«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бірлік түбі – тірлік

0 122

«Астана – таза қала!» атты жалпы­­қалалық сен­білікке Алматы ауда­нының тұрғын­дары белсене атсалысты. Бұл ауданда 40 мыңнан аса жұрт екі қол­ға бір күрек ұстап, қала тазалығы үшін еңбектенді.

saryarka

Экологиялық айлық аясында ұйымдас­тырылған сенбілік кезінде Алматы ауданында 5 мыңнан ас­там ағаш егілді. Ағаш отырғызу үшін ауданнан арнайы жеті орын белгіленді. Аймақтардың ішінде ең көп көшет жаңа Триатлон паркіне отырғызылды. Бұл саябақта енді тағы 2 мың тал-терек бой тіктейтін болады.
Астаналық кәсіпкерлер мен ЕҰУ студенттері музей қызмет­керлеріне қосылып, Ұлттық музей аумағына 323 тал екті. Бұл істен қала маңындағы тұрғындар да қалыс қалмай, «Железнодорожный» тұрғын алабына 350 ағаш отырғызды. Немерелерін ертіп шыққан зейнеткерлер болса, Абылай хан даңғылындағы жасыл желектің көркеюіне үлес қосты. Сондай-ақ, Тәшенов көшесіндегі жаңа гүлбақ та назардан тыс қалмады.
Елордалық журналистер де еңбектеніп, «Президент» паркі­нен арнайы бөлінген аймаққа 50 тал екті.
– Игі дәстүрге айналған сенбілік­тің арқасында айналамыз айнадай тазарып қана қоймай, қаншама ағаш отырғызылады. Біздің ау­дан­­ның өзінен шараға 42 мың адам қатысуда. Бұл бір жағынан біз­дің ынтымағы жарасқан ел екеніміз­ді көрсетеді. Тазалыққа немқұрайлы қарамай, сенбілікке шыққан жұрттың бәрі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Іс өнімді болу үшін 209 арнаулы техника тартылды, – деді Алматы ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аудан әкімінің айтуынша, бір апта бұрын өткен коммуналдық сенбілікке 9 мыңнан аса адам қа­ты­сып, 154 техника жұмыл­дырылыпты. Нәтижесінде 309,3 тонна қоқыс шығарылған.
Бұл ауданда биыл көктемде өткен сенбілік кезінде 4 800 ағаш отырғызылды. Ал былтыр жалпы 7 265 ағаш егілген.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды