«БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫ» БОЛАШАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовпен сұхбат

– Ахметжан Смағұлұлы, ЭКСПО-ны дайындау үшін сізге өте қысқа уақыт берілді. Соған қарамастан, сіз бұл жұмысқа үлкен оптимизммен кірістіңіз. Бұған не себеп?

01-3
– Шынымды айтсам, бірден оптимизм пайда бола қалды деп айта алмаймын. Компания төрағасы болып тағайындалған күннің ертеңіне, яғни 2016 жылғы тамыздың 13-і күні құрылыс алаңына алғаш рет келген кезде менде дәл сондай сезім болды деп айта алмаймын. Әлі бірде-бір сайманы жоқ, көптеген жұмыстары тіпті қолға да алынбаған, жасалған жақтарының өзі жайрап жатқан жерді көргенде, көңіл-күйдің қандай болғанын көрсеңіз. Мен BI-Group компаниясы салып жатқан C1 павильонын көргенімде, бұл жерде қабырғалары мен өндірістік кестесі орнатылған бетонды тақташасы ғана бар еді. Дегенмен Президент уақыттың өте тығыздығына байланыс­ты үлкен сеніммен тапсырғаннан кейін, бірден іске бел шешіп кірісу керек болды. Бізде бұдан басқа таңдау болған жоқ. Алда орасан зор, қат-қабат, қауырт жұмыстар күтіп тұрды. Ең ал­дымен, ұлттық компания де­парт­таменттерімен, оның құ­ры­лымымен, іске асырылуы тиіс жұмыстың көлемімен танысу қажет болды. Ал жұмыс бас­талғаннан кейін біртіндеп оптимизм де пайда бола бастады. Содан кейін арада бір ай өткесін әңгімемізде шынымен оптимизм сарыны жеткілікті еді.

Рас, біздің тірлігімізге күмән­­мен қараған адамдар сол кезде де, содан кейін де көп болды. Соған қара­мастан, біз алға қойған мақсатымыздан айнымадық, барлығын жаңадан бастадық. Тіпті соңғы сәттерге дейін «Уақытша шарттық баға» деген түсінікпен жүрдік, бізде бірде-бір нақты жоба болмады. Өздеріңізге мәлім, кез келген құрылыста ең алдымен жобалау-сметалық құжаттама дайындалады, ол сараптамадан өтіп, бекігеннен кейін ғана құрылыс жұмыстары қолға алынады. Ал біз уақыттың өте тығыздығына байланысты бұл құжатты тек өткен жылдың қараша айында ғана алдық. Қазіргі таңда біздің қолымызда 26 нысан бойынша 26 құжаттама бар, олардың барлығы сараптамадан өткен. Сөз жоқ, біз осы уақыттарда орасан зор жұмыстарды атқардық. Соның ішінде тіпті мердігерлермен ашық тіреске барып, баға жолында күрестік. Осының арқасында ақыр соңында құрылыс жұмыстарынан 2014 жылы әзірленген қызмет құнынан 300 млрд теңгені үнемдеуге қол жеткіздік. Осы ретте мен құрылысқа қатысқан барлық компанияларға, әсіресе, жұмысшы жұртқа алғысымды білдіргім келеді.

– Астана ЭКСПО көрмесінің ұраны – «Болашақ­тың энергиясы», яғни жаңа технологиялар мен жаңа энергияның көзін табу. Мұның Қазақ­станның болашағы үшін жасайтын қызметі қандай болмақ?

– Дұрыс байқап отырсыз, Астана көрмесінің ұраны да болашақ үшін жұмыс жасайтын болады. Әлбетте, оның қысқа мерзім ішінде біздің елдеріміздің экономикасын көтеруге серпін бере қоймасы анық. Бірақ ол – болашақтың бағдары. Сондықтан оған ұзақ мерзімді перспектива ретінде қарауымыз тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, өмірдің өзі сияқты, экономиканың өзгеретіні де сөзсіз. Айталық, 90-шы жылдары Мен Премьер-министрдің орынба­сары болдым, сол кездері энергетика мәселелеріне жетекшілік еттім.
Рас, ол кезде жаңартылатын энергия көздері және альтер­на­тивті энергия туралы сөз де болған жоқ. Шынымды айтсам, мен жұмысқа кіріскен кезде ғана осы тақырыпты зерттей бастадым. Қазір Президент­тің алға болжанған «Бола­шақтың энергиясы» деген ұғым мен тақырыптың неге таңдалғанын жақсы түсінеміз. Бүгінде шикізат өндіруші елдердің мұнай бағасының құбылмалығына тәуелділігін көріп жүрміз. Бұдан шығудың бірден-бір жолы осы тұжырымдама болатынына қазір иманым кәміл.
«Болашақтың энергиясы» тақырыбы тек әлемдік державаларға ғана емес, дамушы елдер үшін де маңызды. Ал мұнда көрме Халықаралық көрме бюросының тарихында бірінші рет өткелі тұр. Біз осылайша энергия дағдарысын шешетін жолдарды іздеуде бас­тама бастап бердік. Мұның керек екенін жаһан жұрты сезініп отыр. Сондықтан өткен жылы көрмеге қаты­суға ықылас білдірген 30 мемлекеттің қатары биыл 115-ке жетті.
– Сіз ЭКСПО жұмысына кіріскеннен кейін бас менеджерлер санын екі есе қыс­қарттыңыз. Мұның дайын­дық жұмыстары мен сапасына әсері қандай болды?
– Ұлттық компания құры­лыммен танысқаннан кейін оның жауынгерлік қабі­летін арттырып, икемділігін күшейту үшін оны оңай­ландыруды жөн деп таптым. Шашылып-төгіліп жүретін уақыттың керек емес екенін ұғындым. Мәселен, департаменттер негізгі жұмысты орындайтын «жұмыс алаңы». Онда 9 басқарушы директорлар болды. Сосын оларды 3 адамға дейін азайттық. Маған дейін тіпті бір департаменттің екі директоры болған жағдайы да орын алған екен. Сөйтіп, біз құрылымның қажетсіз саналған шептерін қысқарта отырып, шешім қабылдау жеделдігін арттырдық. Департамент директоры өзі шешім қабылдап, сол шешімдердің орындалуы­на жауапты болып саналды. Біздің негізгі міндетіміз қажеті жоқ саланы қысқарту еді. Нәтижесінде біз тек ақшаны үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар құрылымды күшейтіп шығардық. Мұнда әрбір жұ­мыс­шының міндетіне дейін белгіленіп берілді. Құрылымды қыркүйек айының басында оңтайландырғаннан кейін, қайта өзгертпедік. Сөйтіп, Елбасының жан-жақты қол­дауы­мен 6 жыл істелетін жұмысты 21 ай ішінде бітірдік. Осы жұмыстардың барысында ұлттық компанияның ішінде, біздің бас мердігерде, жобалаушыларда, сәулетшілерде және басқа да қызметтерде тиімді қарым-қатынас те­тігі қалыптасты. Біз бұл қыс­қартулардан ұтпасақ, ешқандай да ұтылған жоқпыз.
– Келуші мемлекеттердің па­вильондарын дайындау жұмыстары қалай жүр­гізілді?
– Біз көрмедегі халықаралық павильондардың бәрін орта­дағы шарды қоршай орна­ластырдық. Олардың барлығы бір стандартпен салынды. Тек шаршы көлемінде ғана аздаған айырмашылық бар. Ал әр мемлекеттің павильоны қанша шаршы көлемді алады дегенге келсек, олар С1, С2, С3 және С4 деп аталатын 4 блокқа жайғасты. Мәселе оның қай бөлігінде орналасуға байланысты емес, себебі барлығы негізгі нысан – «Нұр Әлемнен» бірдей қашықтықта тұр. Бұл тұрғыда, біз мемлекеттермен жақсы жұмыстар атқардық, бұған Халықаралық көрме бюросының үлкен көмегі тиді. Шет мемлекеттермен ұйымдастырушы мемлекет, яғни біз және өзге мемлекеттердің арасында туындаған мәсе­лелерді талқылауға арналған екі жиын өткізілді. Бүгінде біз барлық мәселелерді бір бітіммен шештік. Ал Қытай, Германия, Франция, Ресей, Жапония, Монако секілді көптеген елдер жоспарға сай 1 қарашадан бас­тап павильондарын алды. 1 қарашада халықаралық павильондар дайын болды, бірақ кей мемлекеттер әртүрлі себеппен құрылыс жұмыстарын кештеу бастады.
– Аталмыш жоба Қазақстан үшін келешекте қандай нақты жетістіктер береді?
– Ең алдымен ЭКСПО-2017 мамандармен бірге қатардағы азаматтардың, әсіресе, жас­тардың сана-сезіміне серпін беретінін айтқым келеді. Жас­тарымыз инновациялы, бұл жерде шығармашылық бағытта жұмыс істейтін және ойлайтын тұлғаларға қы­зықтар өте көп. Мысалы, үз­дік тәжірибелер аймағы-арнайы Халықаралық комиссия әлемдегі жаңартылатын энергия көздері саласында ең үздік жобаларға іріктеу жүргізіп, 24 жобаны таңдап алған. Көрмеге бір рет қатысу осы саладағы жаңалықтарды көруге мүмкіндік береді. Бұл – шетелдік көрнекті ғалым­дардан, соның ішінде екі Нобель сыйлығының лау­реаттарынан құралған өте абыройлы комиссия. Ұсы­ныстардың көп болуы­на байланысты бірнеше ай іріктеу жүргізілді. Сол себепті осы павильонға келу мен танысу пайдалы әрі тиімді болады деп ойлаймын. Әрине, жоғарыда айтқанымдай, экономикадағы өзгерістер бірден бола салмайды. Біз оның жемістерін жақын келешекте көре бастаймыз. Бізде сонымен қатар «Қазатомпром» және «Росатомның» бірлескен павильоны атом энергиясын бейбітшілік мақсатта қолдану бойынша бірнеше керемет экспозицияларды ұсынады. Президентіміз бірнеше рет айтқанындай, мемлекет шикізат көзінен шығып, жаңа энергия көзіне көшуі тиіс, сондықтан менің ойымша, Астанада «Болашақ энергиясы» көрмесі осы бағытқа көп ықпалын тигізеді.
– Көрмеге қатысты тағы бір маңызды мәселе жөнін­де сөз қозғайық: Осы күн­дері ЭКСПО-ға қанша турист ке­­леді деп күтіп отырсыздар?
– Біздің жобамызда ЭКСПО-ға келетін адамның саны 5 миллионнан асуға тиіс. Бұлардың 15 пайызын шетелдерден келетін қонақтар құрайды. Негізінен, бұлардың да дені біздің екі алып көршіміз – Ресей мен Қытай елдерінің тұрғындары болмақ. Біз осыған байланыс­ты бұл елдерде орасан зор жұмыстар атқардық. Атап айтқанда, Ресейде, барлық шекаралас аудандармен, губернаторлармен меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар, Санкт-Петербург, Мәскеу секілді көптеген ірі қалаларда роуд-шоу іс-шарасы өткізілді. Сондықтан, біз көрші мемлекеттерден көп турист келеді деп күтіп отырмыз. Қазірге дейін бір миллионнан астам билет сатылды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Оларды әлем­нің 44 елінің өкілдері алып отыр.

Сұхбаттасқан:
Серік ПІРНАЗАР

Сонымен қатар

Welcome to Astana – ШЕТЕЛДІК ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫ АСТАНА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Астанаға Қытай, Иран және ТМД елдерінен 80 туроператор келіп, «Астана Конвеншн бюросының» ұйымдастыруымен өткен «Welcome …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған