«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бірлік пен мейірімділік

0 50

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов баспасөз мәслихатын өткізді.

– Арыстағы апатты оқиға барша қазақстандықтардың жүрегіне ауыр тиді. Осы оқиғаға байланысты соңғы екі-үш күнде республика тұрғындарының бірлігі, тұтастығы, мейі­рім­ділігі, қайырымдылығы көрінді, – деп бастады журналис­термен кездесуін елорда басшысының орынбасары.
Ерлан Каналимов Арыс қаласында орын алған жағдайға орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тарапынан, сондай-ақ елорданың қарапайым тұрғындары бас­тамасымен атқарылып жатқан шараларды баяндап берді. Біріншіден, қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов бастап барған астаналық құрылысшылар Арыс қаласындағы қираған, зақымдалған нысандарды жөндеуге кірісіп кеткен. Қазір мұнда 15 бригада жұмыс жүргізуде, олар 9-ыншы секторда белгіленген мектеп, балабақша және тұрғын үйлерді қалпына келтіріп жатыр. Сонымен қатар елордадағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар ұжымдары бір күндік жалақыларынан 200 миллион теңге жинап, Арыс тұрғындарына көмек ретінде жіберіп, қайырымдылық танытқан. «Арыс. Біз біргеміз!» жалпыреспубликалық акциясына да астаналықтар белсенді қатысып жатыр. Қазір қалада көмек көрсетуге арналған 5 нүкте іске қосылған. Қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлердің көмегімен 160 тоннаға жуық азық-түлік, киім-­кешек, басқа да тұрмысқа қажетті заттар 8 көлікке тиеліп, Арысқа жіберілді.
– Қайырымдылық іске қосылған, мейірімділік танытқан барша елордалықтарға қала әкімінің, әріптес­терімнің атынан үлкен ризашылығымды білдіремін, – деді Е.Каналимов.
Арыс оқиғасы, әсіресе, балалар үшін өте ауыр тигені сөзсіз. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 500 арыстық баланы бүгіннен бастап елордада қабылдап, оларға рухани және психологиялық тұрғыда демеу көрсетпек. Атап айт­қанда, балалар үшін экскурсиялар ұйымдастырылады, қонцерттерге барады. Елорда күніне арналған мерекелік шараларды да тамашалайтын болады.
Баспасөз мәслихаты барысында Ерлан Каналимов Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тарапынан халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау бо­йынша атқарылып жатқан жұмыс­тар жөнінде де егжей-тегжей
баян­дап өтті. Сондай-ақ жақындап қалған елорда күні мерекесі туралы да мәлімет берді. Биылғы мерекелік шаралар ықшамдалып өткізілетінін, Қазақстан және Ресей жұлдыздарының қатысуымен өтетін ауқымды іс-шаралардың қысқартылғанын жеткізді. Мереке, негізінен, аспан аясында, саябақтар мен алаңқайларда ұйымдастырылатын болады. Көптеген спорттық жарыстар мен өнер байқаулары өтеді.
– Елорда күні бір қаланың ғана мерекесі емес, бұл – бүкіл респуб­ликамыздың мерекесі, бұрыннан айтып жүргеніміздей, елорда тойы – елдің тойы. Жалпы, 100-ге жуық іс-шара белгіленіп отырса, соның 73-іне тегін баруға болады. Сондықтан дәстүрлі мерекеміз жалғасатын болады, – деп атап өтті
Е.Каналимов журналистер сұрағына берген жауабында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды