«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Біз Президентке сенеміз!

0 31

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы «Қазақстан даму қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен бірге «Қазақстанның тұрақты дамуы: сабақтас­тық, дәстүр және жаңашылдық» атты дөңгелек үстел өткізді. Басқосуға қоғамдық пікірдің көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми интеллигенцияның өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, Президент атаған басым бағыттарды одан әрі жетілдіру жолдарын нұсқады.

Төменде сол жиында айтылған бірнеше сарапшының пікірін жариялауды жөн көрдік.

Мұхтар Еркетаев, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесінің хатшысы:
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде негізгі он бағытты атап айтты. Соның бірі – жемқорлықты жою. Менің ойымша, жемқорлық қылмысқа екі адам қатысады: бірі – пара бергісі келеді, екіншісі – параны алғысы келеді. Осы мәселенің алдын алу үшін екі нәрсеге ерекше назар аударуымыз керек. Біріншіден, жемқорлықтың жегіқұрт екенін, оның адамға, қоғамға қандай зияны бар екенін балабақшадан бастап жас ұрпақтың санасына терең сіңіруге тиіспіз. Екіншіден, жемқорлықпен күреске қатысты елімізде қаншама заң қабылданып жатыр. Бірақ кейде олар бір-біріне қарама-қайшы келеді. Парламент депутаттары, Үкіметтегі құзыретті тұлғалар осыған дұрыс көңіл бөлсін.

Құндызай Ерімбетова, Білім және ғылым минис­трлігі Мемлекет тарихы институтының сарапшысы:
– Әлеуметтік жаңғыру деген мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ол бұрын да болған. Алайда бүгінгі жаңғырудың бұрынғы жаңғырудан айырмашылығы бар. Кеңес заманында ол күштеп жүргізілді. Ол жаңғыру ұрпақтарға қайғы-қасірет әкелді. Ал ширек ғасырдан бері болып жатқан жаңғыру мүлдем өзгеше. Бұл жерде дәстүрді қастерлеу, ұрпақтар сабақтастығы, жаңаша даму деген ұстаным бар. Меніңше, жетістік деген сөзді айтпауымыз керек. Бәлкім, «Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтағы өлшемі» деген дұрыс шығар. Егер жетістікке жеткен болсақ, бір ғана жемқорлық үшін реформалар топтамасын дайындамаймыз ғой.

Табия Жанмурзина, «Ілтипат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Егер біз Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, адалдықты, әділеттілікті, парасаттылықты ұстанып, халықтың алдында шындықты ашық айтсақ, қоғам, ел үшін пайдалы іс істеген болар едік. Өкініштісі сол, кейбір адамдардың осындай басқосуларда шырқыраған шындықты айтуға жігері жетпейді. Мысалы, халық шеруге шыққанда Үкіметтегі шенеуніктер, Парламенттегі депутаттар, елге танымал қоғам қайраткерлері үнсіз отырды. Қарсылық акциясына шыққан адамдар қазақстандықтар емес сияқты. Халық бір жақта, билік бір жақта қалғанын көрдік. Бұл дұрыс емес. Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі әкімдерге, шенеуніктерге кабинеттен шығып, халықпен етене араласып, мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға шақырды. Бұл – өте қуанарлық жағдай. Президенттің өзіне де, сөзіне де сенемін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды