«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бірегей балет кеші

0 109

Кеше бас қалада алғаш рет «Астана операның» үлкен залы сахнасында Париж ұлттық опера театры шеберлерінің қатысуымен бірегей балет өнерінің таңғажайып кеші шымылдығын түрді. Еуропалық балеттің жұлдыздары біздің көрермендерге хореограф Себастиан Бертоның көркемдік жетекшілігімен «Gala de Paris» бағдарламасын ұсынды.

Бұл айтулы шара елорданың 20 жылдығы аясында ұйымдас­тырылды. Сондай-ақ, осындай ауқымды мәдени оқиға Париж ұлттық операсының 350 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Париж опера балеті – XIV Людовик патшаның 1661 жылы Корольдік би академиясы ре­тінде негізі қаланған. Бүгінде іргелі ұжымның құрамында 150-ден астам әртіс қызмет етеді.
Театрдың көркемдік жетекшісі – Орели Дюпон. Бір жыл ішінде балет труппасы 180-нен астам сахнада өнер көрсетеді. Олардың әрқайысы операның асқақ биігі саналады екен.
Бұл театрдың сахнасында біздің дарынды жерлестеріміз де көрермендерді тәнті еткен. Айталық, «Астана Опера» балет труппасының көркем­дік жетекшісі Алтынай Асыл­мұ­ратова 90-жылдары әйгілі сахнада Р.Нуреевтің қойылым­дарындағы басты партияларда ойнаған. Мәселен, әлемге танымал прима Л.Минкус­тың «Баядерка» балетінде Никияның рөлін орындап, П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетіндегі Одетта мен Одилияның бейнелерін келісті сомдады. Сонымен қатар, Париж сахнасында отандық опера өнерінің майталмандары Майра Мұхамедқызы мен Жұпар Ғабдуллинаның да жұлдызы жарқыраған.
Ғажайып сырға толы бағдарлама аясында өткен жылы Гранд Опера сахнасында алғаш рет ұсынылған «Ренессанс» балетінің халықаралық премьерасы өтеді. Бұл балетке кутюрьелердің костюмдерін «Balmain» француз жоғары сән үйінің креативті директоры Оливье Рустен жасаған. Одан кейін «Раймонда» балеті бишілерінің өнерін тамашалайсыз.
Бір айта кетерлігі, бұл бағдарлама әлемдегі көне ұлттық труппа жұлдыздарының басын елімізге әкеп қосып отыр. Теледидардан ғана жүздерін көретін Летиция Пюжоль, Сэ Ын Пак, Франсуа Алю, Марк Моро, Пабло Легаса, Аксель Маглиано, Камиль Бон, Томас Докир, Амели Жоанидес, Наис Дюбоск, Исаак Лопес Гомес, Марион Готье, Виктуар Анкетиль, Адель Белем, Жозеф Омер, Джек Газтоут се­кілді опера өнерінің асқан шеберлері сахнаға шығады. Тағы да басқа әлемдік классикаға айналған музыкалық шығармалар ойналады.
Қысқасы, бас шаһарда төрт күн бойы әлемдегі сұлулық қаласына айналған Париждің опера өнері салтанат құрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды