«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Біз осыдан қорқамыз…

0 209

Мына опыр-топырға толы, аждаһадай аузын ашқан жаһандану заманынан да сәл бұрын, қаншама ұлт пен ұлыс әлем картасынан сызылып, аты өшті. Ол халықтың ұлдарын да, қыздарын да бейжайлық басып, өз ұлтының тағдырына немқұрайлылық танытып, ақыры құрдымға кетіп тынғанына сеніңіз. Қазына байлығы шектен асқан, жан-жағын жау торыған, ширек ғасырда ең болмаса тіліне ие бола алмаған, қаракөк аспанға сыймай жерге түсіп, теледидардан ол үшін қажетті хабарларға орын бермей жыпырлаған әңгүдіктеу «жұлдыздарға» мәз болған біз енді қайтеміз деп көңіл шіркін көптен дертті.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері

Иә, біздің де ұлттық намысымыз 80-ші жылдары өртенген өңірдің жаңбырдан кейінгі көгіндей қаулап өсіп келе жатқан. Қазақшадан мақрұм қалған қазақ қақалып-шашалып жүріп ұлтының тілін үйренген. Орысша оқып жүрген баласын мектебінен жұлып алып, қазақша оқытуға апарған-тын. Қазір соның бәрі тоқтап қалғандай көрініс. Автобус толы қазақтың қыз-келіншегі орысша шүлдірлесіп, кемпірдің немересіне: «о, мой хороший» деп отырғанын көресің.
Иә, сол бір қаулап өсіп келе жатқан, ұзақ жылдар бойы қазақтың ұлттық партиясы «жазушылар одағы» дайындаған ұлттық патриотизм «бәрің де бай болыңдар» деген жалған ұранның міз бақпас қара жартасына соғылып, қирамаса да қайырлап тоқтады. Бұрын адамның анықтамасы адамдық қасиет еді, енді адамдық белгің ақша, байлық болды. Ақша-қаруың, ақша-беделің, ақшаң үшін сыйлысың. Сен ақымақ бола бер, ақшаң болса, сенен дана адам жоқ. Ақша кімге жете береді, оны таппаған, аз тапқанның күні қараң. Шортанбай жырау­дың:
– Мініп көрер күші жоқ,
Сауып ішер сүті жоқ.
Ақша деген мал шығып,
Жеткізе алмай онысын
Қалтыраумен жан шығар, – дегенінің нақ үстінде теңселген халық.
Салтанат Қанатова деген қыз фейсбукте «Көкжалдың, көкбөрінің ұрпағымыз деп қашанғы өтірік мақтана бересіздер, одан да иттің баласымыз деп неге айтпайсыздар?» деп жазған екен. Оқыдым да риза болдым. Осындай қыздың барлығына қуандым. Сол қыз бүгінгі біздің ұлттық рухымыздың соншама төмендігіне жаны қынжылып, бос мақтан, өтірік кеуде керген, бәрінен де озып асып кеттік деген жалған ұранға деген жан ауруын осылай білдірген екен.

«Құрметтілер» тұғырында нық отыр

Иә, біздің осыншама кенжелеуіміздің бір негізі «бәрің бай бол» деген ұранмен қоса жүргізілген 90-шы жылдардағы алмағайып қиын кезеңде мемлекеттің байлығын, мүлкін жаппай жекешелендіріп, кім не боларын білмей, тыраштанған тұста «колонизатор коммунистердің» өкілі – партия, кеңес басшыларының жігі сөгілмей отыруы еді. Олар ескі әдіспен ұлтын сүйген патриоттардың бетін қайтарып отырды. Бұлардың дені ұлтым бар деп ойлап көрмегендер еді. Оларда ұлтсыздану шектен асқан-тын, көбі паспорттарына ұлтын көрсетпеуге дайын еді. Бізде өз ұлтына кекесінмен, жирене қарайтын осындай номенклатураның адамдарын тәуелсіздік алғаннан кейін де билік буынында ұстау тым ұзаққа созылып кетті. Солардың көбі – кешегі КГБ-ның құлақкесті құлдары. Өздерін тегіс зейнеткерлікке дейін құрметтеп ұстап, құрметті демалысқа шығарып салып жатырмыз. Қит етсе тілге де, дінге де қарсы шығатын сол «құрметтілер». «Құрметтілердің» «игі» әсерімен тіліміз шұбар, дініміз ала-құла, өнер атаулымыз елпең-желпең. Фейсбуктегі Салтанат қарындасымды да ашындыр­ған осы жағдай болар.
Елді асқынған жемқорлыққа салып жіберген де солар дер едім. Қолында билік тұрғанда олар «приватизация» деген науқан кезінде бәрін басып қалды. Содан бері тоймай келеді. Шәһәріміздегі оқу бөлімінің бастығы мен қызметкері істі боп қалды. Біреуі үш жыл алса, екіншісі пәленбай миллион (түсіңе кірсе шошисың) төлейтін болды. Сол мекеменің бюджетінен пәленбай теңгені әкімдікке қарай апара жатқан жерінен қаржы полициясы қолға түсірген. Кім кінәлі? Кімге апара жатты? Әкім мекемесін күзететін күзетшіге емес шығар? Бәрі белгісіз. Әйтеуір гу-гу сөз. Әйтеуір, жемқорлық жолы. Әйтеуір, біреу сотталады, біреу ізін жасырады.
«Еркіндік» ауылындағы бір азамат тендерге түссе де, бар құжаты дайын болса да, өзіне бұйырар жерді ала алмай жүр. Есесіне сол күні төбесін де көрсетпеген, тендерге қатынаспаған, құжатын тапсырмаған басқа біреу жерге ие. Мәселені прокурор тексергенде, тендердің құжатын толтырушы келіншек өтірік жазғанын мойындаса да, сот «мықтының» сөзін сөйлейді. Мәселеге облыс әкімі кірісіп, дұрысына барыңдар десе де, қисайған іс әрі қарай құлауы бар, түзелмейді. Қазақ көне заманнан бері елге бай емес, әділін айтар би керек, ел бірлігі биде деп түсінген. Бізде ше? Ел енді қайда барады?
Сөзге тұрмайтындық, тайғанақтық, әкімнен, басшыдан сый күтіп, жер-көкке сыйғызбай мақтау да сол өткен «қызыл империя­ның» мықтысы, бүгінде қазақтың ақсақалдығы бойына қонбай жүрген шалдардың үлесінде.
«Тіл, тіл» деп зарлап тұрғанымыз да, рухани жаңғыру жолына түссек те, рухымызды биіктете алмай сорлап тұрғанымыз да – жер-жерде орысша оқығандар мен орысша ойлайтындар билік тізгінін қолына ұстағандықтың салдары. Ауызекі сөзі әжептәуір, қазақша газет-журнал, кітап оқығанда дым түсінбейтінін өздері мойындайды. Біздің болашағымызға сенбейтіндер неге мемлекеттік жүйеде отыр? Осыған жауап іздеген біреу бар ма? Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген еді. Үкімет жиналыстарындағы министр атаулы көзі жаудыраған өзіміздің қара көздеріміз. Ал жиналыс орысша жүреді. Әлде, әлгі министрлер қазақ емес пе? Әлде, олар қазақты менсінбей ме? Қазақты менсінбейтін министр неге Қазақ елінің биік шаңырағында отыруға тиіс?
Осындайда атақты биші Майя Плисецкаяның интернет парақшасына «Қазақтың орысқа құлай берілгендігі, орысша акцентсіз сөйлеуге тырысып, маймылдай құбылуы – қандай жиренішті, қандай өкінішті опасыздық» деп жазғаны еске түседі.

Жартыкеш жандар көбейіп жатыр

Қазақ кезінде дүниеге келіп жатқан шақалақтың кіндігін кесер кіндікшешенің өзін таңдаған. Кіндік шешенің мінез-құлқының оң болуына, жүріс-тұрысында артық-ауыс сөзге ұшырамаған адам болуына аса көңіл бөлген. Өйткені баланы жерден алғаш көтеріп алған адамның қасиеттері сәбиге беріледі деп есептеген. Қазіргі ғылым да соны мойындайды. Баланың қалыптасу кезеңі оның тағдырын шешеді. Қалыптасу кезеңінің шешуші тұсы – мектеп қабыр­ғасы. Ұлтын сүю, ұлтын мақтан ету, ұлттық рухтың бойына сіңуі ұлттық тілде оқуға байланысты. Қабырғасы қатпай жатып, өзге тілде оқып-үйренген бала өз ұлтына жат болып өсетінін өмір дәлелдеп баққан. Сол себептен де әлемнің ең озық елі жапондар бала 12-13-ке келгенше шет тілін оқытпайды. Ал біз бейшара қазақ баласына эксперименттен соң эксперимент жасап жатырмыз. Ағылшын тілі жаппай қазаққа керек пе? Керек адам өздері-ақ игеріп әкететінін неге ескермейміз?
Қазір мектеп бағдарламасының ауырлығы сондай, ата-анасыз бала оны игеруден қалған. Біз баладан робот жасап жатырмыз. Жеті тілді білетін, қай есепті болсын роботша сарт-сұрт шешетін, бірақ өмірге икемі жоқ, тауға өз бетімен шыға алмайтын, жүріп келе жатып бір жерге тастап кетсең адасып кететін, үйленуден қашатын, үйленсе бала таптыра алмайтын бала кімге керек? Біз қазақ даласын осындай балалармен толтырмақпыз ба? Қазаққа ер жүректі, ақылы парасатты, сөзге шешен, балуан тұлғалы азамат керек емес пе?!

Қыздар – ұлттың ұстыны

Ұлттың болашағы – от анасы Анада. Қыз – болашақ ана. Ұлттың тілін білмейтін, ұлт мәдениетін қадірлемейтін, дініне жирене қарайтын анадан туып, соның ықпалымен өскен ұл мен қыз азғын ұрпақ десе болады. Жазғыштар әйел қауымына «нәзік» деген атау тауып алыпты, ата-бабаларымыз «осал, әлсіз» деуші еді. Тұтас ұлтты аздырғысы келетін дұшпан әуелі әйел қауымын бүлдіруден бастайды. Батыстың гендерлік саясат дегені – осыны пайдаланып, 70 жыл дінсіз қауымда тәрбиеленіп, өзі де үркейін деп тұрған қыз-келіншектің қолтығына су бүркіп, әйел қауымын ұят деген сезімнен айыру. Адамның адамдық қасиеті – ұятының болуы. Ұятты аттап кеткен адамның хайуаннан айырмасы не?


Осының бір көрінісі шығар, бірер жыл бұрын Лондон көшелерін анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш мыңдаған әйел, есуас еркек аралап шықты. Бұл Еуропаның «міне, біздегі демократия, гендерлік саясат» деп мақтанғаны шығар. Бірақ сол тыр жалаңаштың ішінде Англияның король отбасы мүшелері, министр, оқымысты, зиялы қауымның қыз-қырқыны неге жүрмеген? Осы сойқанды – хайуани жүрісті теледидарға түсіріп, әдейі Азия мен Африканың мұсылман елдеріне көрсетті. Неге? – деген сұраққа өзіңіз жауап іздеп көріңіз. Әйтеуір, біздің елде бұл сорақы іс көрсетілмеді. Өйтсе, теледидарда қиқаңдап, ашық-шашық көрінуге жақын біздің «жұлдыздар» қарсы шыға қояр ма екен? Дегенмен де, түнгі лыпасымен теледидарға шыға келетін әнші-сымақтардан жұрт шошып-ақ қалады. Осыны көрген бір кейуа­на кемпірдің «бісмілла, не пәле» деп немересінің бетіне алақанын тосқанын көрдік. Бізде осы қалай дейтін билік өкілі бар ма өзі? Ел азбасын, жұрт тозбасын дейтін үкіметтік комиссия деген қайда?
Қазақ халқы мына жаһандану заманында алға бассын десек, қыз-келіншектерді ата-бабаның, дін ислам түзу жолына түсіруді қадағалайтын заң қабылдау керектігі – уақыт талабы. Бізде отбасын құрғандардың ажырасуы кең етек алып кетті. Соңғы деректер 30 пайыздан асты дейді. Бұл көрсеткіш мұсылман елдерінде 1 не 2 пайыздан асқан емес. Қаптаған ажырасуды тыю үшін әйелдің балаға ие болу құқын да шектеу қажет. Күйеуінің анық әйел шыдамастай қателігі болмаса, қазақ жолымен баланы әкесінде қалдыру қажет. Әйтпесе, бір-екі бала тауып алып, соған алимент алып, «қыдырыстап» жүруді мақсат тұтқан әйелдердің жөнсіз отбасын бұзуы мұнан әрі де өрістей береді.
Мәселе, тәрбиеге тірелгендіктен, себепсіз айырылысқан әйелдерді бала тәрбиелейтін орындарға, жасөспірім қыздар өсіп келе жатқан оқу орындарына, мектепке жұмысқа алу да ерекше зерттеуді қажет етеді. Отбасы, адамдық қасиет бұзылудың шегіне жеткен батыстың үлгісі, бізде ата-енені, күйеуін сыйламау әйелдердің кейпін бүтіндей өзгертіп бара жатыр. Ерінің жай ғана бірер ескертуіне шошына тулап, төркініне телефон соғып, тұра жөнелетіндер жеткілікті. Сол телефонның соңынан біздің елде ағасы не апасы келіп, келінді қайта алып кетіп, қайта алып келіп жатқан да жай бар. Сол келіншекті төртінші рет алып кеткен соң, ері енді үйіне жолатпай отыр. Жыл өтті, енді, келіншектің ағасы «алып кет» деп зар қағуда. Міне, гендерлік саясаттың ауылда салған лаңы. Не обал, не сауап?

Рухани құндылықтың бастауы – дін

Қала мешітінің имамымен имани тәрбие жөнінде біраз сұхбаттасқан едік. Имам: бізді жас кезімізде әкеміз «кімнің құлысың? Алланың құлымын» дегенді құлағымызға сіңіріп, тәрбиені осылай бастайтын еді дегенді айтты. Иә, адамның емес, әр пенде тек Алланың құлы екенін санасына құйып өссе, біз мынау толып жатқан келеңсіздіктен арылар едік. Қыздың да, ұлдың да ел алдындағы жауапкершілігі артар еді. Қазақтың ғасырлар бойы өзін-өзі тану, ұстау жолы анықтала түсер еді. Қазақ ішкі дүниесін «міне, көр» деп еш уақытта жарқыратып ашып тастамаған. Қазақ жастарының арасында бұрыннан келе жатқан бір-біріне орамал сыйлау дәстүрі бар еді. Өзінің ішкі сезімін білдірудің қандай ұстамды, сыпайы жолы десейші. Сол орамалға жас жүрегін орағандай күй кешетін. Ол соны мәңгі сақтауға тырысатын. Қазір бұл дәстүр де ұмыт қалған.
Тәуелсіздікпен бірге ислам діні де қайта оралды. Қаншама мешіттер ашылды. Мешіттер жастарға толды, олардың жүрегіне исламның ізгі қасиеттері нұр болып енді. Қарқындап келе жатқан бұл үлгі де бүгінде тосқауылға тап болғандай. Талай мешіттердің діни ұстанымда білім алған имамдары күнкөрісінің жоқтығынан ізгі жұмысын тастап кетуге мәжбүр болды. Мен білетін бір мешіттің имамы өзі үй сыпырушы, өзі от жағушы. Имам болғаны үшін көк тиын алып отырған жоқ. Оны осы мешітте тек мұсылман дінінің нұры, қанына сіңген мұсылмандық ізгілік ұстап отыр. Апырмай, дейсің іштей, жаңа құрылған Дін істері министрлігі осы жайда неге ескермейді? Бізде ата-бабамыз ұстаған діни жолды тастап, сойқан жат ағымдар санасын улап бара жатқан жандар тағы бар. Мешіттерде имам жоқ, мектептерде діни сабақ жүрмейді, осыған алаңдамайтынымызды немен түсіндіруге болады?
Ал әлгі аты өшкір суицид дегенің қарадай шошытады. Оны тыюдың жолы – не ислам дініне сүйену, не әдебиетпен жастың көңіліне тіршіліктің сәулесін құю. Жапон елінде бір кезде өзіне қол жұмсаушылардың көптігінен мәйітханаларда орын болмай, билік дағдарысқа ұшыраған. Жапон елі мұны тыю үшін әдебиетке сүйенген. Ақын-жазушыларды саралап, олардың шығармаларының ішінен жанды рахат сезімге бөлейтін, жүрекке тыныштық сыйлайтын, ұлттың мүддесін ғана қорғайтын өлеңдерді, хикаяттарды таңдап көптеп шығарып, елге сыйлаған. Іштей тұйықталған азамат, тоңтеріс күйге түсіп, өмірден үмітін үзе бастағандар әдебиеттің арқасында қайта есін жиып, суицид деген пәледен құтылған. Ал біз не ислам, не әдебиеттің озық үлгісін алға тартпай әлі дәрменсіз жағдайда жүрміз.
Біз өткен тарихқа да, бүгінгі күнге де, ұлттық көзқараспен қарап, тануымыз керек. Ол жеке партия­лардың, не топтардың мүддесіне байланысты болмауға тиіс. Франция президенті генерал Шарль де Голль: «Өз жерінде француздар алда тұрмаса, ондай елдің маған қажеті жоқ. Жергілікті халықтың мүддесі шешілмесе, басқа ұлттың мүддесі шешілмейді» деген.
Бүгінгі күнде әлемнің қай елі болсын адами капиталдың өсуіне ерекше көңіл бөлуде. Мемлекеттің беріктігі адамның саяси, мәдени санасының байлығымен, мықтылығымен өлшенеді. Сол себепті Америкада адам капиталы 76 пайызды, Еуропада 74 пайызды, Қытайда 74 пайызды құрайды. Біздің елде 13-15 пайызға зорға жетеді екен. Тіпті, Ресейдің өзінде адамды зерттеу орталығы жұмыс істейді екен. Олар орыс адамын ары қарай жетілдіру мақсатында бағдарлама қабылдаған. Санамыз жетілмей, біз сияқты әрі-сәрі күн кешіп жүрген жұрт қайда барады?
Біз осы Тәуелсіздікті жөнімен тани алып жүрміз бе? Біз осыдан қорқамыз.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы,
«Құрмет» орденінің
иегері

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды