Воскресенье, 20 Август 2017
-->

Бүгіннен бастап Астанадағы вокзал маңына көлік қою ақылы болмақ

Бүгіннен бастап Астанадағы вокзал маңына көлік қою ақылы болмақ. Қазіргі уақытта мұнда 251 орынға арналған автотұрақ қарастырылған. Жоба толық жүзеге асқан сәтте қоғамдық көлікке деген сұраныс 15-20 пайызға артып қана қоймай, вокзал аумағындағы көлік жүктемесі 20-30 пайызға азаймақ. Сонымен қатар, жол жүру ережесін бұзу оқиғалары шамамен 70-80 пайызға төмендейді деп күтілуде.

kbb_7728

Бүгіннен бастап Астанадағы вокзал маңына көлік қою ақылы болмақ. Қазіргі уақытта мұнда 251 орынға арналған тұрақ қарастырылған. Бұл туралы «Астана қаласының тұрақ кеңістігін басқару» жобасы аясында «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы Жанар Смағұловамен әңгімелескен едік.

– Дәл қазір елорда вокзалы аумағында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бүгінде вокзал маңы алаңында ақылы тұрақ енгізуге дайындық жұмыстары аяқталды. Аталмыш аумақ көліктерден тазартылып, арнайы белгілер сызылды. Ақылы тұраққа кірер кездегі уақыт пен қозғалысты есептейтін және нөмірлік белгіні анықтайтын жүйе орнатылды. Сонымен қатар, тұраққа қойылған автокөліктердің қауіпсіздігі де қатаң сақталған. Осы мақсатта бейнебақылау камералары іске қосылды және вокзалдың жаңа және ескі бөліктерінің бірінші қабатында паркоматтар орнатылды.
– Ақылы автотұрақ қанша көлікке лайықталған?
– Автотұрақ аумағында 250-ге жуық машина қоюға болады. Оның 9-ы – мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған орын, 20-ға жуық орын ресми таксомоторлы кәсіпорындардың өкілдеріне бөлінген. Аялдаудың алғашқы 30 минутында ақы алынбайды. Екі сағатқа дейін – 200 теңге, 12 сағатқа дейін – 1000 теңге. 24 сағатқа дейін – 1800 теңге, екінші тәулікке 2000 теңге төлеу керек. Сондай-ақ, ақылы автотұрақ аумағынан тыс, 100 тегін автокөлік қоятын орын бар.
– Ақылы тұрақтарға ақы төлеу қалай жүзеге асырылады?
– Алғашқы уақытта есептесу қолма-қол жүргізіледі. Одан кейін жүйеге банк картасымен және мобильдік қосымша арқылы төлеу қызметі қосылады. Аумаққа орнатылған арнаулы автоматтандырылған жүйе көліктің тұрған уақытын, нөмірін тіркеп отырады. Билетті жоғалтқан жағдайда, автокөлік иелері ескі теміржол вокзалының екінші қабатындағы ASTRA Park әкімшілігіне жүгіне алады.
– Жобадан қандай нәтиже күтуге болады?
– Әлбетте, күтіп отырған нәтижеміз көп. Мысалы, ақылы тұрақ қоғамдық көлікке деген сұранысты 15-20 пайызға арттыруға және вокзал алаңында жол желісіне түсетін жүктемені 20-30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жол жүру ережесін бұзуды шамамен 70-80 пайызға төмендететін болады.
– Жоба аясында қоғамдық көліктердің қызмет сапасы жақсаратынын айттыңыз. Осы ретте елордада автобустарды көбейту жоспарда бар ма?
– Біз қоғамдық көлікті қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде автобус парктерін жаңғырту жұ­мыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 358 жаңа автобус сатып алынды. Ал көктемге қарай тағы 380 жолаушылар көлігін әкелу жоспарлануда.
Тұрғындарға айтарымыз, егер жүргізушілердің тәртібіне байланысты қандай да бір арыз-шағым туындаса, байланыс орталығының 574-777 телефонына хабарласуға немесе паркоматтағы «Операторды шақырту» түймешесін басу арқылы оператормен тілдесуге болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*