«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Боямасыз өмір суреттері

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған

0 36

Әдемі дүние кімнің көзінің жауын алмайды. Сол секілді кемел ойдың кемерінде келісті жазылған көркем шығарма да көңіліңді марқайтады, жаныңды жадыратады. Сондай бір көңілді марқайтып, жаныңды жадырататын қабырғалы қаламгер, өзі жиі айтатын шырайлы Шымкентте тұратын Мархабат Байғұт дер едік.

Жазушының бірінші жинағы қолымызға түсе қоймағанымен, екінші кітабы «Сырбұлақтан» (1980) бергі көркем дүниелері, сала-сала болып келетін салмақты мақалалары, ағалары жайлы айтқаны, інілері туралы толғаныстары – қай-қайсысы да ұлт болмысының бүкіл қатпарын айнадағыдай айқын көрсетеді. Алары кетсе де, айтарын айтатын, ой әлемі таудан аққан ақбас өзенінің толқынындай Шерағаң, Шерхан Мұртаза Мархабат Байғұт туралы: «Бұл жазушыда Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі көкірегінде. Ол маңдайға біткен екі көзден басқа-а-а. Жазушы сонысымен суреткер» депті. Бұл қаламгердің қаламгер туралы тап басып, танып айтқан сөзі десек, жарасады.
«Абайы бар, Мағжаны бар әдебиет – әдебиет» депті Бауыржан Момышұлы. Абайы бар, Мағжаны бар, өзге де тіреліп тұрған алыптары бар қазақ әдебиеті ешкімнен кем емес. Осы әде­биетке хал-қадірінше үлесін қосып келе жатқан Мархабат Байғұттың екі жыл бұрын жарық көрген «Әпкемнің ауылы» атты кітабын оқып шыққанда, оның өзіндік қолтаңбасына, өмірді боямасыз көрсететін суреткерлігіне тағы бір көз жеткіздік. Ол бұрынғы шығармаларында да осындай үрдісті өрістетіп келе жатқан қаламгер еді.
Биыл тәуелсіз елдің әдебиет саласындағы ең жоғары марапаты – Отанымыздың Мемлекеттік сыйлығына «Әпкемнің ауылы» деген көлемді кітабын Түркістан облысы әкімдігі ұсынған екен.
Ендігі әңгімені топ бәйгеге түскен сүбелі еңбекке бұралық. Айтары ауқымды кітаптың өн бойында ауыл мен қаланың бітпейтін тірлігі, күнкөріс қамы, адамдар арасындағы қарым-­қатынас көркем де шынайы суреттеледі.
Айталық, кітап атын иеленіп отырған әңгімеде тірліктің жетегінде кеткен бауырлардың өмір өткелдері желі таратады. Әпке мен інінің ішкі иірімінен шыққан сөздер жүрек қылын тербеп, терең ойға батырады. Өстіп жүріп зымыран уақыт өтіп кеткен соң, әттең-ай демейтін кім бар дейсің? Ол бұрынғылардың да басында болған. Амал не, кейде соны біле тұра қайталайтынымызды қайтерсің. Бір жағынан, бұған қоғамдағы ала-құлалық, төңірегінің шаш ал десе басқа жүгіретін төрешіл жетесіздік те әсер етпей қоймаса керек. Аталмыш әңгімеде осының бәрі әдемі баяндалған. Әпке мен інінің сырты бүтін болғанмен, іштей өз-өздеріне айтатын сөздері бірде сүйсінтіп, бірде мұңайтады.
Дәйекке жүгінелік, ауылдағы Үрисән әпкесі «Қаладағы, Күншуақтай шаһардағы күнім ғой деуші ем. Күнім дегенім – інім ғой деуші ем. Төңірекке түгелдей» десе, бірде: «Дос-дұшпанға көрініңкіреп, оқта-текте ке­лің­кіреп тұрсаң қайтеді, қарашығым?!» дейді. Артынан: «Әсіресе кейінгі жылдары кіртиіп, жүдеп-жадаған жездеңнің жанында жарты күн қалсаң қайтер еді, жарығым?» дейді арқа тұтқан інісіне. Бұл ішкі сөзді әпкесі үлкен ұлы үйленгенде, «Қаладағы қоңыр төбел қызметінен» айырылып қалам ба деп тойға асығыс жетіп, жа­йылған дастарқанға да қарай алмай, келген ізімен қайтіп бара жатқанда айтады.
Ал інісі болса: «Сіз де мені түсінбейсіз, әпке! Кімді-кім аяп, мүсіркейді бүгінде? Көкілеттіктен өкілеттік алған өркөкіректік жайлап бара жатқан жоқ па?» деп алып: «Екі-үш сағатқа әрең босатар бастықтарым екі-үш күнге қалай шыдасын, Үрисән әпке?» деп айласыздығын іштей алға тартады.
Жездесі Жұлдызхан өмірден озғанда да екеуі бірдей осындай ауыр күйді бастан кешеді. Әпкесі бауырының жолына қарап, келер деп үміттенеді. Бауыры машина жалдап жездесінің қазасына келсе, алыста тұратын қызы жетпей жер қойнына бермейтінін естиді. Едіреңдеген бас­тықтары көз алдынан өткенде, кері қайтуға бекінеді. Мұны естіген әпкесі меңірейіп отырып қалады. Оған көз салғанда ойына келген сөзі «…жер түбіне кетпей-ақ қойсаңызшы деп едік қой сізге» болады.
Осылайша қызмет деп жүріп әпкеден алыстап қалғанын өзіне ар санаған інісі Айкөрік ауылына бәрін жиып қойып, сағынышпен, аңсап жетеді.
Өзімен-өзі тілдескенде «Жұлдызхан жезде, кешіргейсің біз бейбақты…» дейді де, «Әпке, ауырып қалған жоқ па екенсіз, сонша неге суыл кернеп барады, бұл жүректі?» деп, артынан: «Әлде мына мейірім жүдеген мезгілде тасқа айнала бастаған бауырлардың бұйра сағымға ерігендегі, жібектей желге жібігендегі сиқы ма?». Осылай өзіне бір сұрақ қо­йып алып: − «Үрисәнді көргенде үгітіліп кететін шығармын мына күйіме қарағанда» дейді. «Ол кісі қайтер екен? Бірқанша жылдар бойы көрместен, келместен, ат ізін де салмастан, қалайша шыдағанмын?!» деп толғанады.
Аңсары ауып келгенде байқағаны − Жұлдыз­хан жездесі салған үйге үй қосылыпты. Әп-­әдемі. Қақпа сыр­ланған. Бірақ құлыптаулы. Көрші-қолаңнан Үрисән әпке­сінің қайда екенін сұрайды. Олар мектепте еден жуушы екенін, қас қарая келетінін айтады.
Мектепке барады. Еден жуып жүрген егде әйел қисайған орамалын түзеп, қиғаштай қарап, біраз тергеп-тексереді. Ақыры екі сыныпты біріктіріп сабақ өтіп жатқанын айтады. Інісі бұған сеніңкіремейді.
Мектепті тексерушілердің күн көрсетуден қалғанын, тағы бір тобы келіп, «Забышы бар, екі кластың мұғалімі бар» оларды көк майсада күтіп жатқанын, екі класты шулатпай ұстап отыру Үрисәнға жүктелгенін жеткізіп, оның сабағын бөлуге болмайтынын ескертіп, інісін әпкесінің даусы жететін, көре алатын қаға беріске отырғызып кетеді. Бас бағып қараса, әпкесі парталардың арасында жүр. «Қолында шүберек орап, еден жуатын швабра». Әпкесі Айкөрік ауылындағы бар мен жоқты, адамдардың бір-бірін аяудан қалып бара жатқанын, ауыл ішінде ұрылардың қағынып, қасқырдай басынғанын, жеңіл жегісі келетіндердің көбейгенін көлденең тартып, іздеп келе қоймаса да інісін сырт­тай: «Күншуақта менің күнім бар ғой, – деймін мен. – Күнім дегенім – інім дегенім. Күндей көретін інім тұрады ғой, Күн­шуақ атты шаһарда» деп мақтан еткенін естіп, жүрегі елжірейді.
Алғашында балалар қабылдай қоймайды. Артынан ол айтқан ақиқатты естіп, сезіп жүрген соң илана бастайды. «Ең үлкен сабақ өмірдің өзінде екен, апай!» дейді бір бала. Екінші бала мұғалімдерінің өмір сабағынан гөрі өзге сабақты айтатынын еске салады. Сабақ біткенде оқушылар да, Үрисән да есікке беттейді. Қаладан әпкесін аңсап келген інісі қал­та­рыс­тағы орнында омалып отырып қалады.
Әңгіме шағын, бірақ көтерген жүгі зіл батпан. Аңдысып қалған қала өмірі, бір-біріне қара болып, барын базарлап, жоғын түгендеп, кеміне кейи бермей, кеңдік танытып, түзеліп жатқан Айкөрік ауылының адамдары – екі әлем десе болғандай.
«…Үрисән әпкемнің жанарынан төгілген жастың тамшылары жерді теңселтіп жібергендей еді», «Келмей кеткен інісі емеспісің?», «Тірідей табаға шыжғырылып, сап-салқын мектептің ішінде шып-шып терлеп, әлгі әйелдің соңынан сүмірейе ілбідім» деген сөйлемдердегі су астындағыдай тұңғиық ағыс, тас көшесі жоқ, күн жауса лай кешетін ауылдың бір сәтін еден жуатын егде әйелдің шелегіндегі «қоймалжың су» арқылы көрсету, кіргендердің аяғына қарайтын тұсы – бәрі де қаламгердің көріністі көркемдеудегі қапысыз шеберлігі деуіміз керек.
Бір қарағанда, жазушының тілі қарапайым болғанмен, астары терең, оқиғаның өрістеуіне қарай құбылтып жібереді. Ішкі толғаныстағы айтылар ақиқатта да жасандылық жоқ. Сенесің, сендіреді. Бастысы − бауырлар қу тірліктің құлы болып, бір-біріңнен қол үзбе дегенді алтын арқау етіп алады. Мұның арғы жағында ұлттық мүдде, ұлт келешегі айқын аңғарылады. Бабалардан қалған ұлттық қарекеттен, болмыстан қол үзсең, омалып отырып қаласың дейді. Бір адамның омалып отырып қалғаны түк емес, қара бастың қамын күйттеумен кетудің соңында жұртымыз жұтылып, мейірім, шапағаттан ада болып, жақынын жатқа қиып, бауыр берішке айналып кете ме деген күдік те қылаң береді.
Мұның елесі қазір жоқ деп айта аламыз ба? Жазушы соның алдын алуды меңзеп отыр. Әңгіменің соңына шыққаннан кейін, түрлі ойлар қасқырша қамайды. Осыдан құтылудың жолы қайсы дегенде, Үрисәндай ананың шуақты көңілі, бәрін бауырлық мейірімге жеңдірген аппақ ниеті, қараорданың қабырғасын қақыратпай, отын өшірмей ұстап отырған қайсар тірлігіндей тірлік құтқаратындай көрінеді.
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Әпкемнің ауылы» атты жинағындағы қырыққа таяу әңгіменің қай-қайсысын алсаң да туырылып тұрған ұлт болмысын көресің. Жұртының барына қуана отырып, кеміне келгенде «Кеселді түйін шешілсе» (Абай) екен дейді. Алуан түрлі иірімдерін көркем тілмен кестелеу сәтіндегі сөйлем құру тәсілі ақаусыз. Қырыққа таяу әңгімелердегі тұнып тұрған түрлі тағдырлардың бәрін талдап шығу мүмкін еместігі белгілі.
Беделді жазушы әрі публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» әдеби сыйлықтарының лау­реаты Мархабат Байғұт Астанадан да, Алматыдан да жырақта тұрады. Оны өңірдегі белді жазушылардың бірі емес, бірегейі десек болады. Қаламынан туған туындылары туралы жұрт пікірі қашанда жұғымды. Ешкім оның талантына шүбә келтірген емес. Әсіресе, шағын әңгімелері керемет оқылады. Заман қажет етіп отырған әңгіме жанрын дамытушы ғана емес, Мархабат Байғұт көшелілік танытып, көш басында тұр. Ешкімнің де «Әй, кәпір» (Ә.Кекілбайұлы) демейтініне иманымыз кәміл.
Ендеше, жұрт көңілінен шық­қан келісті әңгімелерден тұратын, қазақы қалып, әсіресе ауыл халқының ажары әр қырынан құнарлы суреттелетін «Әпкем­нің ауылы» атты бұл кітап Мемлекеттік сыйлыққа лайықты деп білеміз.

Сүлеймен МӘМЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды