«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

БІР АУРУХАНА – ЕКІ КӘСІПОДАҚ. НЕГЕ?

0 108

Елордалық медициналық мекемелерінің бірінде еңбек жолын бастаған дәрігерлердің жалақысы 70 мыңнан басталады екен. Араға жылдар салып еңбек өтілін қосып, білігі мен санатын көтергенде ғана 150 мың теңгеге жуықтайды. Осы ретте кәсіподақ дәрігерлердің жалақысын көтеру мәселесіне белсене араласып, еңбекақы жүйесінің бастамашысы және тікелей әзірлеушісі болды.

2011 жылдан басталған бұл үдерістің нәтижесі 2016 жылы белгілі болып, медицина қызметкерлерінің айлық жалақысы пайыздық қатынаста 7-ден 28 пайызға өсті. Бұл да қазіргі заманғы кәсіподақ қызметі жеңісінің бір көрінісі еді. Ол қазір «Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі аталып, тек Нұр-Сұлтан қаласында алпыстан астам медициналық мекемелерді біріктіріп отыр.

Еліміздегі өзгерістер мен саладағы реформалар нәтижесінде 2009 жылдан бастап медициналық ұйымдар шаруашылық жүргізу құқығына ие болды. Бұл ретте мекеме басшылары шығындарды барынша қысқартуға күш салатыны белгілі. Кәсіподақтардың білек сыбанып кіріскен тұсы осы деп айтуға болады. Еңбек ұжымдарымен салалық келісімге қол қою арқасында еңбек демалысында сауықтыру қаражатын сол күйінде қалдыруға қол жеткізді. Қызметкерлердің 30 күндік негізгі демалысын сақтап қалып, қосымша екі апта кәсіп­одақ атынан қосылды. Сауықтыру қаражаты дәрігерлермен бірге кіші медициналық персоналдарға да берілетін болды.

Кәсіподақ қызметінің ендігі бір тармағы еңбек қатынасын реттеу ісінде көрінеді. Әкімшілік мәселелер бойынша тегін заң қызметі, соның ішінде соттарда қорғау да қарастырылған. Мұндай жағдайда материалдық және психологиялық қолдау, адвокаттар еңбегіне төлеу де бар.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық балалар ауруханасының жаңа ғимаратында жұмысын бастағалы алты жыл болды. Орталыққа көшкенге дейінгі балалар ауруханасының іргесі қаланғанына 26 жылға кетіп барады.

Светлана Әбдірованың осы ауруханада еңбек еткеніне отыз жыл толып отыр. Осы жылдары кәсіп­одақ жетекшісі ретінде де, ардагер есебінде де ұжымның ұйытқысына айналып келеді.

«Адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Олар саған сенім көрсетіп, өз жағдайымен бөліскеннен кейін жауапкершілігің үстемеленеді. Жайшылықта шағын ортада, екі адаммен қатар отырғанда ашылып көп сөйлей алмаймын. Бірақ қолыма микрофон алып, барша ұжымның алдына шыққан кезде мені тоқтату қиын. Тіпті соншама жылы сөздердің қайдан құйылып жатқанын да түсінбеймін. Ауруханамыздың бір қызметкерінің басына іс түсіп, не жағымды жаңалығы болса, алдымен естіп, ортасында жүреміз. Соңғы жылдары отбасылық мәселелерге зейін қойып жүрміз. Менің әкем жетімдер үйін­де өскен, қазақ болса да атын Анатолий деп атай салған ғой. Әкемнің бір қасиеті көпшіл, не болса да айналасымен бөліскісі келіп тұратын қасиеті менің бо­йымда да бар. Осыдан екі жылдай бұрын кәсіподақ федерациясы да екіге бөлініп, ортасына сына түсті деуге болады. Оны ресми кәсіп­одақ бәсекелестік артады деп айтып ақталды да. Сөйте тұра осы кезеңге дейін он саусақтай жұмылып, жұмыс істеп тұрған ұйымды өз қатарына қосу әрекеттері батыл жүргізілді» деп сөзін бастады Светлана Анатольевна.

Жаңа кәсіподақ тарапынан әкімгерлік қыспаққа түскен Светлана Әбдірова ұжымның таңдауы болады, өз еріктерімен шешіледі деп, 570 адамнан тұратын ұйы­мын да, өз бағытын да қорғап қалады. «Сенім» аталатын жаңа одақ та жұмысын жүргізіп жатыр. Бір қызығы, барлық мәдени шаралардың ортасында, жабыққан мен жаны қиналғандардың жанында жүретін Светлана бастаған кәсіп­одақ 144 мүшесі бар «Сенімдегілер» халықпен қолтықтаса жүруді артық деп шешіпті.

Әрине, кәсіподақ жұмысына баға бермейміз, дегенмен осы ұйымды ірілендірудің орнына әлсіретуге бағытталған бұл өзгерістің астарында не жатқанын кім білсін?! Бірақ С.Әбдірованың өз қызметі өзіне айқын. Кәсіподақ тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер қатарын арттыруға барлық ресурстарды қосуда. Дәрігерлер де ауырады. Олардың барлық зерттеу-талдауларына жеңілдік қарастырылған. Спорттық-сауықтыру шараларына қызметкерлерді тарту, СПА салондарға, фитнес залдарына тегін абонемент тауып, демеушілерді ұйымдастыру – Светлана бастаған кәсіподақ белсенділерінің міндеті. Жас мамандарға қамқорлық, ардагерлерге құрмет көрсету, мемлекеттік-ұлттық мерекелер кәсіподақсыз өтпейді. Кәсіподақ қаражаты есебінен сауықтыру орындарына, театрлар мен концерттерге баруға билет бөлінеді.

Мұны, бір жағынан алып қарағанда, осылай болуға тиісті деп те қарауға болатын жайт деуге болады. Дегенмен тұрмыс жағдайы төмен адамды жылдап қамқорлыққа алып, киетін киімі мен ішетін тамағына да қолғабыс беруде ұжымның бір кісідей жұмылуы – мақтауға тұрарлық.

Жыл сайын қызметкерлердің мектепке баратын балаларына кітап-қаламын алып беріп, көпшілік алдында табыс ету де ұжымды жақындастырады. Осы мекемеде ұзақ жылдар жұмыс істеп, зейнетке шыққандар да ұжым тірлігінен тысқары қалмайды. Мүгедектерді де Қарттар күніне қатар құттықтап, елеп отырады. 20 жылдан астам еңбек еткен қызметкерлерге бес күндік санаторийге тегін жолдама, көпбалалы аналарға қосымша еңбек демалысына үш күн қосып алып, қысқарған еңбек күнін ұйымдастыру – кәсіп­одақ қамқорлығының нәтижесі. Аурухананың жертөлесінде қалалық кәсіподақтың қаржылай көмегінің арқасында тренажерлер орнатылып, жұмыстан қолы қалт еткенде дәрігерлердің жаттығатын әдетіне айналды.

Балалар мекемесінде жұмыс істейтін болған себепті қызметкерлердің жұмысқа қатынасы ерекше болуы тиіс. Дәрігерлерді барлық жағынан қолдап, олардың жұмыс істеу қабілетін көтеру ұжымның ішкі тірлігіне де байланысты. Олар балаларды сауықтыруға бар күшін салса, дәрігерлер мен медперсоналдардың жұмыс орнына жағдай жасап, өмірін сауықтыруды кәсіподақ мойнына алды. Кәсіподақтың жұмысы мықты болғанда, мамандар үшін де алаңдамауға болады. Қызмет сапасы өз биігінде болмақ. №2 қалалық балалар ауруханасының кәсіподақ жұмысымен танысқанда осындай ойға келдік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды