«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бояулар әлемі – балалар көзімен

0 134

ҚР Ұлттық музейінде Астананың 20 жылдығы мен Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының 30 жылдығына арналған бала қиялы мен арман-тілегін ұштастырған «Бояулар әлемі» атты шығармашылық көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы үйірмелерінің талантты тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан, жиынтығы 120-ға жуық туынды қойылды.

«Бұл көрме балалар еңбегінің жемісін, үлкен жұмыстың нәтижесін көрсетіп отыр. Әр туындыдан баланың еліне деген махаббатын, әлемге көзқарасын, кіршіксіз көңілін аңғару қиын емес» дейді ҚР Ұлттық музейі Экскурсиялық жұмыстар және музей педагогикасы орталығының жетекшсі Жанар Бейісова.

Ал М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының оқу-тәрбие бөлімінің меңгерушісі Айымкүл Жабаеваның айтуынша, көрмеге бірнеше бағыттағы, яғни «Кілем тоқу», «Қағаздан бұйымдар жасау», «Ағаштан бұйымдарды жасау», «Бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер» үйірмелерінің жұмыстары қойылды.

«Бояулар әлемі» көрмесі үш бөлімнен тұрады. Алғашқысы «Рухани әлем» атауын алып, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұрамызды қайта жандандыру мақсатында ұйымдастырылды. Онда қағаздан жасалған ұлттық ою-өрнектері, құмыралар және ағаштан жонып жасалған кішкентай фигуралар қойылды.

«Ұлы дала қаласы» бөлімі Астананың 20 жылдығына арналып, Ұлы даламыздың көркем табиғаты туралы бейнелеу өнері арқылы сыр шертеді. Ал «Әлем балалардың көзімен» бөліміндегі туындыларды жас таланттар М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының мерейтойына арнады.

«Бояулар әлемі» атты шығармашылық көрмені 17 ақпанға дейін тамашалауға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды