«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бірыңғай жиынтық төлемнің тиімділігі

0 46

Биылдан бастап Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін салық режимінің жаңа түрі енгізілді. Енді бұл режимге сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар бірыңғай жиынтық төлем төлеуі керек. Оның қандай тиімділігі бар? БЖТ-ны нақты кімдер төлеуі тиіс? Осы мәселелер жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Сәуле Баймағамбетованы сөзге тарттық.

– Сәуле Кеңесқызы, ең алдымен бірыңғай жиынтық төлем жайлы айтып өтіңізші.
– Бұл – бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың кәсібін тіркеу тәртібін жеңілдетуді қарастыратын жаңа режим. Яғни мемлекеттік органдарда немесе жеке кәсіпкерлерде, жауапкершілігі шектеулі серіктес­тіктерінде тіркеуде тұрмаған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған төлем. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген режим 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылады.
– Сонда нақтырақ айтқанда, бұл төлемді кімдер төлеуі тиіс?
– Мұны жеке тұлғаларға түрлі қызмет көрсететін жеке тұлғалар төлейді. Мысалы, бала күтуші, ауруды күтуші, тұрмыстық техника, компьютер, ұялы телефон жөндеуші, сантехниктер, сонымен қатар, үйінде мал ұстап, бау-бақша салып, өз өнімдерін сатушылар және басқалар. Өз өнімдерін ұсынғанда да олар сауда-саттықты коммерциялық ғимарат ішінде емес, үйінде немесе жеке орында жүзеге асыруы тиіс. Бастысы, олар ешқандай жеке кәсіпкерлікте тіркеуде тұрмауы керек.
– Такси жүргізушілері бұл тізімге кірмей ме?
– Иә, кірмейді. Себебі жолаушы тасымалдаушылар қызметі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен реттеледі. Автокөлік туралы Заңның 1-бабының 25-1 тармақшасына сәйкес, таксишілер жеке кәсіпкер немесе жолаушыларды және жүкті тасымалдауға қызмет көрсететін заңды тұлға болып саналады. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңның 26-бабына сәйкес, тасымалдаушы ретінде өз қызметін бастағанға дейін жергілікті атқарушы органға тұжырымдама жіберуі тиіс. Осы себеп ескеріле отырып, жолаушы тасымалдаушылар бірыңғай жинақтаушы төлем төлеуші болып есептелмейді.
– Ал асабалар мен шаштараздар ше?
– Егер асабалар, әншілер, бишілер және басқа да той шарасына қызмет көрсетушілер мейрамханада ұйымдастырылған кеште өнер көрсетсе, олардың бірыңғай жиынтық төлем жасауға құқығы жоқ. Себебі мейрамхана коммерциялық мекеме қатарына жатады. Тек үйдегі мерекелік шараларға қызмет көрсетсе, БЖТ төлеуі керек. Сол сияқты сұлулық салоны да коммерциялық мекеме болып есептеледі. Сондықтан салонда еңбек ететін шаштараздардың да БЖТ төлеуге құзыреті жоқ. Ал егер тырнақ бояу, шаш қию сияқты басқа да қызмет түрлері бойынша клиенттерді өз үйінде қабылдаса, оның бірыңғай жиынтық төлем жасауына мүмкіндік бар.
– Жалпы, бірыңғай жиынтық төлемінің көлемі қанша?
– Елорда мен Алматы, Шымкент қалалары және облыс орталықтарының тұрғындары үшін 1 АЕК, яғни 2 525 теңге болса, басқа елді мекендерде тұратын азаматтар үшін – 0,5 АЕК (1 263 теңге).
– Бірыңғай жиынтық төлем жасаудың азаматтарға қандай пайдасы бар?
– Бірыңғай жиынтық төлем жасайтындар алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерге ие болады. Мәселен, міндетті медициналық сақтандыру 2020 жылдан бастап толық көлемде енгізілетін болады. Бірақ сақтандыру қорына ақша аудармаса, азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін қызмет түрлері ғана көрсетіледі. Ал қымбат медициналық қызметтер, зертханалық жұмыстар, рецептуралық дәрілер тек сақтандыру есебінен жүргізіледі. Егер адам кенеттен еңбекке қабілеттілігін жоғалтса немесе мүгедек болып қалса, онда бейресми жұмыспен қамтылу кезінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлем жасамаса, ол мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы ғана алады. Ал бірыңғай жиынтық төлем жасаса, ол мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша әлеуметтік төлемдер ала алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды