезіккенмен

Қаншамасы.

Көңілдің сол секілді

Аңсар асы.

Туған Ай,

Шуағымен аймалаған,

Бурабай –

Жүрек сөзі,

Жан саясы.

 

 

ХХХ

 

Таппадым бір-біріне разы жан,

Баз кешіп тіршіліктің тұрағынан.

Бүгінгі Ақан сері мен болайын,

Көңілімнің Көкшетауы құлазыған.

 

ХХХ

 

Көкшетаудың

Құзына ғашықпын –

Қашан басына шығар екем?

Көкшетаудың

Қызына ғашықпын –

Қашан жанымды ұғар екен?!

 

ХХХ

 

Көңілім әлі күнге алаң қанша,

Жазуға жалықпас ем,

Қалам болса.

Мәңгілік сұлулықты іздер едім,

Көкшетау жер бетінде жаралмаса.

 

Көкшетау –

Мәңгілікке ол тұрағым.

Ақынға дем беретін

Дерті қалың.

Армансыз

Аман – есен жүрейін деп,

Ауаңды көкірегіме толтырамын.

 

ХХХ

 

Көкшетау –

Жерұйықтың мекенінде.

Алаңдап

Күнде осылай өтемін бе?!

Арман не,

Бар сырыңды біліп алсам,

Бұқпаның

Бұғып алып етегінде!

 

ХХХ

 

Сен – шыңсың,

Сол шыңдағы

Сен шынарсың.

Егіздей бөлінбеген

Енші қалсын.

Армандап бір

Аруды жүруші едім,

Сол ару,

Беу, Бурабай,

Сен шығарсың!

 

Ұмтылсам қол жетпейтін шынардайсың,

Көрмесең тағы шыдап тұра алмайсың.

Арудай

Арбайсың да,

Құмар қылып,

Әйтеуір,

Құшағыңнан шығармайсың.

 

Кеудеңді

Кеулеп кіріп

Ескен желі,

Бурабай түсірмейді еске нені?!

Өйткені –

Алты ай қыста –

Сағындырып

Көктемі Бурабайдың

Кеш келеді!

 

ХХХ

 

Бурабай –

Босағам да,

Төрім де сен,

Көркіңді күнде

Көрсем ерінбес ем.

Ару қыз –

Қиялымнан кетпей жүрген

Келісті –

Кербез де сен,

Керім де сен!

 

ХХХ

 

Табиғи –

Тылсымыңды ұққым келіп,

Байланып сұлулыққа тұтқын болып.

Мен өзім –

Бурабайға барсам болды

Тұрады –

Бір биікке шыққым келіп.

 

Аласың тілін тапсаң

Тастан да ақпар.

Қанатың сау тұрғанда аспандап қал.

Басына Оқжетпестің шығам десең

Тұр әне,

Қатпар-қатпар баспалдақтар.

 

Көк белес, аман болса,

Күрең белім.

Заяға кетпес менің бұл еңбегім.

Көрдім мен,

Шен-шекпенін киіп алып

Төсіңде –

Шенеуніктің шіренгенін.

 

Шетінен өңшең жемқор,

Ұры-қары.

Құдайым аулақ қылсын

Түрін әрі.

Әзірше, сайран салып жүргенменен,

Бір күні –

Белгілі ғой ұрынары.

 

Бурабай

Жеткізуге алғысымды

Кеземін

Жасыл – жайлау,

Қарлы шыңды.

Қолыма қаламымды қару қылып,

Қорғаймын

Қорқаулардан

Аң – құсыңды!

 

 

Бурабайдың бұлттары

 

Жәй жүрмейді жұрт – дағы,

Ән тиегін ағыстап…

Бурабайдың бұлттары

Бұйығы емес,

Шабытты!

 

Қастер тұтам өз басым,

Тауды және даланы.

Кейде тіпті көз жасын

Төгіп-төгіп алады.

 

Жыламайды егіліп,

Сұрамайды кешірім.

Қабырғасы сөгіліп,

Қайғы жұтпас осы күн.

 

Көк толқынмен тербеліп

Самал желі жиі ұрып.

Бурабайға келген бұлт

Тұра бермес түйіліп.

 

Сұлулықты әспеттеп,

Жұпар шашып азырақ

Шыға келер әп-сәтте

Күннің көзі жадырап.

 

ХХХ

 

Есімде,

Ес тандырған –

Ерке күнім.

Бәлкім, ол,

Серілігім – серкелігім.

Білмеймін, келсем саған

Беу, Бурабай

Ішіне еніп кетем ертегінің.

 

Алтын күн тарамаса нұры жұртқа,

Ақ көңіл,

Ақын жаны сыр ұғып па?

Мен сенің сұлулығыңды көріп тұрып,

Қалайша бас имеймін –

Ұлылыққа!

 

ХХХ

 

Көріңдер Бурабайды күз кезінде,

Алайда аңдамаймыз біз кезінде.

Көлдері тамып түскен жас секілді,

Мөлт етіп тұнып тұрған қыз көзінде.

 

ХХХ

 

Бурабайдың бір күні,

Бүкіл әлем тірлігі.

Бүтін жатқан секілді,

Бүкіл дүние құрлығы.

Бәрін көзбен көрсең ғой,

Қолыңа алып дүрбіні.

Жүрегіңнен жауғанда –

Жыпырлаған

Жыр гүлі!

 

Бөлектау

(Қасым Тәукеновке)

 

Жамылған торғын көрпе,

Желек бауы,

Көкшенің

Көзге түсер

Бөлек тауы,

Тұрғандай дәл қасыңда көрінгенмен,

Жаяулап жол жүресің ежептәуір.

 

Ұшырған қиясына құсың жетсе,

Тылсымын құлшынасың түсінбекке.

Төбесі аса биік болмаса да,

Көрінер қарағанда –

Бүкіл Көкше.

 

Бағзыдан

Бастау алған

Жол басындай.

Баяғы біз білмеген сол ғасырдай.

Асқары –

Арқарлардың мекеніндей,

Тастары –

Құйып қойған қорғасындай.

 

Бөлектау

Қалай тағам атыңа сын.

Аспаннан бір періште бақыласын.

Көргенде көз алдыма елестеттім,

Басында –

Қасым аға тақиясын.

 

Тақия болғаннан соң қасиетті,

Киетін

Киелі жан –

Асыл текті.

Абылай,

Кенесары жүрген жерде,

Қаншама содан бері – ғасыр өтті.

 

Шынында қанша заман озған бастан,

Міз бақпай сол қалпынан қозғалмастан.

Тігісі тақияның сөгілмеген –

Жер түгіл, одан бері –

Тозғанда аспан.

 

Жаз түгіл,

Дауыл тыныш – қыс та мұнда,

Көктемде төтеп берер

Күшті ағынға.

Болса да бас киімнің неше түрі –

Мәселе –

Тақияға ұқсауында.

 

Білемін Бөлектауды жер төсі деп,

Жалғасқан жан-жағында өркеші көп.

Көп ұлдың ішіндегі – жалғыз қыздай,

Көрінер барлық таудың еркесі боп.

 

Жиегі зерлегендей жасыл желек,

Шертетін шежіресінен ғасыр дерек.

Қадірін тақияның білу үшін,

Біздерге асыл аға –

Қасым керек.

 

Қырандар қиясына ұя салған,

Жасырын алтын көмбе жия салған.

Көкшенің серілеріне тәбәрік қып,

Табиғат өзі бізге қия салған.

 

 

Бұл таудың жазы – жайсаң,

Қыста – жайлы.

Тарихы сан ғасырды нұсқалайды.

Таулары Бурабайдың

Бөлек – бөлек,

Нәтінде, бір-біріне ұқсамайды.

 

Тас емес,

Тұла бойы құрыш шығар.

Керемет –

Кеудең толы ырыс шығар.

Өзіңше –

Ойға түсіп, мұңға батып,

Қосылмай тұрғаннан соң басқа тауға,

«Бөлектау» аталғаны дұрыс шығар.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды