«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Біз полициядан неге қорқамыз?

0 43

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады» деді. Құқық қорғау жүйесін толық реформалауды уақыттың өзі талап етіп отыр.

АҚШ өткен ғасырдың 80-жылдары полицияға қабылдайтын арнайы орталықтар ашып, тест пен әңгімелесуден бөлек, үміткердің іске басшылық етуіне, адамдармен тіл табысуына, топпен жұмыс жасау шеберлігіне талдау жасаған. Басты талап – полицей болатын адамның есте сақтау қабілеті мен байқағыштығы басқалардан анағұрлым жоғары, дене күші мол, моральдық тұрғыдан рухы мықты, қажет жерінде байыпты шешім қабылдайтын болуы керек.

Қабылдамас бұрын генін анықтамақ

Шетелде келешекте полицияға үміткерлерді қабылдауда оның генетикалық мінезін анықтамақ, оған себеп – жуырда «қорқыныш гені» ашылған. Колорадо университетінің ғалымдары «қорқыныш гені» адамдардың 15-20 пайызында болатынын анықтаған, әрине, мұндай адамға полицияда орын жоқ. Олар қорғанудың орнына өздері қалшиып тұрып қалып, бекер оққа ұшады екен. Сол сияқты «қаны бұзықтық» деген де ген бар болып шықты. Осы күні біздің елімізде де айыпкерге кінәсін мойындату үшін күш қолдану, ұрып-соғу, қорлау тәсілін пайдаланатын жағдайлар әредік кездесіп жататыны рас. Осы себепті де басына іс түсіп не бір жағдаймен полицияға жүгінетіндер полиция әрекетін видеоға түсіріп алуға тырысады, бұл бір жағынан жауапкершілік жүктейтіні анық, осылай полицияның өрескел әрекетінен қорғанады да. Кейде азаматтар өздері заңды бұзып, бірақ полицияны кінәлі қылып көрсеткісі келетіні де бар, яғни заңды өрескел бұзып тұрып, полицияны ашуландырып, ашу үстіндегі полицияны видеоға түсіріп, елге жариялайды. Мұндайда полицияға жалғыз жол – ашу үстінде өзін басқаруды естен шығармау керек.

Батыста үміткерге талап жоғары

Францияда 50 орындық полиция комиссары мектебіне оқуға түсуге үміткерлер саны 3 мыңнан асса, Швецияда бір орынға 13 үміткер таласады екен. Финляндияда бұл көрсеткіш 16 адам. Оларда біздегідей, ағасы қолдағаннан не бұйырғаны полицейлік жұмыс болғаннан емес, үміткер криминалдық полицияға (детектив, ФБР арнайы агенттері) болсын, патрульдік қызмет пен полиция басқару саласына болсын, ең бірінші заң мен азаматтар құқығын қорғау ниетімен келеді. Бұған айлық көлемі де, қызметкерге жасалатын әлеуметтік жеңілдіктер де себеп болуы мүмкін. Мысалы, америкалық полицейлердің айлығы жылына 30 мың доллардан 100 мың доллар аралығында. Германияда неміс полисмендері 1800-6000 еуро көлемінде жалақы алады. Түркияда құқық қорғаушының айлық жалақысы 1300 доллар көлемінде. Ал жапон жандармериясы жылына 70 мың доллар алады. Ал, бізде…
«Мәселен, өткен жылы 8800-ден астам қызметкер жұмыстан шықты. Соның 42 пайызы өз еркімен кеткен. ІІМ мониторинг жүргізу барысында жыл басынан бері БАҚ-тағы сыни фактілер бойынша 195 тексеру ұйымдастыр­ған, соның нәтижесінде 43 қызметкер ІІО-нан жұмыстан шығарылып, 87 қызметкерге тәртіптік жаза қолданған. Бүгінде 11200 полиция қызметкері жеткіліксіз. Ол жалпы 14 пайызды құрайды. Сол себепті Ішкі істер министрлігінде жұмыс толыққанды атқарылмай отыр, басты себеп, полиция қызметкерлерінің жалақысы төмен. Мәселен, полиция сержантының орташа жалақысы бүгінде 87 мың теңгені құрайды. Ал лейтенанттан майорға дейінгілер 110 мыңнан 147 мың теңгеге дейін жалақы алады. 35 мың полиция қызметкері баспанаға зәру» деген болатын Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаев. Бүгінде патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбекақысы 65 пайызға, жедел тергеу қызметі бөліністері 55, учаскелік инспекторлар (кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар) мен оқытушылардың еңбекақысы 25 пайызға қылмыстық атқару жүйесі мен полицияның өзге қызметтерінің жалақысы 20 пайызға артқан. Мәселен, патрульдік полиция қызметіне енді кіріскендер 146 мың теңге еңбекақы алатын болады. Бұрын олардың жалақысы 103 мың теңгеден аспайтын.

Полицияның бейнесі қандай?

Батыс елдерінде полицейдің жағымды бейнесін қалыптастыруға бөлінетін қаражат та қыруар. Мемлекеттік тапсырыспен боевик, триллер, сериалдар түсіріледі. Әсіресе, 2001 жылғы қыркүйек оқиғасында полицейлердің беделі жоғарылады. Өйткені Нью-Йоркте, Вашингтонда азаматтарға алдымен қол ұшын созған полицейлер еді. Қастарынан өрт сөндіру машинасы өткен сайын халық қол шапалақтап көздеріне жас алып тұрып, өз құрметтерін білдіріскен. Осыдан соң қарапайым жұрттың мысын басып тұратын еңселі, қорған тәрізді ауыр, алып ғимараттардан бас тартып, ел емін-еркін кіріп-шығып жүретін ғимараттар салына бастады. Киген киімі, өзін ұстау мәдениетіне де жаңаша талап қойылды. Рас, кеңес милициясының абыройы да ешкімнен кем емес еді, қамқор да кішіпейіл, өзі тұлғалы милиционер ағай туралы мультфильмдер көріп, заңсыз­дықтың жолын кескен милиция туралы кино көріп, кітап оқып жетілген талай ұрпақтың санасында кеңес милициясының жарқын бейнесі қалды. Ал Ресей телесериалдарының барлығында дерлік полицейлер туралы сериалдар жыл бойы толас­тамайды. Енді қазақ полицейі туралы тамаша фильм­ді атап бере аласыз ба? Және біз неге полициядан қорқамыз? Басқасын былай қойғанда, жолда көлікті тоқтатса да, сасқалақтап қаламыз. Себебі… Интернетті ашсаңыз, бізде заң нормаларын жете білмейтін әпербақан полицейлерге қатысты видео жазбалар өріп жүр. Полиция қыз­метінің мәнін, міндетін толық білмей форма киген жас жігіттер дөрекіліктің неше бір үлгісін көрсете алатынын көріп жүрміз.
Тәуелсіз қоғамдық институттар арқылы «Сіздің өз полицейіңізге көңіліміз тола ма?» деген жалпыхалықтық сауалнама жүргізілген кезде америкалықтардың 72 пайызы полицейді шын мәнінде қорғаны санайтынын айтқан. Яғни полицейлеріне көңілдері толатынын білдірген. Егер осы зерттеу бізде жүргізілсе, жауап қандай болуы мүмкін?қайдам?…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды