«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бозоққа бір барарсыз, тарихқа зер саларсыз

0 90

Сөз басы

Тарихын ұмытқан ел – тамырынан ажыраған ағаш сынды, саяси тағдыр тісін ақситып күлген болып, қаттырақ назарын салса-ақ – солып, қурап қалуға, дауыл соқса, рухы сына кетуге бейім тұрады. Сондықтан да, әр халық тамырына қан жүгірткен тарих атты тереңінен нәр алып отыруға тырысады. Салт-сана, рух пен кие, қадір-қасиет, мақсат-мұрат сабақтастығын сақтайды.


Осы тұрғыдан келгенде, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасы мен Астана әкімдігінің Ескерткіштерді және тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауды қамтамасыз ету дирекциясы әзірлеген «Киелі Астана» картасы маңызды бастама екені даусыз. Бұл бағыттағы жұмыстардың қатарына, Астана аумағындағы Бозоқ қалашығын зерттей түсіп, ауқымды кешенге айналдыру мақсаты енгенін де ерекше атап өтуге болады. Қолымыздағы мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, ауқымды музей кешені бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. 2022 жылы мұнда «Бозоқ» деген атаумен жаңа музей-қорық пайда болуы қажет.

Бозоқ қалашығы қайда?

Бозоқ жайлы өз басым осыдан он бес жылдай бұрын естігем. Алайда орта ғасырлық бұл қалашықтың орнын тарихшы ғалым Кемел Ақышев 1998 жылы анықтап, алғаш рет 1999 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген екен. Рас, Ақышев «армиясы» қалашықты табу үшін Астананы айнала қазып шыққан жоқ. Қала орнын ол Бозоқ туралы 1820 жылы «Сибирский вестник» журналындағы мақаласында жазып кеткен патша әскерінің офицері, геодезист Петр Шангин көрсеткен деректер бойынша іздеп тапқан.
Сонымен, Бозоқ қалашығы жайлы оқып, естіп жүргеннен кейін оны барып өз көзімізбен көру біраздан бері арманымыз­ға айналған еді. Қаланың бүгінгі орны қандай? 1999 жылдан бері із суытпай, барып, зерттеп, көріп жүрген ғалымдар тағы қандай деректер тауып жатыр екен? Биылғы жылдан бастап Бозоқта археологиялық музей салу қолға алынады деп отыр, оның бүгінгі жай-күйі қандай? Оны өзгелерді қызықтыратындай бір игі экскурсия­лық орталыққа айналдыру мүмкін бе?
Осы сұрақтар дамыл тапқызбай, ақыры біз жолға шықтық. Әуелі, алар бағытымызды айқындап алмаққа, Бозоқ қалашығының орналасқан жерін іздеп көрдік. Бірақ ол ешқандай картаға енгізілмеген екен. Жөн сілтейді-ау деп сұраған адамдарымыз да оны білмейтін болып шықты. Орнықты жол сілтеген – әріптесіміз, белгілі журналист Аманғали Қалжанов қана. Әйтсе де, Астана қанатын кеңге жайып, қала өсіп, айналасындағы кейбір ауылдарды сіңіріп алып келе жатқандықтан, әріптесіміз айтқан тұстан дәл шығып, Бозоққа адаспай жету мүмкін емес еді…
Сонымен, Аманғалидің айтуынша, біз алдымен Үркер (бұрынғы Ильинка) шағын ауданын бетке алып жолға шығып кеттік. Қорғалжын тас жолымен тартып отырып, Үркерге жеткенше жол бойынан бағыт сілтеген нұсқаулық іздеп елеңдегеніміз рас. Бірақ, ондай тақтайша көзімізге көрінбеді. Бұрын Қабанбай батыр кесенесіне алғаш барғанымызда осындай бұлыңғыр мәліметтерді ұстанғанымызбен, жолда «Қабанбай кесенесі» деген үлкен тақтайша тұратынын естігеніміз бар. Сол тақтайша біздің адаспайтынымызға сенім тудыр­ған еді. Ал Бозоқтың әзірге ешқандай белгісі жоқ…
Үркерге жеткенімізде, расында, онда жаңа үйлер көптеп салынып, кей көшелеріне асфальт төселіп, инфрақұрылымы жағынан қалыптасу жайында жатқанына көз жеткіздік. Реті келгенде айта кетейік, коттедждер көп салынса да, бәрінің дерлік айналасында ағаш егілмеген екен. Әттеген-ай дедік, үй құрылысын бастағаннан әркім тым болмаса өз үйінің алдына бірер шыбық отырғызса, баспана толық дайын болғанша ол шыбығы ағашқа айналып, әжептәуір сая болуға жарап қалар еді ғой. Ауыл да анадайдан жап-жасыл болып, әдемі көрінбес пе еді?..


Хош. Біз әріптесіміз айт­қандай, осы Үркердің бір шеткі көшесіне мәшинемізді қалдырып, әрі қарай жаяу кетуге тиіс болатынбыз. Оның өзі қалашық орнына дейін екі шақырымдық жол екен. Мұнша жолды жаяу жүрген қиын да емес шығар, бірақ, бағытты дұрыс ұстанып, адаспай бару абзал. Әйтпесе, еш белгісі жоқ ай далада айналып жүріп, табан тоздыруымыз мүмкін.
Үркерге жеткен соң көшеде кезіккендерді тоқтатып, «Бозоққа қалай баруға болады?» деп сұрап көрдік. Бірақ, кездескеннің бәрі Бозоқ деген атауды бірінші рет естіп тұрғанын арланбай айтып, жөніне кете берді. Жарар, кейін Бозоқ музей болып ашылып жатса, ел де біле жатар. Әзірге бар жұмыс ғалымдардың ғана үлесінде тұр емес пе?
Үркердің о шетіне бір, бұ шетіне бір шығып жүріп, алыстан Бозоқтың белгісін іздеп көрдік. Бірақ, бізде кітаптардан және ғаламтордағы мәліметтерден көрген суреттердің елесі болмаса, нақты қандай да бір мағлұмат жоқ еді. Бір білсе, мектеп мұғалімдері білер деген үмітпен, сондағы үлкен білім ұясының алдына барып тоқтадық. Ғалымдардың жаңалықтарын елден бұрын естіп, мұғалімдеріне түсіндіріп, тым болмаса, тарих пәнінде ауыл іргесінде жатқан тарихи қалашықтың орнына балаларды апарып, көне ғасырлардың сабағын санасына жеткізе түсіндірер ұстаздар болса, қанеки! Бірақ, ондай кісі көрмедік. Бізге ұшырасқан мұғалімдердің бәрі дерлік «Үркерге жаңадан көшіп келгендер» болып шықты…
Бір қызығы, Бозоқты сұрастырғанда адамдардың арасындағы небір қауесетті құлағымыз шалды. Көшеде кетіп бара жатқан бір кісі «Үркерде музей үшін деп сақталып тұрған бос жер жоқ, Талапкерге дейінгі жердің бәрі сатылып кеткен» десе, бірі «қайбір кезде жапондар келіп, ауылдың сыртында қазба жұмысын жүргізгенін, кейін олар «мына жерге үй салуға болмайды» деп, ол жердің тарихи орын екенін айтып, кетіп қалғанын» айтты… Біз, әрине, жапондар туралы сөздің қайдан шыққанын сұрап уақыт шығындамадық. Ұзамай, бірі кісі алдымыздан ұшырасып, ерінбей бізге қаланың шеткі жағындағы бір тарихи орынға қалай баруға болатынын түсіндіріп берді. Бірақ, ол жердің атын білмейді екен. Сонда да бейтаныс кісінің айтуы бойынша кішкентай қағазға өзімізше «карта» сызып алып, сол бойынша ауылдан шығып кеттік…

Қалың қамысты кесіп өттік.
Көлшікті де кешіп өттік.

Мәшинені жолға қалдырған соң, Үркердің сыртын айнала басып жатқан судан өте алмай біраз жағалай жүрген едік. Қалың қамыс өскен бір жер бізге қолайлы көрінді. Қамысты су таяз болады деуші еді, рас екен. Аяқ киімімізді шешіп, тобықтан сәл асатын суды кешіп жүріп қамыс арасын жарып өтіп екінші жағаға шықтық. Біз ауылдың шетіне шыққанда алыста кетіп бара жатқан бір топ адам көрінген. Оларды Бозоқ қалашығын қазып жүрген археологтар шығар деп топшылағанымыз да рас. Ақпаратымыз анық болмаса да, сол топты бетке алып жүре бердік. Аяғымызға қысқа тікен шөптер оратылып, қолайсыздық тудырып жатыр. Жолда шұңқырлана біткен көлік дөңгелегінің ізі көрінді. Мәшине жүрген секілді. Бәлкім, қыста, жаңағы көлшіктер қатып жатқанда бұл жер жол болған шығар…
Алдымыздан тағы бір көлшік кезікті. Бағанағыдай емес, суы мөп-мөлдір екен. Түбіндегі тастары да, жағасындағы майда итбалықтары да анық көрініп жатыр. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, тағы да жалаң аяқ суды кешіп, екінші жағаға шықтық. Су тереңдігі 40-50 сантиметр ғана.
Алға жүрген сайын жердегі шөптің әр жерде әртүрлі екенін байқамау мүмкін емес еді. Әсіресе, қамысты судан өткеннен кейінгі шөптер мен мына көлден өткеннен кейінгі өсімдіктердің түрі де, түсі де өзінше бөлек. Барған сайын шөп шалғынданып, басқан жеріміздің топырағы да қоңырқай тартып, жұмсақ болып бара жатыр.
Алыстан үш табанды темір баған көзімізге көрінгенде аса мән бермегенбіз. Кейін білдік, ол бая­ғы КСРО кезінде қағылған геодезиялық белгі екен. Жаңа ғана біз жүрген сайын жеткізбейін дегендей, алға озып кетіп бара жатқан топ сол темірдің маңына тоқтаған. Жерге сөмкелерін тастай салып, тізе бүгіп отырып, айналаға барлай қарап, өзара дабырлап әңгімелесіп жатыр.


Біз Бозоққа шығарда, қалашық туралы мәліметтер іздегенбіз. Кітаптардағы, ғаламтор материалдарындағы қалашықтың жоғарыдан түсірілген суреттерінде Бозоқ кәдімгі Отырардың орны секілденіп көрсетілген еді… Сондай-ақ қазба орнына таяғанда «Бозоқ қалашығы» деп жазылған қара тақтайша тұруы қажет болатын. Ол тақтайша да суреттен көргенімізде үлкен ұқсап көрінген. Біз сондықтан айналадан үлкен қара тақтайша іздеп, елеңдей бергенбіз.
Әлгі үш табанды темір бағаннан кейін бізге баланың бойындай ғана биіктігі бар қара тақтайша да көрінді. Тақтайшаның кішкентайлығына таң қалғанымызбен, Бозоқты тапқанымызға қуанып қалдық.

Ашылмаған музейде дайын гидке тап болдық

Бозоқ қалашығының орны – әлгі тақтайша болмаса, адам танып білместей тым қарапайым екен. Әдеттегі жазық дала. Ар жағында кішкентай-кішкентай төбелер мен тікбұрышты етіп қазылып, топырағы алынған ойық жерлер жатыр. Жазық жерді де, пәс төбелерді де, қазылған орындарды да әртүрлі шөп басып кеткен. Айналадан бір жаңалық, бір белгі табам ба деп итше тіміскілеп жүріп, біз арақтың шөлмегін тауып алдық.
Тақтайша тұрған тұстан әрі 150 метрдей ғана жерде көл жатыр. Жағалауы түзу шеңбер сияқтанған көлдің бір кездері игілікке жараған, қаралған көл екенін аңғару қиын емес. Бірақ қамыс басып кеткен. Арасында пыр етіп, қаздар ұшып-қонып жүр.

Осылай біраз жер жаяу жүрген соң ентігімізді басып тұрғанымызда бір тайпаның елшісі ұқсап, біздің алдымызда жүрген қалың адамның біреуі қасымызға таяп келе жатты. Таныса білгеніміз, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурада оқитын тарихшы-ұстаз Серғазы Қайырбекұлы екен. Айтуынша, тарих факультетінің студенттеріне тәжірибе сабағын жүргізу үшін алып келген екен. Өзі 2000-ыншы жылдардан бастап Бозоқ қалашығын зерттеп жүрген ғылыми топтың құрамына еніпті. Ақмола облысының киелі ескерткіштері деген тақырыпта сабақ өтіп, Астана маңындағы археологиялық қалашықтарды аралап жүрген бойы.
«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегенді қазақ осындайда айтқан шығар. Біз әлі ашылмаған дала музейіне келіп, айналадан түк ұқпай тұрғанымызда алдымыздан дайын гид табылғандай қуанып, бір жадырап қалдық. Ол қуаныш та қайырлы болды.

Бозоқ стратегиялық жоспары мықты қала болған

Ғалымды көрген бойда, өз көзімізбен көріп тұрған қалашық жайлы өз құлағымызбен естіп, сезіну үшін сұрағымызды жаудырттық. Тарих ұстазы Серғазы Қайырбекұлы та ерінбей жауап берді.
Оның айтуынша, біз жаңа жаяу жүріп келгенде топырақ пен шөптердің өзіндік ерекшелігін дұрыс байқаған екенбіз. Өйткені Бозоқ – осы жердегі ең табиғаты сұлу, шөбі шүйгін жерлердің бірі болған. Қыпшақтар бұл қаланы салғанда стратегиялық жағынан өте маңызды мәселелерге мән берген. Бұл қалашықтың орналасқан жері – Сарыарқаның ең биік нүктесі. Есіл мен Нұра өзендерінің түйіскен жері де – осы. Яғни, екі өзеннің арасы 40 шақырым ғана болса, қалашық сол кеңістіктің қақ ортасында тұр. Стратегиялық жағынан өте дұрыс таңдалған дейтіні, бұл қалашыққа кезінде жау келе алмаған екен. Өйткені айналасы жайылған су. Қалашыққа тек қана оңтүстік жолмен келуге болады. Ал басқа жағынан кіру мүмкін емес. Тіпті, атпен, арбамен де өту қиын. Өйткені барлық жерді су басып жатыр. Ал біз өткен қамысты жерде кезінде көпір болған. Бірақ, ол да қолдан жасалған өзеннің көпірі. «Біз аэрофототүсіру кезінде көпір салынған су Қараөткел суы мен Бозоқты өзенінің суын қосып, қолдан жасалғанын анықтадық» дейді Серғазы Қайырбекұлы.


Бозоқ биіктігі – 4 метр, қалыңдығы 8 метрлік қорған ішінде болған. Алайда жау тигенде қорғанды ала алмағандықтан, қалың әскермен қорғанды қоршауға алушы еді. Содан соң алдымен қалаға кіріп тұрған суды кесетін болған. Ауызсусыз қалып, титыққан соң ақыры қала тұрғындары өздігінен жауға берілуші еді… «Бірақ Бозоқтың ерекшелігі, олардың ауызсуы да қалашықтың ішінде болған. Қорған ішінен ор қазып, оны суға толтырып, сол судың ішінен құдықтар қазып қойған. Расында, бұл қала стратегиялық, архитектуралық жағынан өте маңызды ойластырылған» дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, аэрофототүсірілімнен қарап байқағандай, Бозоқ қалашығы жанындағы Бозоқты өзенінің шығыс жағалауы доп-домалақ шеңбер сызығына келеді. Ол қолдан жасалған. Өзен суы бір қалыпты тұрады, бірақ бұлақ секілді астынан су шығып жатады. Содан артығы ағып, Нұра өзеніне кетеді…

Айнала су баспағанда, Бозоқ әлдеқашан тапталып кетер еді…

Астана қаласының архитектуралық жоспары бойынша осы маңдағы аумағы 30 гектар болатын жер сатылымға түспейтін, құрылыс салуға рұқсат етілмейтін Бозоқ қалашығының жері екен. Яғни, 30 гектар жер тарихи қалашықтың орнын сақтап қалуға арналып отыр.
Қаз-қатар жатқан төбешіктерді көргенде біздің ойымызға кәдімгі молалар орала кеткенін несіне жасырайық. Бірақ ол қазба жұмыстарын жасап, қалашықтың тыныс-тіршілігін зерттегенде аршылған топырақтар ғана екен. Ал тікбұрышты қазылған шұңқырлар – кезінде Қорғалжын трассасының жолын салғанда білместікпен құмы алынған жерлер. Кейін ғалымдар ол шұңқырларды қалпына келтіріп, қайта толтырып шығыпты. Адам ұстаз алдында қашан да шәкірт балаға айналып кетеді емес пе?
– Қалашықтың осы 30 гектар жерін қазса, әлі де тарихи бұйымдар, мысалы алтын табылуы мүмкін бе? – деп сұрадық біз әзіл-шыны аралас. Ғалым:
– Мүмкін, – деп жа­уап берді. – Бірақ қазір ғылымда жерді қазбай-ақ, сканер жасау арқылы, оның астында не барын, қандай екенін анықтауға болады. Бұл қалашықты жағалай молалар бар. Оның бәрінде мәйітпен бірге көмілген заттары жатқаны сөзсіз. Мұнда 23 рет әртүрлі қазба жұмыс­тарын жасаған біз оларды жақсы білеміз. Мазарлардың қайда екенін де таптық. Бірақ оны қазбаймыз. Керек емес. Біз енді бұл қаланың орнын қазып, топырағын аудара бермей, табиғи күйінде сақтап қалуға тырысуымыз керек. Тіпті, ертеңгі күні осында музей салғанда да ғимарат қабырғасын осы қалашықтың сыртынан салып, ол қалашықты қорғап, сақтап тұратын нысанға айналдыруымыз қажет. Ал музей кісі қызығатындай болуы үшін тарихымызды танытатын нысандарды сол сыртқы ғимаратқа енгізу керек.


Біз, әрине, бұдан соң Бозоқты әлі күнге ел білмейтінін, тарихи қалашық картада да көрсетілмегенін, жол да салынбағанын айтып, «абызсындық».
Бірақ ғалым бұл сөзімізге де орнықты жауап берді:
– Археологтардың бірінші міндеті – тарихи ескерткіштерді табиғи күйінде сақтап қалу. Меніңше, музей салынып, тарихи қалашықтың осы күйі сақталып қалатынына әбден алғышарт жасамайынша, қалашықты картаға енгізудің қажеті жоқ. Бұл жер құпия бола тұрғаны абзал. Әйтпесе, қазір Бозоқ қараусыз жатыр. Көрінген адам келіп, өз бетінше қазба жұмысын жүргізіп, таптап кетуі мүмкін, – деді ол.
Бұдан соң Серғазы Қайырбекұлы Бозоқтың орны табылғалы жиырма жылдай уақыт өтсе де, қала әлі де сол баяғыдай, табиғи күйінде сақталып келе жатқанын қуанышпен баяндады.
– Астана маңын су басқаны бізге жақсы болды. Егер сол су болмаса, мына қалашықтың орнында Камаздар ары-бері жүріп, әлдеқашан таптап кеткен болар еді. Мына жердің құмы, топырағы да жақсы. Егер Бозоқты айнала су болмаса, осы құмды алып, қала орнын жайпап тастар еді. Осылай қорғалып тұрғаны да қалашықтың бір қасиетінен шығар, – деді ол.
Жаңа ғана суды кешіп келе жатып «неге жолы жоқ?» деп кейіп алған біз әрнәрседе қайыр бар деген осы екен ғой» деп ойланып қалдық.

Сөз соңы

Қайтар жолда бастапқы бағытымыздан сәл айнып, сәл басқаша жолмен жүрдік. «Бозоқ қыстауы» деген тақтайшаны көрдік. Бірақ оған құстар саңғырып тастапты. Ол 400 метрдей беріректе тұр.
Қайтар жол бізге түк қиынға соққан жоқ. Кешкен көліміз де, қамысты өзеніміз де күнде көріп, бой үйретіп алған жеріміз сияқтанды. Жол да жап-жақын секілденді. ХІІ ғасырға тән мәйіттері табылып, төсіне жазылған тарихы тым әріден басталатыны дәлелденген қалашықтың өзгеше аурасын сезініп, ортағасырлық өркениеттің бір белгілерін көріп, көкжиегіміз кеңейіп, ой-өрісіміз биіктеп қайтқанымыздан шығар, бәлкім, ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды