Вторник, 25 Июль 2017
-->

БІРЛЕСКЕН БИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТХАНА

Астанада Қазақстан-Қытай аграрлық-инвестициялық форумы өтті. Аталған басқосуға екі жақтың бизнес, білім беру және ғылым саласының 100-ден астам өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Қазақстан-Қытай биология­лық қауіпсіздік зертханасының іргетасы қаланды. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Г.Исаева, ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Департамент директоры Ма Ю Цай, Харбин ветеринарлық зерттеу институтының профессоры Жигао Бу, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы А.Әбдіров қатысты.

Аталған жоғары оқу орны Солтүстік-Батыс ауыл және орман ша­руа­шылық университетімен бірлес­кен агротехникалық парк ашуға және қытайлық картоп өсіруші XISEN компаниясымен картоп өсіруге арналған тәжірибелік шаруашылық құруға келісім-шарт жасады. Зертханада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Харбин ветеринариялық зерттеу институты мен Шынжаң аграрлық университетіндегі әріптестерімен бірге жануарлар ауруы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Айт­жан Әбдіровтің айтуынша, мұндай зерттеулер төрт түлік малды жаппай қырылудан сақтайды.

– Зертхана мамандары жануарлар мен құстар ауруының алдын алып, азық-түлік пен мал өнімдерінің зерт­ханалық зерттеуін жүргізеді. Ол Қазақстандағы мал ауруларын диаг­ностикалау мен алдын алу және азық-түлік өнімдерін сынау саласындағы жетекші мекемелердің бірі болуға тиісті. Сонда біз Қытай елімен шекаралас аймақтардың биология­лық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қытайға шығарылатын ет экспортын ретке келтіреміз, – деді ол.
Ал Ма Ю Цай ғылым мен маман дайындау саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне алғыс білдірді.

Зертхана Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында бекітілген Келісімді және Қытай Ауыл шаруашылық ғылымдар академиясы, Шынжаң аграрлық университеті, Харбин ветеринариялық зерттеу институты мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасындағы өзара түсі­ністік туралы Меморандумды іске асыру мақсатында құрылып отыр.

Серік Жолдасбай

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*