«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Биылғы инфляция деңгейі

0 54

Бұрнағы күні Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда басқа да мәселелермен қатар, 2017 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі және оны жылдың соңына дейін ұстап тұру жайы қаралды.

Күн тәртібіндегі бұл мәселе бойынша бірінші болып Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Ол өзінің сөзінде биылғы жылдың басынан бергі инфляциялық үдерістердің бәсеңдегені байқалып отырғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, ол қыркүйек айында 0,3 пайызға өссе, жылдың басынан бері 4,2 пайыздық мөлшерді көрсетіп тұр. Бұлайша бәсеңдеудің факторлары ретінде валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануын, нарықтың инф­ляциялық болжамдарының қалыпты болуын, сондай-ақ, негізгі азық-түлік тауарларын өндірудің арта бастағанын атап өте аламыз. Бұған соңғы үш айда азық-түлік тауарлары бағаларының ұдайы түсіп келе жатқаны да айғақ болады.
Сонымен бір мезгілде, бағалар мен ақылы қызмет көрсету тарифтер бірқалыпты қарқынмен өсіп келеді. Ал азық-түлік тауарлары бағаларының маусымдық сипатта төмендеуіне қарамастан, биылғы жылдың басынан бастап пияз, сәбіз, қызылша, қой еті және сиыр еті бағаларының айтарлықтай көтерілгені байқалады. Осылайша, азық-түлік тауарларының бағасы 3,1 пайызға, азық-түлік емес тауарлар бағасы 5,5 пайызға және ақылы қызметтер бағасы 4,3 пайызға артып кеткен. Бұлардағы ең көп мөлшердегі өсім дизель отынына, бензинге, сұйылтылған газға, маталарға, кеңсе тауарларына, аяқ киім мен қатты отынға қатысты болып отыр. Сол сияқты жұмыртқа, қарақұмық, капуста, қант және күнбағыс майы бағасының екі таңбалы мөлшерде арзандау деректері тіркелген. Олардың азық-түлік тауарлары құрамындағы үлесі 9,1 пайызды құрайды.
Министр жыл соңына дейін бірқатар тауарлардың бағалары өседі деп болжанып отыр­ғанын атап өтті. Мәселен, төртінші тоқсандағы мерекелер қарсаңында, әдеттегідей, жеміс-жидектер мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағалары өседі. Сол сияқты Павлодар мұнай өңдеу зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары салдарынан бензин бағасы да негізсіз өсіп кетуі мүмкін. Ал жылыту мау­сымының басталуына байланысты бірқатар өңірлерде қатты отынның бағасы күрт көтеріліп келе жатқаны байқалады. Ол қазір Алматы қаласында – 19,0, Алматы облысында – 16,4 және Ақмола облысында 10,6 пайызға артқан.
Баяндамашы, сонымен қатар, жылдың соңына дейін инфляция деңгейінің біршама өскелі тұрғанына тоқталды. Ол, осыған орай, алға қойылып отырған міндеттің бұл мөлшерді 6-8 пайыз аралығында ұстап тұру екенін ашып айтты. Бұл үшін облыстар әкімдері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, өңірлік тұрақтандырушы қорларында негізгі азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қамтамасыз етіп алуы керек. Бұған қоса, күнделікті баға мониторын жүргізіп отырулары тиіс. Ал Энергетика министрлігі облыс әкімдерімен бірге жылыту маусымы кезеңінде жанар-жағармай материалдары бағаларының негізсіз өсіп кетулеріне жол бермейтін болулары қажет.
Отырыста Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өнімдерінің ішкі нарығы үшін 111,1 млн тонна мұнай өңделгенін, мұның өткен жылғы осы кезеңге қарағанда 3,6 пайыз­ға жоғары екенін баяндады. Автобензин өндірісі 2 млн 270 мың тоннаны құраған, бұл да 2016 жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштен жоғары. Мысалы, АИ-92 маркалы бензин литрінің орташа бағасы қаңтар айында 135 теңге тұрса, қыркүйекте орта есеппен 150 теңгеге дейін өсіп, өсім 11 пайыз­ды құрады. Бензиннің бұл сұрпының импорт үлесі шілде-тамыз айларында 15 па­йыздан қыркүйекте 30 па­йызға дейін ұлғайды. Бұл мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстарының аяқталуына орай жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланыс­ты болды.
Энергетика министрлігі нарықтағы баға жағдайын мұқият қадағалап отыр, мәселен, бірнеше жанар-жағармай стансаларына қатыс­ты әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар, ағымдағы жағ­дайды ретке келтіру бойынша қадамдар жасалып жатыр. Шымкент мұнай өңдеу зауытында қазан айында өңдеу жоспары 110 мың тоннаға өсті, бұл ішкі нарықты бензин және дизельдік отынмен қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық жанар-жағармай стансаларының жұмысы есебінен қараша айында АИ-92 бензині бойынша импорт үлесін – 30 пайызға, желтоқсанда 20 пайызға дейін төмендету көзделуде.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов өнімді тұрақтандыру қорларының жұмысы өткен жылмен салыстырғанда барынша жүйелі екеніне тоқтала келіп, мұның әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының өсімін шектейтінін жеткізді. Биылғы жылғы 11 шілдеде өткен Үкімет отырысында әкімдіктерге тұрақтандыру қорлары үшін өнімдер сатып алу тапсырылған болатын. Қазіргі таңда әкімдіктерге аталған жұмысты жандандырып, осы жылдың 15 қарашасына дейін аяқтау қажет.
Отырыс барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақа­уов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев және Астана әкімі Әсет Исекешев күн тәртібіндегі мәселе бойынша есеп берді.
Үкімет басшысы барлық салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тауарлар мен қызметтерге, әсіресе, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына баға өсімі мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Серік Пірназар

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды