«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бірлігі бекем елдің ырысы мол

0 86

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын халыққа арнайтын Жолдауларының қайсысын алып қарасаңыз да, әлеуметтік маңыздылығы мен белгілі мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын байқаймыз. Бас құжаттың биылғысынан да осы тұрғыдан сипатты көріп отырмыз: әлемде орын алған саяси шиеліністермен қатар келген жаһандық қаржы дағдарысының қарсаңында ілгерілеудің жоспары баяндалған.

Иә, Жолдау жолдарынан көп нәрсені ұқтық, бағдарымыздың айқындығына көзіміз жете түсті, келешегіміздің кемел болатынын білдік. Ендігі кезекте, халық болып жұмылып, Жолдауды іске асырып, қолдауымыз керек.
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты бас құжаттың басты ерек­шелігі жаһан­дық конъюктуралар өзгеріске ұшырап, қар­жылық дағдарыс қаупі туындаған тұста әлеуметтік саланы ұлттық қор арқылы қуат­тан­дырып, «Қазақстан – 2050» стратегиясын одан әрі қалыптастыру болып қала бермек.
Мемлекет басшысы осы Жолдауда барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтып, толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін жұдырық болып бірігуді, өзара бірлікті ны­ғайтуды ерекше атап өтті.
Ұлт көшбасшысы өз сөзінде: «Тұрақ­тылық пен келісім дегеніміз не? Ол отба­сылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпы­халықтық жетістік» деді.
Шын мәнінде ел Тәуелсіздігінің арқасында, елдегі сан ұлт пен ұлыстың өзара бірлігінің арқасында ата-бабамыз аңсап кеткен мәңгілік мұраттарға қол жеткіздік, Еуразия кіндігі, еліміздің жүрегі болған, әсем шаһар – Астананы тұрғыздық.
Өздеріңіз білесіздер, Құранның «Ибрахим» сүресінің 7-ші аятында Алла тағала: «Менің берген нығметтеріме шүкірлік етсеңдер, әлбетте оларды арттыра түсе­мін» деп ескертеді.
Халқымыз қаншама аумалы-төкпелі замандарды да, неше түрлі нәубеттерге душар еткен бодандықты да бастан өткерді. Алла Тағалаға шүкір, әйтеуір «мың өліп, мың тірілген» ұлтымыз тәуелсіздікке қолы жетіп, ата-баба дінімен де қайта қауышты.
Аллаға сансыз мадақтар болсын, елімізде мешіт-медреселер саны жыл сайын көбейіп келеді. Қазіргі таңда Астана қаласының өзінде 8 мешіт, 1 медресе қызмет жасауда. Мешіттеріміз жамағатқа толы. «Астана» медресесінде қазіргі таңда жалпы саны 120 шәкірт білім алып жатыр.
Сондай-ақ биылғы оқу жылында орыстілді имамдарды дайындайтын арнайы орыс тобы ашылды. Аталған топта келешекте халыққа насихат жүргізіп, асыл дініміздің құндылықтарын орыс тілінде жеткізетін бола­шақ 14 теолог-мамандар, имамдар даярлануда.
«Мәңгілік Ел» идеясын қалып­тастыруда, ХХІ ғасырдағы түрлі кедергілерді еңсеріп, бәсекеге қа­білетті әлемдегі 30 елдің қата­рынан орын алу жолында ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан дәстүрлі дініміздің орны өте зор.
Себебі, «Қазақстан-2050» стретегиясында Елбасымыз: «Біз – мұсыл­манбыз, оның ішінде – Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз» деп, ұлттық құндылықтарға негізделген ханафи мәзхабының маңызды­лығына ерекше тоқталған еді.
Биыл Астана қаласында асыл дінімізді дәстүрімізбен нақыштайтын бір қатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Елбасымыз: «Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – елдің бірлігі. Ауыз­бір­шілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақ­станның шыққан шыңы мен бағын­дырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі» деп, бар­ша қа­зақстандықтарды өзара бірлік пен татулықты ту етіп, биік мақсаттарды еңсеруге үндеді.
Қазақта «Елдің қамын ер ойлар, ердің қамын ел ойлар» деген аталы сөз бар. Асыл дініміздің шариғат шарттарының бірі де – басшыға мойынсұну, бағыну болып табылады. Олай болса, бірлігі жарасқан еліміздің абыройын одан сайын асқақтата түсетін Елбасы Жолдауына, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020-шы жылға дейінгі Тұжырымдамасына қолдау көрсетіп, жұмыла іске асыруымыз қажет.
Лайым, Алла тағала тәуелсіз еліміздің көгін­де желбіреген көк байрағын баянды етіп, нұрлы болашаққа бастар тура жолдан адастырмасын!

Наурызбай қажы Өтпенов,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды