«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ ӘЛЕМДІ БІРІКТІРЕДІ

0 80

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің алғашқы нысандары беріле бастады. Кеше көрмеге қатысатын мемлекеттердің арасында алғашқы бес елге – Венгрия, Германия, Қытай, Түркия және Францияға павильондардың құжаты мен пәтерлердің сертификаты табысталды.
«Болашақ энергиясы бізді біріктіреді» деп аталатын павильон Венгрияға бұйырды. Аумағы 411,9 шаршы метрді қамтиды. Көрме аясында алдағы жылдың 20 тамызы Венгрияның ұлттық күні болып белгіленді.
Германияға берілген «Энергия жолында» атты павильон 1249,5 шаршы метрді қам­тиды. Бұл елдің ұлттық күні – келер жылдың 12 шілдесі.

????????????????????????????????????

Француздардың павильоны 1069,1 шаршы метрді алып жатыр. Олардың ұлттық күні 2017 жылдың 21 маусымына сәйкес келеді. Тақырыптары – «Болашақ қаласы», «Жаңартылған энергия» және «Көліктің экологиялық түрлері».

Ал Қытай 1000 шаршы метрлік павильонды иеленді. Бұған «Жасыл Жібек жолы» атауы берілді.
Салтанатты рәсім «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің қатысуымен өтті.
– Бүгін – біз үшін ерекше күн. Көрменің маңызды бес нысанының құрылысы аяқталды. Бұл – көрме павильондары, 1374 орынға шақталған ЭКСПО-қалашығы, ЭКСПО-кеңсесі және ішкі істер бөлімі мен зерттеулер жүргізетін орталық ғимараты. Жалпы 482 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Құрылыс кезінде халықты жұмыспен қамту айтарлықтай нәтиже берді. Барлығы 14 мың адам осы шаруаға тартылды, – деді Ахметжан Есімов.
ЭКСПО-қалашығының басқарушы директоры Ғалымжан Қарымсақовтың айтуынша, люкс класты үш бөлмелі пәтерлердің бір күнгі жалға алу ақысы – 40-50 мың теңге.
Қазір 40 пәтер толықтай жабдық­талыпты. Оның 30 пайызы «Gold» класты пәтерлер, қалғаны – «Silver» класты. Жақында пәтерлерді 3 класқа бөлу жос­парланып отыр.
Пәтерлердегі жиһаздың барлығы Қазақстанда жасалған. Ал ыдыс- аяқтар Қытайдан жеткізілген.
Айтулы көрменің басталуына бүгін 221 күн қалды. Бүгінде халықаралық шараға 105 ел мен 17 халықаралық ұйым қатысатындығын растады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды