«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бұлшық етін баптаңыз

0 33

Техника мен технология дамыған бүгінгі заманда көп адамдар жұмысты үстел басында, шектеулі қозғалыс жағдайында атқарады. Жұмыс орнына барғанда, үйге қайтқанда көлікті пайдаланып, белсенді қимыл-қозғалыс жасамайды. Бұлшық еттердің тәулік бойына, апталап, айлап, тіпті ондаған жылдар бойы қажетті мөлшерде салмақ түсіріп, жұмыс істемеуінен тінаралық ұсақ тамырларға тиісті мөлшерде немесе тіптен қан бармайды.

Адамның даму барысында басқа мүшелер мен ағзаларға қарағанда бұлшық ет массасының өсуі жылдам жүреді. Бұлшық ет адам денесінің, оның ішінде жаңа туған баланың 23 пайызын, 8 жасар баланың 27 пайызын, 15 жасар жасөспірімнің 32 пайызын, 18-20 жасар жігіттің 44 пайызын құрайды екен. Адамның сүйе­гінің өсуі, бұлшық етте­рінің толысуы, гормондық дамуы қолайлы тұрмыстық, экологиялық, әлеуметтік-экономикалық ортада 25 жасқа дейін табиғи жолмен жүзеге асады.
25 жастан кейін, жаттығусыз пассивті өмір салтын ұстанған жағдайда, әрбір 5 жыл сайын бұлшық ет тал­шықтарының диаметрі жіңіш­кере бастайды екен. Бас ауруымен емханаға келген жастарға (20-25 жастағы) дәрігерлер аурудың себебін анықтай алмағанда астено-вегетативтік, идиопатиялық синдром немесе этиологиясы белгісіз бас ауруы деген жорамал диагноздар қойып, бас ауруын кез келген синдромға тіркеп, скелет бұлшық еттерін қимыл-қозғалысқа түсірудің орнына ауруды бәсеңдететін әртүрлі фармацевтикалық препараттар ұсынады. Бұл синдромдардың көбінің себебі ми қан тамырларындағы қанның құрамында оттегінің аз болуынан. Бұлшық еттердің белсенді жұмысының бәсеңдеуіне байланысты ең алдымен барлық мүшелер мен тіндерге қоректік орта болып табылатын оттегімен байытылған қанды жеткізетін ұсақ тамырлар сола бастайды. Бұл құбылысты адамдар ерте кезден байқаған. Ол туралы біздің заманымыздан бұрын өмір сүрген көне дәуірдің ойшылы Аристотель «Дене мүшелерінің ұзақ уақыт қозғалыссыз болуы адамды жүдетіп, тәнін бұзады» деген екен.
Аяқ бұлшық еттерінің қуатын қалпына келтіру арқылы жоғарыда айтылған аурулардың алдын алуға болады. Көптеген дәрігерлер диагноз қою барысында бұл факторды ескермейді. Бұлшық еттердің ең алдымен ми мен жүрек үшін транспорттық функциясы туралы тек физиологтар ғана айтады.
Адамның есте сақтау, ойлау қабілеттерінің төмендеуі белсенді күштік қимыл-қозғалыстың тоқтауынан болады. Егер бұл қатердің алдын алмаса, уақыт өте ақыл-естен айырылуға (Синильдік деменция, Альцгеймер ауруы) әкеп соқтырады.
Ми – адамның ақыл-ойын басқаратын негізгі орган. Адамның барлық клеткалары сияқты ми да қан арқылы қоректенеді. Алайда жүректей емес. мида бұлшық еттер болмайды. Сондықтан бастағы қан айналымының жылдамдығы мен көлемі иықтың, жаға белдеуі бұлшық еттерінің қызметіне тікелей байланысты. Иық, жауырын бұлшық еттері кызметінің қалыпты болуы, әсіресе, жүрек қызметінің әлсірейтін, жасы 40-50-ден асқан уақытта өте маңызды.
Үлкен және кіші қан айналымы шеңберлеріндегі қанның жүру жылдамдығы мен көлемін арттыру үшін, жүрекке жәрдемдесу мақсатында, адам денесіндегі жоғарғы және төменгі тірек-қозғалыс бұлшық еттерінің қызметі осы уақытта бірінші орынға шығуы керек.

Хамитбек МАХМҰТОВ,
жоғары санаттағы дәрігер, нейрохирург

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды