«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек

Дауыс беру күнгі елордадағы ерекше оқиғалар мен елеулі деректер

0 17

Елордада 238 сайлау учаскесі жұмыс істеді

9 маусым күні ел­ордада 238 сайлау учас­кесі ашылып, онда 3 мыңға жуық сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оқушылар сарайындағы №58 учаскеде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана Опера» театрындағы №115 учаскеде, Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Оқушылар сарайындағы №58 учаскеде, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин Ұлттық кітапханадағы №111 учаскеде, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов «Астана» концерт залындағы №138 учаскеде дауыс берді.

 

Жапониядағы отандасымыз – ең бірінші

Географиялық жағынан орналасу ерекшелігіне байланысты Токио мен Сеулдегі сайлау учаскелері ең бірінші ашылған. Жапонияның Васэд университетінде оқып жатқан отандасымыз Ілияс Құрманғали алғашқы дауыс беруші ретінде тіркелді. Жалпы, бұл күні шетелдегі 48 сайлау учаскесінде 8322 қазақстандық дауыс берген. Оның арасында қазір Ұлыбританияда жүрген спортшымыз Илья Ильин де бар.

Атамекенге оралғандар алғаш рет дауыс берді

Шетелдерден атажұртқа оралып, Қазақстанның азаматтығын алған кейбір қандастарымыз биылғы сайлауда алғаш рет дауыс берді. Солардың бірі – Қытайдың Шыңжаң өлкелік телевизиясында 15 жыл бойы журналист болып қызмет еткен Қуаныш Ілиясұлы. Ол жары Майрамен бірге №136 учаскеге келіп дауыс берді. «Бұл күн біздің отбасымыздағы ұмытылмас күндердің бірі болып қалады. Себебі біз басқа елде, басқаша жүйедегі мемлекетте өмір сүрдік» деді қандасымыз.

Тұңғыш рет қатысқандарға сыйлық табысталды

Биыл алғаш рет дауыс берген елордалық жастарға айтулы күннен естелік ретінде футболка, кітап, кепка секілді сыйлық берілді. Мәселен, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Аслан Асқардың 18 жасқа толған туған күні Президент сайлауымен тұспа-тұс келіпті. «Әрбір патриот өз елінің болашағына жауапты. Бүгін маған алғаш рет сайлауға келіп, өз таңдауымды жасаудың мүмкіндігі туды. Құрдастарымды да өздерінің азаматтық міндеттерін орындауға шақырамын» деді ол.

30 сәби дүниеге келді

Сайлау күні түске дейін Нұр-Сұлтан қаласының перинаталды орталықтарында 30 бала өмірге келді. Олардың 15-і – ұл, ал 15-і – қыз. «Дауыс берушілер таңғы сағат 7.00-ден бастап келді. Бір сағаттың ішінде 100-ге жуық адам дауыс беріп үлгерді. Олардың ішінде қызметкерлер де, жүкті әйелдер мен босанған аналар да бар» деді №2 перинаталды орталықта орналасқан №208 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі Динат Қожекенов.

200 астаналық волонтер жұмылдырылды

Елордалық сайлау учаскесінде жалпы саны 200 астаналық волонтер жұмыс істеді. Олар мүмкіндігі шектеулі дауыс берушілерді қарсы алып, ғимаратқа кіргізіп, қажет болған жағдайда кеңестерін берді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық сайлау учаскесінде автокөлік тұрағы, сүйеніштер мен пандустар, лифтілер, тактильді көрсеткіштер, дауыс беруге арналған арнайы кабинкалар сияқты қажетті жағдайлар жасалды.

Сайлау учаскесінде некелерін қиды

Сайлау күні үйлену тойымен қабат келген елордалық жас жұбайлар да өздерінің азаматтық міндеттерін орындаудан қалыс қалған жоқ. Мирас Әбдіраxман мен Жәнел Бердалинова жұбы тұп-тура тойларының алдында №35 мектеп-лицей ғимаратында орналасқан №142 сайлау учаскесіне келіп, өз дауыстарын берді. Жастардың айтуынша, үйлену тойының күні әдейі сайлау күнімен орайластырылып белгіленген екен. Айтпақшы, жастардың неке қию рәсімі де осы сайлау учаскесінде өтті.

Балалар да қызығушылық танытты

Сайлау учаскелеріне ата-анасымен не ересек туысымен бірге ілесіп келген балалардың да сайлау процесіне ерекше қызығушылық танытқандары байқалды. «Кейбір балалар ата-анасынан «Президент болуға кімдер қатысып жатыр? Суреттері қайсы?» деп сұрап та жатты. Оларға учаскеге кіреберісте ілулі тұрған үміткерлердің суреттерін көрсеттік. Кейбір балдырғандар анасымен не әкесімен бірге сайлау кабинасына кіріп, олардың толтырған бюллетендерін өз қолдарымен жәшікке салды» дейді астанадағы №142 сайлау комиссиясының төрағасы Талғат Ахмединов.

19 заң бұзушылық анықталды

Еліміздегі сайлау учаскелерінде 19 заң бұзушылық оқиға тіркелген. Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың айтуынша, олар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында болған. Заң бұзушылықтардың қатарында заңсыз үгіт жүргізу, бір адамға бірнеше бюллетень беру, жәшікке екі-үш бюллетеннен салу секілді деректер бар. Мысалы, Президенттікке кандидаттың бірінің үгіт материалдарын қасақана зақымдау фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына айыппұл салынды. Сондай-ақ осы күні заңсыз наразылық акция­сына қатысқан 500-дей адам (Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша) ұсталды. «Мұндай әрекетке Қылмыстық кодекстің баптары бо­йынша процессуалдық баға беріледі. Қарсылық шарасын ұйымдастырушылар анықталып, қатаң жазаға тартылады. Елордадағы қақтығыста үш полицей жарақат алған» деді Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды