«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бозкілемде – «бөрілер»

1 108

«Рухани жаңғыру» аясында елорданың 20 жылдығына орай, Астана қаласы «Қазақ күресі» федерациясының қолдауымен С.Мәуленов атындағы №37 мектепте 2005-2010 жылғы жасөспірімдер арасында қазақ күресінен «Көк бөрі» республикалық ашық біріншілігі өтті.

Байрақты бәсекеде елорданың мектеп оқушыларымен қатар Ақмола облысынан, Семей, Орал қалаларынан келген 150-ге жуық жас балуан бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша 2005-2007 жылғылар арасындағы белдесуде 50-ден жоғары салмақ дәрежесі бойынша Астананың намысын қорғаған №37 мектеп оқушысы Ринат Ахмет пен №65 мектеп оқушысы Аңсар Мамбеков үшінші орынды, №64 мектеп оқушысы Алтынхан Айтуған екінші орынды еншілесе, семейлік Азим Құрайысов бірінші орынды қанжығалап, «алтыннан» алқа тақты. Ал 38 келі салмақ дәрежесі бойынша ақтық сында Ақмола облысының спортшысы Кенжеболат Талғаттан басым түскен астаналық Ерәлі Жақсылықов бірінші орынға ие болып, «Көк бөрі» атанды. Сондай-ақ 2008-2010 жылғылар арасындағы бәсекеде Жандәулет Омаш, Азамат Қамбай, Нұрмүбарак Жақсылықовтар жүлдегер атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
– «Көк бөрі» ұғымы көпшілікке айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Өйткені қазақ қасқыр мінезді халық қой. Жалпы, қазір де батырларды көк бөріге теліп жатады. Сондықтан осы жарысты өткізудегі, оны «Көк бөрі» деп атаудағы мақсатымыз – «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, мектеп жасындағы балаларды ұлттық идеология негізінде батырлыққа тәрбиелеп, аз да болса қасқырдың қайсарлығын бойларына сіңіру болды, – дейді жарысты ұйымдас­тырушы, Қазақ күресінен балалар жаттықтырушысы Қайрат Тұрғанжантегі.

 

 

  1. Айбек :

    Атауы тамаша екен. Көк бөрінің ұрпағымын дейтін намысты ұлдарымыз көп болсын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды