«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бір жылда 587 іс қаралды

0 35

Астана қаласының Есіл аудандық №2 сотында сот төрағасы Бақытжан Есенов өткен жылдың қорытындысына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Бір жыл ішінде сот өндірісіне ұрлықтан бастап жемқорлыққа дейінгі 759 адамға қатысты 587 іс қаралып, оның 558-іне үкім шығарылған. Атап айтқанда, жемқорлық бойынша – 17, нашақорлық бойынша 19 адам бас бос­тандығынан айырылып, қолданыс­тағы заңға енгізілген кейбір өзгерістерге байланысты 6 іс апелляцияға берілген. Сонымен қоса, 178 іс медиация заңына сәйкес екі тараптың татуласуымен аяқталса, 57 іс қайта тергеуге прокурорға кері қайтарылған.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде бір-біріне тіл тигізіп, балағаттағаны үшін сотқа жүгінген адамдар да болған. Алайда Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өз ойын еркін білдіріп, пікір айта алатындықтан, айтылған ой мен жабылған жаланың аражігін ажыратып алмай сотқа шағымдану асығыстық болатындығы да ескертілді.
2018 жылы сот саласындағы жаңалықтардың бірі 16 адамға қатысты бұйрық түріндегі сот шешімінің орындалуы болды. Енді бұдан былай жеңіл және орташа деңгейдегі қылмыс жасағандарды екі тараптың келісімімен айыппұл төлеу арқылы жазаға тартпау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ шағымданушы сотты онлайн режимінде қарау туралы өтініш бере алатындығы да айтылды. Ондай жағдайда сот ісі басқа елді мекендегі адаммен электронды форматта жүргізіледі. Сот төрағасы журналистерге Қазақстан Республикасының Жоғарғы cотының қанатқақты жобалары аясында атқарылған жұмыстарды да баяндап берді.

Жадыра ДӘУЛЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды