-->

БІРЕГЕЙЛЕР АНЫҚТАЛАТЫН БІРІНШІЛІК

erm_9626-asli

Астанада үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Бірегейлерді анықтайтын біріншілікке еліміздің 16 өңірінен 112 спортшы қатысып жатыр. Осы сайыстың нәтижесінен кейін ұлттық құрама жасақталмақ.

Елордада өтіп жатқан ел чемпионаты 11 наурыз күні басталды. Тур­нирдің алғашқы күнінде әйелдер ара­сындағы командалық кездесулер өтті.
– Бұл чемпионат Астана қа­ла­сын­да алғаш рет ұйымдас­тырылып тұр. Бұқаралық спортқа баса мән бе­ре­тін біздің қаламыз үшін бұл турнир – үлкен мереке. Біріншілікке Астана қаласының 20 теннисшісі қаты­суда. Оның тең жартысы ерлер болса, жартысы – қыздар. Барлығы – біз­дің мектептің түлектері мен тәр­биеленушілері. Астаналықтардың ішінде Кирилл Герасименконы ерекше атап өтуге болады. Ол – спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, сондай-ақ, Рио Олимпиадасының қа­тысушысы. Болашағынан мол үміт күтті­ретін спортшылардың қатарын­да Малика Сандыбаева да бар. Қалған жастарымызды да осал деуге болмайды. Олардың осындай үлкен сайысқа қатысуының өзі мәртебе, тәжірибе болмақ, – деді №9 Балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектебінің директоры Айдын Тоқбаев.
Чемпионатта ерлер және әйелдер арасында командалық кездесулер, жұптық сайыстар және жеке разряд­тағы сайыстар өтеді. Сондай-ақ, бұл турнирде жігіттер мен қыздар жағы өзара бөлініп бақ сынамай, жұптық жарыста араласып та сынға түседі.
Наурыздың 16-сына дейін жал­ға­сатын біріншілікте әзірге әйел­дер арасындағы ко­ман­далық сайыс жеңім­паз­дары анықталды. Бұл сында Қара­ған­дының қыздары тағы да чемпион атанды. Тағы да деуі­міздің себебі бар. Бұлар был­тырғы сайыста да алтыннан алқа таққан. Олар жартылай финалда Батыс Қазақстан облы­сының командасын жеңіп, финалға шықты. Ақтық сындағы қарсыласы Алматы командасы бұған дейін пав­лодарлықтарды жолда қалдырды.
Сонымен, финалда Қара­ған­ды облысы алматы­лықтарды 5:0 есебімен тізе бүктірді. Команданың сапында Наталья Сладкова, Юлия Гац, Зәуреш Ақашева, Маргарита Харечко және Александра Смирнова ойнады. Ал Алматының қоржынына күміс медаль салған қыздар – Валентина Успанова, Айя Әлімбаева, Анель Бахыт, Елена Бейсенова және Дина Жанәділова.
– Сайыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жан-жақтан жиналған спортшылар жетерлік. Олардың ішінде талай жарыста алдыңғы қатардан көрініп жүрген спортшылар да бар. Осы спорт түріне ден қойғаныма бүгінде 24 жыл болыпты. Арасында аздап үзіліс алып, демалған кезім де болды. Осынау жылдардың ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында универсиаданың жеңімпазы болдым. Біріншіліктің сәтті өтуіне тілектеспін, – деді елордалық теннисші Әлия Жанпейісова.
Бүгін жеке разрядтағы алдын ала ойындар жалғасады. Ал ертең жұптық жарыстар басталмақ.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*