«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бітімгер әскерлердің көрмесі

0 18

Кеше Ұлттық музейде «Ирак ашық аспан астында: қазақстандық және польшалық бітімгер әскерлер» атты халықаралық көшпелі фотокөрме ашылды.

Бұл игілікті шараны ҚР Қорғаныс министрлігі, Ұлттық музей және капитан-бітімгер Қайрат Құдабаев атындағы қоғамдық қор мен Қазақстандағы Польша республикасының қорғаныс істері жөніндегі атташесі ұйымдастырды.
Көрмеге 50-ден аса туынды ұсынылды. Оның ішінде 2005 жылғы 9 қаңтарда Васиб провинциясында ерлікпен қаза тапқан 29 жасар капитан Қайрат Құдабаевтың авторлық суреттері бар.
Мәдени шараның ашылуында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Талғат Мұқтаров пен Польша республикасының запастағы бригада генералы Гжегож Бушка көрменің маңызына тоқталып, екі жақтың бітімгер әскерлері Иракта бейбіт өмірді қалыптастыруға белсенді үлес қосқандығын айтты. Сондай-ақ ашылу салтанатында Астана – Варшава тікелей телекөпірі іске қосылып, оған Польша республикасының ұлттық қауіпсіздік Бюросы әскери командасы департаментінің директоры, бригада генералы Ярослав Крашевски мен Қазақстанның Польшадағы Өкілетті және Төтенше Елшісі Марғұлан Бақытұлы қатысып, жиылған қауымға ізгі лебіздерін білдірді.


Ирактағы миссия кезінде Қазбаттың инженерлік-саперлік отрядымен 290 қазақстандық әскери қызметшілер қатысып, 10 рет ротация болған. Контингенттің негізгі мақсаты – жарылмай қалған әскери қару-жарақтарды тауып алып залалсыздандыру, далалық пункттерді ауызсумен қамту, суды тазалау және медициналық жәрдем беруді көздеген.
Ирактағы миссия басталғалы жеке құрам 4 миллион жарылу қауіп бар нәрселердің көзін жойып, 6 718 текше метр суды тазалаған, сапер ісіне Ирак әскери академиясының 572 курсантын машықтандырған. Қазақстандық әскери дәрігерлер әйелдер мен балаларға, сондай-ақ лаңкестік шабуылдардан зардап шеккендерге медициналық жәрдем берумен айналысқан.
Алдағы 25 мамырда Варшавадағы Польша Войскосы музейінде осы фотокөрменің ашылуы болмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды