«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Біздің ел осындай…

0 78

«Астана ақшамы» газеті жылдағы дәстүрімен биыл да «Біздің ел осындай» атты шығармашылық байқауын жариялаған еді. Күткеніміздей байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен мектеп оқушылары белсенді қатысты. Редакция қоржынына көптеген шығармалар түсті. Солардың арасынан үздік деген мақалаларды мереке қарсаңында жариялауды жөн көрдік.
Тәуелсіздік жайлы жүрекжарды жазбаларын ұсынған барлық оқушыларға алғысымызды білдіріп, басқа мақалалар газеттің келесі санында жарық көреді.

АЗАТ ЕЛДІҢ АСТАНАСЫ

Біз – егемен, тәуелсіз, дербес елдің ұланымыз.
Біздің елдің мемлекеттік туы, елтаңбасы және әнұраны бар. Жер бетіндегі кейбір ұлттар мен халықтарды өздерінің төл рәміздері жоқ екенін білгенімде өзімнің туған Отаным бар екеніне қуанамын, мақтанамын. Сөйтем де, Қазақ елінің көк байрағы әрқашан биіктен желбіреп тұруын, халқымыздың бақытты өмір сүруін тілеймін.
Мен елордамыз Астанада туған­мын. Қазір қаладағы №54 мектеп-лицейде 11-сыныпта оқимын. Алдағы жылы алтын ұямен қош­тасамыз.
Менің ойымша, Астана – тәуелсіз еліміздің символы. Бұл қала – азат еліміздің Астанасы. Сондықтан бүкіл әлемде Қазақстанды, қазақ халқын Астана арқылы біледі.
Тәуелсіздік күні – бұл біздің еліміздің ең қасиетті мерекесі. Биыл Қазақстан халқы ел тәуелсіздігінің 27 жылдығын атап өтеді. Осы жылдарда еліміз әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жағынан биік белестерге көтерілді. Мәселен, біз бүгін әдемі, сәулетті мектепте оқимыз. Оқушылардың жақсы білім алуы үшін өте жақсы жағдай жасалған. Сондай елордамызда халықаралық стандартқа сай көптеген жоғары оқу орындары бар. Мен солардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсуді мақсат етіп отырмын. Туризм мамандығын игергім келеді.
Иә, мен үшін Астана әлемдегі ең әдемі қала болып саналады. Биыл 20 жылдығын атап өткен бас қаламызда бүгінде 1 миллионнан аса адам тұрады. Яғни, елордамыздың күн өткен сайын сәулеті мен дәулеті өсіп келе жатыр.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі барша қазақстан­дықтар үшін ең басты мереке болуы керек. Өйткені тәуелсіздіктен азат болудан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Қазақ елінің бағы арта берсін деп тілеймін.

Дильназ БОЛАТҚЫЗЫ,
№54 мектеп-лицей оқушысы
Астана қаласы

ТҮЛЕЙ БЕР, ТҮРКІСТАНЫМ!

Тәуелсіздіктің жетістіктеріне ең алдымен Түркістан жұрт­шылығы қуанды деп ойлаймын. Өйткені соңғы жылдағы ең үлкен жаңалықтың бірі – Түркістан қаласы облыс орталығы болды.
Бұрын алыста қалған шағын ғана қалашық сияқты көрінген қалаға ешкім айтарлықтай көңіл бөлмейтіндей көрінетін маған. Қаламызда әлемге әйгілі Қ.А.Ясауи кесенесі болғандықтан ғана аз-кем туристер келіп кететін. Сонда басқа жақтан келген адамдарды көрудің өзі бізге үлкен қуаныш еді.
Тәуелсіздікке дейін менің туған қаламды айтпағанда рес­публикамыздың өзінде көптеген қиындықтар болды. Жаппай жұмыссыздық, бала бақшалардың жабылуы, айлықтың уақтылы берілмеуі сияқты қиындықтардан мек­тептегі мұғалімдердің өздері ала сөмке арқалап кетті емес пе? Анамның айтуынша, өзіне ұстаздық еткен, неміс, орыс тілін жетік меңгерген, ел тарихын жатқа білетін, математиканы жаңғақша шағатын, суретті керемет салатын небір пән мұғалімдері анама сабақ беріп жүргенде бірінен кейін бірі жұмыстан босаған кезеңдер болды дейді. Менің анам да оқушы кезінде сурет салуға өте жақын болған екен. Есімде дейді, анашым, мектепаралық олимпиада жарыстарында натюрморт, пейзаж, портрет салып алғашқы орындардан көрініп, бала жүрегім ерекше шабыттанып жүргенде, осы олимпиадаларға жетектеп апарып жүрген сурет пәні мұғалімі Еркебұлан Шораев қолын бір-ақ сілтеп жұмыстан кетіп қалыпты. Суретке құштар қыз көпке дейін мұғалімнің орал­уын күтіпті. Анашымның әңгімесін ұйып тыңдап отырған мен мұны естіп селк ете қалдым. Көзім жасқа толды, анамның бала арманы бір сәтте быт-шыт болған екен-ау…
– Неге? Не болды ағайыңызға? – деп қайталап сұрай бердім мен.
– Мектепте айлық бермей қойыпты, отбасын асырау үшін саудаға кетіпті…
– Сіздің суреттеріңіз ше?
– Менің суреттерім жайына қалды…
– Естелікке де қалмады ма?
– Жоқ, бәрін жылап тұрып, контромаркаға өртедім…
Осы көңілсіз естеліктен кейін бүгінде ойлап қарасам, біздің балалық шағымыз бақытты екен ғой. Тек оқуыңды үздік оқысаң, ұнатқан ісіңмен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. Тіпті, сен олимпиадада жоғары орыннан көрініп жатсаң, мұғалімнің де мерейі артады. Бірде теледидардан көріп қалғаным бар, өз пәнін ағылшын тілінде өтсе, ол мұғалімнің жалақысы да көтеріледі екен. Мектебімізде оқушыны ынталандыратын, рухын көтеретін қаншама шаралар өтеді.
Бүгінде облыс атанып жат­қан Түркістан қаласына қо­нақ болып келсеңіз, көп өзге­рісті байқайсыз. Мектеп, бала­бақшалар жұмыс істеп тұр, ең үлкен университетімізбен мақтана аламыз. Қазақ-түрік университетінде білім алып жатқан аға-әпкелерімізге керемет жағдайдың жасалғанын, олардың шетелде оқып келу­леріне болатынын естіп осы оқу орнына түсуді армандаймын. Республикалық, облыстық үлкен шаралар осы университеттің Мәдениет сара­йында өтеді екен. Оған түрлі мемлекеттерден, басқа қалалардан қонақтар, қатысушылар келеді. Сондықтан қалада күнде тазалық, жазда гүл егу жұмыстары бел­сенді жүргізілуде. Ал қала­мызда салынған «Түркі бағы» бүгінде барлық жастардың, мектеп оқушыларының суретке түсетін, мақтанатын ең әдемі орнына айналған. Ата-анамның айтуынша, мұндай жақсы іс Тәуелсіздік жылдарынан болып жатыр. Сонымен қатар көп зауыттар іске қосылғалы жатыр. Айналада әдемі ғимараттар салынуда. Тыным таппай жасаған еңбектің арқасында Түркістан қаласын бүкіл ел тануда. Мұндағы халық та Тәуелсіздік мерекесіне ерекше дайындалуда. Осы ұлы мереке өтпей, қаламыздың еш жерінде жаңа жыл шыршасы құрылмайды. Есесіне қалада Тәуелсіздік мерекесін білдіретін үлкен әдемі билбордтар ілінуде, дайындықтар жүргізілуде. Қыс­қаша айтқанда, қаламыз көз алдымызда көркейіп келеді.
Осының барлығына сәу­лет­шілер мен ойы көркем сурет­шілердің қосқан үлесі зор. Әттең, солардың арасында менің де арманда қалған анамның әсем бір туындысы тұрар еді…

Ақжүніс ҚАСЫМХАН,
№6 М.Мәметова атындағы
мектептің 9-сынып оқушысы

Түркістан қаласы

ЕРКІН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ – БІЗ

Тәуелсіздік – қазақ халқының ең басты құндылығы. Біз Қазақстанның болашақ жас­тары тәуелсіздіктің қадірін білуге тиіспіз.
Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бос­тан­дықты аңсап, тәуелсіздікке зары­ғып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуел­сіз­дік – ата-­бабаларымыздың ежелден аңсаған арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-­сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ. Студент жастардың көшеге шығып, қарсылық білдіруі, егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын.
Қазақ хандығы құрылғаннан осы егемендікке жеткенге дейінгі аралықта мұқтаждық пен жоқшылықты, қуаныш пен қиындықты халқымыз басынан өткізді.
Қазақстан – бүтін қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жері. Ол – менің елім! Тәңірі жер қайысар мал беріп, асты­-үсті байлыққа тұнып тұрған осындай өлкені бұйыртқан халқымыздың да арманы жоқ болар. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде, дүние жүзіндегі барлық елдерге түгел дерлік танылды. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт­-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Елім менің! Оның жұпар атқан жусаны, оның кеудеңе құйылған мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз ақ жолдары, осының бәрі – туған елдің бір бөлшегі.
Заман көшіне дербес ел болып қосылған сәттен бастап еліміздің алдында көптеген мақсаттар мен міндеттер тұрды. Қазақ елі бұл мақсаттарға жету жолын ел болып ойласты. Бүгінгі таңда Қазақстан – Тәуелсіз ел. Бабаларымыздың сара жолынан өткен сан қилы тарихы бар қазақ елі қазір өзге мемлекеттермен терезесі тең. Арайлап ақ таңымыздың еш уайымсыз атуы – Елбасымыздың арқасы. Ата заңымыздың қабылданып, тіліміздің қанаты еркін самғауы, ұлттық теңгеміздің де айналысқа енуі де – Елбасымыздың қажырлы, тынымсыз еңбегі.
Біз еліміздің бір кірпіші болып қаланып, азаттық таңының өшпеуіне септігімізді тигізе отырып, еліміздің қорғаны болсақ деп армандаймын. Тәуелсіз елім, мен сенің бір перзентіңмін! Менің жүрегім өзің деп соғады. Өзің деп жырлайды. Мен өзіңнің көгілдір аспаныңда биік шыңдарға самғайтын боламын. Мен ХХІ ғасырдың білімді ұрпағы ретінде осындай бақытты елде тұратынымды бағалап, әрқашан елімнің дамуына зор үлес қосамын деп сөз беремін.

Ақжүніс ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, 
Абай атындағы мектептің
10-сынып оқушысы Сарыкөл ауылы
Жаңақала ауданы
Батыс Қазақстан облысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды