©2018 Астана Ақшамы
Бұқараны бірлікке бастаған спорт күні
Тамыздың үшінші жексенбісінде еліміз бойынша спорт күні тойланады. Айтулы күн бұл жолы Рио Олимпиадасының жабылуымен қатар келді. Төрткүл дүниенің алдында топ жарған отандастарымыздың жеңісімен жігерленген жұрт спорт күнін тамаша көңіл-күймен атап өтті.
Әсіресе, елордада ұйымдастырылған шаралар бұқараға ерекше бет бұрғызды.
Астанада спорт күнін мерекелеу 12 тамыздан басталып кетті. Елордалықтардың бірігіп, шынығуына бастаған бас-аяғы 21 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл көңілді жарыстарға барлығы 3 мыңға жуық халық қатысты.
– Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спорттық жарыстарға қатысушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Биыл Астананың түкпір-түкпірінде футбол, волейбол, теннис, веложарыс, қазақ күресі, кір тасын көтеру, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ секілді спорттың 19 түрінен көптеген сайыстар өтті. Спорт күні қарсаңында бірнеше спорт кешендерінде қала тұрғындары тегін жаттығу мүмкіндігіне ие болды. Осындай шаралардың арқасында салауатты өмір салтын ұстанатын астаналықтар саны арта түседі, – дейді қалалық Бұқаралық спорт іс-шараларын өткізу дирекциясының басшысы Азамат Хамзин.
Шаһар жұрты спорт күні саябақтар мен аулаларға қоса, су бетінде де сынға түсті. Демалыс күні Есілдің айдынына 110 адам байдарка мен каноэ есуге шықты. Бұл елордада су спортына да көп көңіл бөлініп отырғандығын аңғартады.
Сондай-ақ, «Қазақстан» спорт кешенінде дзюдошылар өзара сайысқа түсіп, көпшілікке шеберліктерін көрсетті.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ