«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бір жылдық белес

0 116

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарияланғанына бір жыл толып отырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жыл құсындай жаңалықты ала келіп, санамызды серпілтті. Елбасы бұл мақаласы арқылы саяси реформалар мен экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, оның өзегіне айналатын бағдарламаны ұсынды. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – дамуымыздың ең басты қағидасы екенін нақты атап көрсетті. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтаудың жолын нұсқады.

Ұлт көшбасшысы таяу жылдардағы міндеттерді анықтап берді. Оларды жүзеге асырудың барысы қалай болып жатыр? Бір жылдың ішінде нені еңсере алдық? Сөзіміз осы туралы болмақ.
Ұлттың жаны тіл екені белгілі. Елбасы айтқандай, қазіргі заманғы технологиялық орта, коммуникация, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесі латын әліпбиі негізінде өркендеп отыр. Сондықтан осы салаларда әлемнің озық елдерінде болып жатқан үдерістерден қалмау үшін қазақ әліпбиі де соған сай болуы тиіс.
Ел Президенті әріден ойлап, осыдан бес жарым жылдай бұрын «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігіне назар аударды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осыған нақты пәрмен берді. Өткен жылдың аяғына дейін ғалымдарды тартып, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауды тапсырды.
Содан соң арнайы жұмыс тобы құрылып, күз басында ­Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытуды үйлестіру республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов жаңа графикадағы әліпбидің бірінші нұсқасын ҚР Парламенті Мәжілісінде таныстырды. Әліпби нұсқасын әзірлеуде аталмыш орталық пен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты жетекші рөл атқарды.
Алғашқы нұсқа 25 таңбадан және әріптерді қосақтау арқылы бір дыбысты беретін 8 диграфтан тұрды. «Бір әріп-бір дыбыс» принципіне сәйкес келмегендіктен, бұл нұсқа көпшіліктің көңілінен шықпады. Бір айдың ішінде Елбасыға апос­троф (дәйекше) негізінде әзірленген әліпбидің екінші нұсқасы таныстырылды. 32 таңбадан тұратын бұл әліпбидегі 9 дыбыс апострофпен берілді. Ербол Тілешов бұл нұсқа диграфқа қарағанда халыққа жеңіл болатынын айтты. Алайда осы әліпби туралы да теріс пікірлер айтылмай қоймады. Дегенмен, қоғам қолдап, ғалымдар, тіл мамандары, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы Ассамблея өкілдері ортақ мәмілеге келді.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен қоғам қолдаған әліпби нұсқасын бекітіп, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құруға тапсырма берді. Ал биылғы 19 ақпанда аталмыш Жарлыққа өзгеріс енгізіп, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі жаңа редакцияда жазылды.
Әліпбиді көшіру 2025 жылға дейін кезең-кезеңі­мен жүзеге асатын болды. Бірінші кезең 2018-2020, екінші кезең 2021-2023, үшіншісі 2024-2025 жылдарды қамтиды. Осы жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар мен орта мектептерге арналған оқулықтар дайындалуда.

ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БІЛІМ

Еліміздегі білім беру жүйесі жаһандық бәсекеге төтеп беріп, жаңа сапалық деңгейге шығуы тиіс. Ол үшін қазақ студенттері әлемнің озық оқулықтарын ана тілінде оқи алуы шарт. Осыны терең түсінетін Мемлекет басшысы қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қол­ға алуды тапсырды. Бұл іспен қазір «Ұлттық ау­дарма бюросы» қоғамдық қоры айналысып отыр.
«Бүгінгі таңда 18 оқулық іріктеліп, аударылды. Бұл философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, дінтану, мәдениеттану ғылымдары бойынша, жур­налистика саласына қатысты, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік туралы оқулықтардың баспадан шығуын күтіп отырмыз. Олардың ішінде әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында кеңінен қолданылатын ең беделді, танымал мамандардың оқулықтары бар. Аудармаға елдегі іргелі ұлттық университеттердің тиісті кафедралардың ұстаздары тартылды. Бізге аудармашылардың ғылыми ортадан шыққаны маңызды» деді таяуда «Хабар» арнасының «Болашаққа бағдар» бағдарламасында аталмыш қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК

Бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туыңды тік» деген қазақтың сөзін жаңғыртқан Елбасы патриотизм туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталатынын атап өтті. Ал әр адамның өзінің кіндік қаны тамған жерге еңбегін сіңіруі керектігін баяғыда айтты. Осыған Президент ұсынған «Туған жер» бағдарламасының үлкен септігі тиіп жатыр. Мәселен, осы бағдарлама аясында ел бойынша жүзеге асуы тиіс 500-ден астам әлеуметтік жобаның тізімі жасалды. Осының ішіндегі 18 жоба Астана қаласына тиесілі.
Бұл түрлі қайырымды­лық, әлеуметтік және экологиялық акцияларды ұйымдастару жолымен іске асырылуда. Сондай-ақ, бұдан да ауқымды, маңызды шаралар бар. Атап айтсақ, Астанада меценаттар клубын құру мақсаты қойылды. Оған қаланың 100-ден астам ірі бизнес өкілдері кірді. Оларға мектеп, бала­бақша құрылысы, аулалардағы футбол алаңдарын орналастыру, медициналық мекемелер мен балабақшаларды, мектептерді цифрлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету секілді 188 әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар ұсынылды.
«Туған жер» жобасының аясында биыл елордада 1 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл акция Астананың 20 жылдық мерейтойына арналады. Жоба шеңберінде Астанада «Нұрал» жаңа спорт мектебінің ашылғанын да айтуға тиістіміз. Шахмат, тоғызқұмалақ оқу сыныптарымен және жауынгерлік жекпе-жекке арналған залдармен жабдықталған мектепте бокс, каратэ киокушинкай, дзюдо, таэквондо, қазақша күрес, джиу-джитсу сынды спорттың алты түрі бойынша 214 спортшы жаттығады.

ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕП, ТУРИС­ТЕРДІ ТАРТАМЫЗ

Елімізде түгендеуді, қал­пына келтіруді қажет ететін қасиетті орындар көп. Осы тұрғыдан Елбасы «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын бастауды тапсырды. Аталмыш жоба әрқайсымызды та­рихымыз­ды қастерлеуге үйретіп, елдің өткенін ұмытпауға, туризмді өріс­тетуге жол ашады.
Осыған орай жұмысын бастаған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасын қол­ға алды. Оған 100 нысан енгізілді. Олардың өзі «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер», «Орта ғасырлық ірі қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары», «Діни және ғибадат орындары», «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар» және «Саяси, тарихи оқиғалар­ға байланысты қасиетті орындар» атты алты ба­ғытқа бөлінді.
«Меніңше, 100 нысанмен шектелмейміз. Келесі жылдары қосымша зерттеулер жүргізіледі. Жалпы Қазақстанда 1000-ға жуық қасиетті орындар бар» деген еді осы орталықтың директоры Берік Әбдіғалиұлы. Аталмыш орталық өңірлерге этномәдени экспедицияларды
ұйымдастырды. Нәтижесінде осы жылдың басында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптары мен «Қасиетті Қазақ­стан» энциклопедиясы І томының тұсауы кесілді. Жалпы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бес жылға арналады.
Елордада «Киелі Астана» картасы әзірленді. Оған Бозоқ ортағасырлық қала­шығы, Шұбар, Сарқырам, Күйгенжар қорымдары, Көктал жалқы қорғаны, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қойылым це­хының ғимараты (бұ­рын­ғы мұсылман мектебі), «Қараөткел» мұсылмандар зираты, Баймұхамбет Қос­­шығұлұлы мектебі, «Жа­сыл» мешіт қоршауы (1895 ж), Константин-Елена шіркеуі, Көпес П.Силиннің үйі, Дәрігер Ф.Благовещенскийдің үйі, бүгіндері С.Сейфуллин мұражайы орналасқан белгісіз көпес үйі, Қалалық басқарманың ғимараты (ХІХ ғасырдың аяғы), Гимназия (ХІХ ғасырдың аяғы), Көпес М.Кубриннің сауда үйі (1905-1907 жж.), Теміржолшылар сарайы, «Астана» концерт залы, «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және то­талитаризм құрбандарын еске алудың мемориал­ды-музей кешені, «Астана-Бәйтерек» монументі сынды 20 нысан енгізілді.
Елбасы ұсынған тағы бір маңызды жоба «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» аталады. Бұл бүгінгі әлемдегі озық мәдениетпен иық тірестіре алатын мәдениетімізді танытуға арналды. Соның аясында өнер ұжымдарының шетелдерге гастрольдері ұйымдастырылып, әдеби және ғылыми еңбектер жарық көруде. Соның ішінде баяу болса да, қазақ ақын-жазушыларының кітаптары шетел тілдеріне аударылуда. Кинотуындылар түсірілуде.

БҮГІНГІ ЗАМАННЫҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ КІМДЕР?

Елбасының тапсырмасы­мен қолға алынған «100 жаңа есім» жобасы осыны анықтауға арналды. Осы күндерге дейін спорт, ғылым, мәдениет, медицина, бизнес, қоғам салаларындағы үздіктер іріктелді. Астанадан оған 9 адам кірді. Атап айтсақ, биомедик ғалым Зарина Сауытбаева, опера әншісі Медет Шотабаев, Нью-Йорк киноөнері академиясының магис­тран­ты Айдие Айдарбеков, омарташы Анатолий Добровольцев, жыл басында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-минис­трі болып тағайындалған Нұржан Әлтаев, IT маман, кітапханашы, ақпараттық жүйелер бойынша маркетолог Нұржан Жолдыбалинов, Zero To One Labs және nFactorial Incubator компаниясының бас директоры әрі негізін қалаушы Арман Сүлейменов, Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымы республикалық одағының президенті Елена Дмитриенко және «Мейірімділер клубы» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Абдрашева.
Бір жыл көп уақыт емес. Алда тағы қаншама міндеттер тұр. Бастысы, Елбасы айтқандай, ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтау. Әйтпесе, ешқандай жаңғыру болмайды. Әрине, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан да бас тарту керек. Дамыған, 30 озық елдің қатарынан көрінетінімізге сонда күмән қалмайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды