«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бозақтың болашағы

0 73

Кеше елордадағы Ұлттық музейде «Цифрлық форматтағы «Бозоқ» музейі жобасындағы Ұлы дала мұрасы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Іс-шарада аспан астындағы тарихи-мәдени «Бозоқ» кешенінің фор-эскизі таныстырылып, аталмыш кешенді қазіргі заман технологияларына лайық туристерге тартымды ету мәселесі талқыланды.

Бозоқ қалашығын ұлттық тарихи-табиғи паркке айналдыру идеясы алғаш рет осыдан жиырма шақты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қалашықты ашқан көрнекті археолог ғалым Кемел Ақышевтің кездесуінде айтылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашудың өзектілігіне тоқталды. Осы мақсатта құрылған «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-музей қорығы» кәсіпорны тиісті жобаларды әзірледі.
Елордамызды отандық және халықаралық туризмнің орталығы ету мақсаты тұр. Осы орайда Бозоқ туристік бренд және Нұр-Сұлтан қаласының ең танымал, көрнекті орнына айналмақ. Атап өтерлік жайт, Бозоқты 20 жылдан бері Есіл стационарлық археологиялық экспедициясы зерттеп жатыр. Соның нәтижесінде хронологиялық тәртіппен қалашықтың тұрғын, өндірістік және жерлеу орындары көрсетілген материалдар жиналды. Археологиялық зерттеулер төрт мемлекеттік құрылымның тарихын көрсетеді. Оған Түркі қағанаты (VI-VIII ғғ.), Қыпшақ хандығы (Х-ХІІ ғғ.), Алтын Орда (Жошы ұлысы ХІІІ-ХІV ғғ.) және Қазақ хандығы (ХV-ХVІ ғғ.) кіріп отыр. Музей жобасында көне қоныстармен қатар рекреациялық аймақ болады. Соның ішінде отбасылық демалыс орталығы, әскери-спорттық лагерь, биопарк, шығыс базарлары, қол­өнершілер ауылы енеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды