«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Биыл 3200 адам қажылыққа барады

0 27

Биыл Қазақстаннан 3200 адам үлкен қажылық сапарға аттанады. Оларды қажылық сапарға апарумен 18 компания айналысады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай Тағанұлының айтуынша, Қазақстан азаматтарын қажылыққа апаруға екі әуе компаниясы бекітілген. «Қазақстандықтардың қажылыққа баруына 18 фирма, 2 әуе компаниясы жауапты. Қажылардың қауіпсіздігіне жауап беретін 12 адамнан құралған арнайы миссия құрылды. Олардың қатарында найб мүфтидің жетекшілігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 8 өкілі, дін істері комитетінің өкілі және 3 дәрігер бар. Фирмадан да бір діни қызметкер бірге жүреді» деді мүфтият өкілі.
Елімізде қажылық парызын өтеушілердің саны жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, 1990 жылдан 2019 жылға дейінгі 29 жыл аралығында Қазақстаннан 56635 адам қажы атанған. «1990 жылы Сауд Арабиясы елімізге 50 қажылық квота бөлсе, бұл сан жыл сайын молайып, өткен жылы 3000 адам квота алды, биыл бұл көрсеткіш 3200 адамға жетті» деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Биыл өңірлер арасында Түркістан облысынан қажылыққа баруға ниет білдірушілер саны көп. Қазіргі уақытта республика бойынша 530 мешітте қажылықтың мақсаты мен тәртібін түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды