«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

БҰЛ КЕҢЕС ҰЛТТЫҚ ДИАЛОГТЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУЫ ТИІС

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылудағы мақсат-мұраты, оның құрамы, негізгі атқаратын миссиясы, билік пен бұқараның арасындағы диалог және ұлттық диалог туралы біз бүгін газет мінберінен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы, Қазақстан кәсіподақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Ерлан САИРОВҚА сөз кезегін беруді жөн көрдік.

0 11

Кеңес қайтсе өз міндетін орындайды?

– Ерлан Бияхметұлы, қазір ұлттық баспасөз бен әлеуметтік желілерде: «Бұл кеңес қай кеңес? «Тоқаевтың кеңесі» халықтың үмітін ақтай ма?» деген сауалдар қызу талқылануда. Бір тарап бұл кеңесті «қоғамда қордаланған мәселелерді шешуге ықпал ететін тетік» деп бағаласа, екінші «бір тарап бұл биліктің айтқанынан шықпайтын азаматтарды топтастырған жай жиын» деген пікір айтуда. Сіз бұл тараптардың қайсысының ұстанымын қолдайсыз?
– Бүгінгі таңда біздің қоғамға ең қажет нәрсенің бірі – плюрализм. Осындай жаңадан құрылып жатқан құрылымдарға адамдардың күдікпен қарауы – ол заңды. Бірден бас шұлғып: «Ойбай, мынау айды аспанға шығарады» деген ұстанымнан сақ болу керек. Бұл кеңестің құрылуы – біздің мемлекеттің билік пен бұқараның арасындағы бір байланыстың қажет екендігін түсінуінің ең бірінші қадамы. Өйткені тәуелсіздіктің 29 жылында «елімізде тұрақтылық болуы керек», «бірінші – экономика, содан кейін саясат дамуы керек» деген ұстаныммен өмір сүрдік. Сайып келгенде, әлеумет те, экономика да ойлағанымыздай болмады. Осы жылдарда елімізге әкелінген инвестициялардың қайда жұмсалғаны да белгісіз. 29 жылдағы өкініштердің барлығы қоғам, әлеумет дамуы үшін ең алдымен билік пен бұқараның арасында ашық диалогтың болуы қажеттігін көрсетті. Сондықтан бұл кеңес қажет.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өте күрделі саяси-экономикалық жағдайда жұмысын бастайын деп отыр. Кеңес қайтсе өзінің мінде­тін орындайды? Бұл құрылымға қа­рапайым азаматтардың сенімі қалай ұялайды? Әрине, кеңес нақты бір мәселелерді шешетін болса. Мысалы, еліміздегі төрт заңға: «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бейбіт жиындарды, шерулерді, демонстрациялар ұйым­дастыру және өткізу туралы», «БАҚ туралы» заңдарға өзгеріс енгізуіміз керек. Неліктен? Себебі соңғы 10 жылда осы заңдарға енгізілген өзгерістердің бәрі біздің Ата Заңымыз­ға қайшы келеді. Халықаралық стандарттарға сәйкес емес. Халыққа өзінің ашық ой-пікірін билікке жеткізуге пәрмен бермейді. Яғни халық қазір бір консерві банкі­нің ішінде жатқан сияқты күй кешуде. Қоғамға осындай ауа жіберуіміз керек. Менің ойымша, кеңестің ең бірінші қарайтын мәселесі осы болуы тиіс. Егер осы мәселе шешілетін болса, онда кеңестің миссиясы орындалды деуге болады. Ондай жағдайда бұл институт басқа бір институтқа трансформацияланады.
– Сонда кеңес ең алдымен қандай мәселелермен айналысады?
– Елімізде бүгінге дейін қордаланып қалған көптеген әлеумет­тік мәселелер бар. Мысалы, Қазақ­стан суицид бойынша Орта Азия елдерінің ішінде 1-орында тұр. Жылына 600 адам өзіне-өзі қол жұм­саудан көз жұмады. Дені – бала­лар. Қазақстандағы еңбек-әлеу­­меттік қатынастарында өте үлкен деформация бар. Өндіріс­тегі апаттарға қатысты мынадай статистиканы келтірейін. Елімізде жыл сайын 1,5 мың адам өндірісте мүгедек болып қалады. Оның 200-і
өмірмен қош айтысады. Бұл бір майданнан келіп жатқан статис­тика сияқты. Кейбір шетелдерде белгілі бір жанжалдардың айналасында жылына осыншама адам қайтыс болмайды. Яғни мұндай жағдай еліміздегі өндірістік қатынастардың жетілмегенін көрсетіп, оған басқаша көзқараспен қарауды талап етеді. Тағы бір мәселе – әлеу­меттік аурулармен ауыратындар саны көбейді. Оған құрт ауруы, жүрек-қан тамырлары аурулары және т.б. жатады. Мұның бәрі адамдардың күнкөрісінің төмендігінен пайда болады. Қазақстанда 2 млн адам жүрек ауруымен ауырады, бұл – халықтың 10 пайызға жуығы. Және бұл дерт жасарып келеді. Міне, кеңесте осындай әлеу­меттік маңызы зор мәселелерді қарауымыз керек.

Бұл кеңес – саяси трансформацияның құрамдас бөлігі

– Ереке, бұған дейін де бізде бірнеше кеңестер болған. Екі мемлекеттік комиссия, жер шерулері жөніндегі ұлттық комиссия деген болды. Бірақ солар кезінде құрылып, артынан таратылды. Неге олар Сіз айт­қан әлеу­меттік мәселелерді шешпеді? Бұл кеңес те солардың кебін киіп жүрмей ме?
– Жер комиссиясы нақты бір мәселені шешті. Жерді сатуға мараторий қойды. Ол әлі жалғасып келеді. Саяси-әлеуметтік мәселелер жөніндегі екі мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс істеді. Бірақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ол комиссиялардан бір айырмашылығы бар. Қазір
халықтың саяси белсенділігі күшейіп, еліміздегі саяси жүйені либералдандыруға деген сұранысы артты. Мұны әлеуметтік желілерден көруге болады. Біз бүгін билік транзитін бастан кешіріп жатырмыз. Бұл кеңесті билік транзитінің бір құрамдас бөлігі деп қарастыр­ған абзал.
– Билік транзиті деген сөзге Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың өзі қарсылық білдірді емес пе?
– Онда трансформация, не реформа дейік. Қарапайым тілмен биліктің өзгеруі, ауысуы деуге болады. Ол әрі қарай жалғасады. Қазіргі кезде біздің Парламент, Үкімет тәрізді биліктің институттары толық жұмыс істемей тұрған шақта жаңадан пайда болған осындай құрылым елдегі саяси реформаны әрі қарай іске асырудың бір тетігі болуы мүмкін. Өйткені кеңеске мүше болған әр азамат – өзінің ашық, жеке пікірін, ұстанымын халыққа айтып жүргендер. Сол себептен алғашқы жиында-ақ еліміздегі әлеуметтік, экономикалық, гуманитарлық мәселелердің бәрі көтерілуі мүмкін. Соған сенемін.

Қазақстандағы 12 млн адам – кеңестің мүшесі

– Кеңестің құрамына қатыс­ты қоғамда әлі де күдік-күмән көп. Неге бұлай? Неліктен осы кеңеске кеше шеруге шыққан жұрттың, көпбалалы аналардың өкілдері, ауылдағы қарапайым жұмысшылар, ғалымдар, әлеуметтік ахуалы төмен мұғалімдер мен дәрігерлер кірмеген?
– Мен тарих пәнінің мұғалімімін. Кезінде осы мамандық бойынша жұмыс істедім. Ал қазір Қазақстан кәсіподақтар қауымдастығы төрағасының орынбасарымын. Біз бұл жерде барлық мұғалімдердің, дәрігерлердің, қарапайым жұмысшылардың мүддесін қорғаймыз. Екіншіден, мүшелік деген догма емес. Өзгеріп отыратын нәрсе. Кеңестің хатшысы Ерлан Қариннің өзі кеңес құрамының алдағы уақытта өзгеруі ықтимал екенін айтты. Сондықтан мүшелікке қоғамдағы тағы бір азаматтарды ұсынса, оны қабылдауда ешқандай проблема болмайды. Үшіншіден, әр азамат кеңеске мүшелікке кіруі үшін әуелі оның жұмысы дұрыс болуы шарт. Кеңес нақты жұмыстарды атқарып, халықтың сеніміне кірген кезде кейбір азаматтар: «Бұл кеңеске біз де мүше болайық. Бұл жерде нақты мәселелер шешіледі екен» деп шешім қабылдауы мүмкін. Кеңес жұмысын бастаған кезде бәрі белгілі болады. Тіпті кейбір азаматтар: «Мен бұл жерге осындай мәселемен келіп едім. Ол толық шешілді. Енді мүшеліктен шығамын» деуі мүмкін. Қазір сырттан тон пішпей-ақ қояйық. Бірақ кеңестің құрамы кеңеюі мүмкін. Айтайын дегенім, біз қазір әлеуметтік желілер, цифрлық технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан жария етілген 42 адам ғана осы кеңестің мүшесі деген тұрпайы ойдан аулақ болған жөн. Қазақстанда 12 млн ересек азаматтар бар, солардың бәрі кеңестің мүшесі болып табылады. Өйткені олар ғаламтор, әлеуметтік желілер арқылы жаңа құрылымның жұмысын бақылап отырады. Өзінің ой-пікірін жеткізеді. Жуыр­да ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев: «Біз халықтың пікіріне құлақ асатын мемлекет боламыз» деп мәлімдеді. Шымкенттің бұрынғы әкімін қыз­метінен алып тастағанда осы сөздің шындыққа айналғанына куә болдық. Бұл – халықтың ойын тыңдау, пікірімен санасу деген сөз. Меніңше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі әр адамға ашық болып, халықтың мүддесін іске асыратын тетік болады. Ешқандай пессимизмге берілудің керегі жоқ. Ең бастысы, кеңес жұмысы басталғанда бет-әлпеті көрінеді. Ең маңыздысы, ол жерде елімізде бүгінге дейін шешілмей келген ең түйткілді саяси, әлеуметтік мәселелер ашық талқыланып, шешімін табады.

Кеңестің негізгі миссиясының бірі – ұлттық диалогқа негіз қалау

– Ереке, сонда билік пен бұқараның диалогы не туралы болмақ? Диалог неден басталып, немен аяқталуы керек?
– Нақты диалогқа келетін болсақ, бізге саяси реформаларды жүзеге асыру керек. Саяси реформа дегеніміз – мен жоғарыда айтқан төрт заңды өзгерту, елдегі саясаттың өзін әртараптандыруға ұмтылатын кез келді. Бізде саясат елорда мен Алматыда ғана жүреді. Аймақтардағы саяси үдерісті дамыту керек. Мәселен, облыстық мәслихаттардың құқықтарын кеңейтіп, жергілікті жердегі депутаттардың кәсіби тұрғыда жұмыс істеуіне жол ашатын уақыт жетті. Аудандық мәслихаттардың да құзыретін кеңейтейік. Қазақстанда соңғы 19 жылда өзін-өзі басқару механизмі әлі енгізілген жоқ. Әлі күнге дейін тек эксперименттер жасаумен жүрміз. Егер өзін-өзі басқару тетіктерін енгізетін болсақ, көптеген саяси мәселелер жергілікті жерде шешіледі. Бұл саяси үдерісті әртараптандырудың жаңа бір бағыты болуы ықтимал. Міне, осындай мәселелер шешілсе, халық биліктің біраз тетігін өз қолына алады. Қоғамның рөлі артады. Елдегі саяси жүйеде белгілі бір тепе-теңдік пайда болады.
– Сіз қазақ қоғамына ұлттық диалог керек дегенді жиі-жиі айтып жүрсіз. Ұлттық диалог мәдениеті қалай қалыптасады? Ол үшін қандай да бір алғышарттар бар ма?
– Әлеуметтік желілерге назар аударып отырсақ, бір-бірінің ой-пікірімен келіспейтін екі адам жау болып кетеді. Ол дұрыс емес. Біз қоғамда плюрализмнің, пікірлер қайшылығының мәдениетін жасауымыз керек. Яғни екі адам бір-бірімізбен келіспесек те, пікі­рімізді сыйлаймыз. Бір есте ұстайтын нәрсе, саяси, әлеуметтік, таптық көзқарастан жоғары тұратын ұлттық құндылықтар, ұлттық мүдде деген ұғым бар. Мемлекеттің ұлттық мүддесіне келгенде бәріміз бірігуіміз керек. Ұлттық диалог дегеніміз – осы. Мысалы, билік пен оппозиция ұлттық мүддеге келгенде ымырашыл, мәмілешіл болғаны абзал. Бізге осындай деңгейге жету керек. Меніңше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің негізгі бір миссиясы – ұлттық диалогтың негізін қалау.
– Салиқалы сұхбатыңызға көп рақмет!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды