«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бір амалын табу керек

Айтпайын-ақ деп едім...

0 24

Жаман хабарды естіген де, жеткізген де жаман екен. Амал жоқ, тағы да көз жұмған екі жүкті әйелдің қазасы жайлы айтқалы отырмыз. Өткен айдың соңғы күні айы-күні жақындаған әйел көз жұмып, артына қос жетімегін қалдырып кете барды. Осы оқиғадан төрт күн өткенде ана бақыты бұйырмаған 38 жасар бір мұңлық бойына біткен шаранасымен бірге қайтыс болды.

 

«Бізге ақтық демі таусылып, өлім аузында түсті» деді Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова қалалық әкімдікте өткен брифингте. «Өкінішке қарай, біз Құдай емеспіз, көрсетілген барлық реанимациялық көмекке қарамастан, ол әйел көз жұмды. Жүктілік жоспарланбаған, тұрмыста болмағандықтан, қалаусыз болған деген ақпарат бар. Әйел бірде-бір емханаға тіркелмеген, жүктілік бойынша есепте болмаған, медициналық ұйымға келмеген. Ол бір туысының үйінде тіркеуде болған, бірақ аталған мекенжай бойынша тұрмаған. Үнемі түрлі мекенжай бойынша пәтер жалдап келген» деді ол.
«Ауруханаға өлім аузында түскен әйел үш күн бойы үйінде жатып, уыстап ауырсынуды басатын және жүктілікті тоқтататын дәрі-дәрмек ішкен. Соның нәтижесінде бала өліп, әйелдің жатырында жайыла бастаған» деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс акушер-гинекологы Иван Коркан.
Шарасыздан тығырыққа тірелген әйел­ді кінәлауға болмас. Байғұстың ар­тық қимылын қасіретке айналдырған мына тасжүрек қоғамның жүрегін қалай мейірлендіріп, санасына сәуле түсіре аламыз?!
Білмеймін, бірақ бір амалын табу керек. Мүмкін, фертильді жастағы әйелдерден жарты жыл сайын гинеколог кабинетіне барып тексерілуді талап ету қажет шығар. Мүмкін маман-дәрігерлер базар аралап, құрылыс алаңдарында болып, ешқандай құқығы жоқ, Астананың төрінде шалқақтап емес, бір босағасында бір тізерлеп қана отырған, үйсіз-жайсыз міскіндерді дә­рігерлік бақылауға алып, кеңес беру керек шығар. Оларға қалада тіркеуде болмаса да, денсаулық сақтау мекемелерінде тегін қаралып, толық медициналық көмек алуы­на жол ашу керек болар. Мына қоғамда ана болу бақытынан ешкімді айырмағанын, сәби сүюге ешкім шек қоймағанын қайта-қайта қайталап айтып, түсіндіру керек шығар. Өйткені сол әйелдерден шыққан бала – ертеңгі қазақтың болашағы, солардың сәбилерімен өсіп-өнеміз. Ендеше шетінеген шақалақ пен бала үстінде кеткен әйелдердің обалын енді кім арқаламақ?!
Білетінім, Астанада қыркүйекке дейін қаланың перинаталдық орталықтарында бес әйел қайтыс болды. Біз сөз еткен екі әйелдің қазасын қосқанда бұл – жетінші өлім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды