БОЛАШАҚТЫҢ КІЛТІ – БІЛІМДЕ

Биылғы жаңа оқу жылында қаламыздағы 84 мектепте 145 мың оқушы оқиды. 23 мың бала жалпы сырттан келушілер болса, оның 17 мыңы – тек 1-сыныпқа қабылданғандар. Қала әкімі Әсет Исекешев Білім күні қаламыздағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 орта мектепке ат басын бұрып, оқушылар мен ұстаздарды құттықтады. Биыл қаламыз бойынша қосымша құрылыс жүргізілген 5 мектептің бірі осы білім ошағы болатын.

Мұндағы 525 орынға ар­нал­ған қосымша құрылыс баста­у­ыш сыныптарына арналған. Онда 15 оқу кабинеті, 2 лингафон кабинеті, 2 компьютер кабинеті, 2 қазақ тілі кабинеті, 1 өзін-өзі тану кабинеті, 1 логопед кабинеті, 1 психолог кабинеті мен спорт зал бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта бастауыш сынып оқушылары үшін құрылыс нысанында жеке шкафтар орнатылады. Мұндай шкафтардың саны 600-ді құрайды деп күтілуде. Бастауыш сынып оқушылары үшін жеке шкафтар орнату жұмыстары Астананың тағы 13 мектебінде жүргізілуде.

– Тәуелсіздік жылдары мем­ле­ке­тімізде білім берудің жаңа инновациялық даму жүйесі қалыптасты. Әлемдік стандарттарға сай білім беру еліміздің негізгі капиталына айналды. Соңғы жиырма жылда елордада жүздеген жаңа мектеп пен мектепке дейінгі балалар мекемесі пай­далануға берілді. Осының бәрін ел ертеңі, ұлт болашағы – жастарға жасалған қамқорлық деп түсіну керек. Елордалық оқушылар әлемдік білім додаларында оза шауып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Бұл да болса бағытымыздың айқын, нәтижелі екенін ай­ғақ­тайды. Білімді, бәсекеге қабілетті жастарымыз көп болғай. Дендеріңіз сау, отба­сы­ларыңыз берекелі, аспан­дарыңыз ашық болсын! – де­ген қала басшысы мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларын оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға сабақтарын үздік оқуды, олимпиадаларда жеңімпаз атануды, жаңаша білім алуды, жаңа қызықты шешімдерді тауып, жан-жақты дамуды тіледі.

Елді жаңғырту бағдарлама­сына сай мемлекеттің ең бас­ты міндеті білімді ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру, ұлт болашағын құру болып табы­латындығын тілге тиек еткен шаһар басшысы биыл Астанада халықаралық ЭКСПО көрмесінің жайдан жай өтіп жатпағандығын айтты. Осындай үлкен шешімнің арқасында халықтың әлем қайда жылжып бара жатқандығын бағамдайтынын жеткізді. Сапалы білімнің маңыздылығын жан-жақты сөз еткен Астана қаласының әкімі мерекелік шарадан соң 1 «Д» сыныбының «Мен – өз елімнің патриотымын» сабағына қатысты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ 

 

Сонымен қатар

КӨКТАЙҒАҚТАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Алдағы үш тәулікте елордада аздаған жауын-шашын болып, көктайғақ сақталады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған