«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бізге – пластмасс, сізге – сыйлық

0 14

Пластмасса ыдыстардың тұрмысымызға әбден кірігіп кеткені соншалық, өмірімізді әртүрлі контейнер-бөтелкелерсіз елестете алмаймыз. Мұндай ыдыс­тарды пайдаланбаймын дегеннің өзінде, күнделікті ішетін кока-кола, фанта секілді түрлі газды сусындардың құтылары да жетіп жатыр.

Мәселен, «Нұр-Сұлтан қалалық коммуналдық шаруашылық» мекемесі мамандарының айтуынша, соңғы жылдары қалада пластмасса қалдықтарының көлемі едәуір өсіпті. Қазіргі күні полигонға төгілетін қоқыстың ең көп – 26 пайызы қағаз қалдықтары болса, екінші орында осы пластмасса бөтелкелер екен. Қоқыстың 15 пайызы – осының еншісінде. Біздегі бір кемшілік, қалада пластмасс ыдыстарды тастауға арналған арнайы жәшіктер өте аз. Осыны ескерген елордадағы №15
мектеп-лицейдің ұжымы «Бізге – пластмасс, сізге – сыйлық» деген ұранмен ерекше шара өткізді. Оқушылар көше-көшелерді, аулаларды аралап, пластмасса құтыларды жинады. Олардың қоқысқа бей-берекет тастаудың алдын алды.
Аталған мектептің бастауыш сынып мұғалімі Динара Камерованың айтуынша, күн сайын тау-тау қылып күл қоқысқа тас­тайтын пластмасса құтылар жер бетінде 100 жылға дейін шірімей жатып алады екен. Бір рет пайдаланылған мұндай ыдыс­тарды отқа жағуға да болмайды. Өйт­кені ол жанған кезде азот тотығы, акролеин, циан сутегі, хлор сутегі секілді өте зиян заттарды бөледі. Аталған проблеманы шешуге аз да болса үлесін қосу үшін Динара Төлеубайқызының шәкірттері арнайы зерттеу жұмысын қолға алыпты. Жобаның аты да ерекше, «Пластмассаның жаңа өмірі» деп аталады. 3-сынып оқушылары Әдия Жаркенова, Қаныш Абдулкарим және Бағлан Қабдыләшім есімді кішкентай ғалымдар өз жұмыстары арқылы пластмасс ыдыстарға «жаңа өмір» сыйлаймыз деп санайды және олардың бұл жобалары қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Олар осындай ыдыс­тардан сабақ үстінде пайдаланатын түрлі көрнекілік бұйымдарын жасап шығарған. Жоба жетекшісі Динара Камерованың айтуынша, бұл бұйымдарды математика, логика, дене шынықтыру сабақтарында қолдануға болады. Тіпті олардың қолынан шыққан дүниелер балабақша, тұрғын үй аулаларына қоюға да жарамды.


Зерттеу жұмысының авторлары пласт­масса қалдықтарының табиғатқа келтірер орасан зиянын ортайту үшін өздерінің ұсыныстарын әзірлепті. Олар өндіріс орындарына, аулаларға арнайы жәшіктер орнатып, қалдықсыз технологияға көшу керек дейді. Ал бұл мүмкін болмаған жағдайда, пластмассаны өздері секілді жеңіл жолмен өңдеп, оған «жаңа өмір» сыйлауды жөн санайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды