«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Білімдінің бәсі биік

0 174

Бүгін – Білім күні! Қоңыр күздің алғашқы күнімен қатар келетін бұл сәт барша қауым үшін бүкілхалықтық мерекеге айналғаны қашан. Жаз бойы ойын қызығына батқан балғындар, баласының білім алуына барынша жағдай жасаған ата-ана, үйретуден жалықпайтын ұстаздар да дәл бүгін алтын ұяға асығып, алғашқы қоңырау үнімен мектепке қадам жасайды.
Биыл жаңа оқу жылында Астанада 18 мың оқушы бірінші сыныпқа барып, білім теңізіне қайық салады. Ал жалпы 155 мыңға жуық бала алғашқы қоңырау салтанатына қатысады.

Астанада жаңа оқу жылында 4 мыңға жуық мұқтаж оқушыларға көмек көрсетілді.

«Мектепке жол» қайырымдылық шарасы аясында қалалық Білім беру басқармасы аудан әкімдіктерімен бірігіп, 3797 баланы мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдармен қамтамасыз етті.

 

Әсет ИСЕКЕШЕВ, Астана қаласының әкімі:

Үздік ұстаздарға – жоғары жалақы

– Жаңа қаржыландыру жүйесі арқасында мұғалімдердің лауазымдық жалақысын көтеруге мүмкіндік бар. Талдау жұмыстарына сәйкес, қаржыны тиімді жұмсаудың нәтижесінде әр мектеп бюджеттің 20 пайызын үнемдеп, есесіне мұғалімдердің жалақысын көбейте алады. Мәселен, былтыр оқытушылардың жалақысы 100-110 мың теңге шамасында болса, биыл жаңартылған білім мазмұны үшін берілетін үстемақы мен жан басына қарай қаржыландыру жүйесімен бірге орташа жалақы 150 мың теңгеден асуы әбден мүмкін.

СЕГІЗІНШІ МЕКТЕП ЖАБЫҚ

Былтыр жаңа оқу жылы қарсаңында қаладағы №8 мектеп жабылып, ондағы 1500-ге жуық оқушы басқа мектептерге орналастырылған болатын. Осылайша оқушылар №4, 16, 56 мектептерде білім алуын жалғастырады деген еді сала басшылары. Бір жылдай уақыт өтсе де, бұл мәселе әлі өз шешімін тапқан жоқ.
Астанада орналасқан №8 орта мектеп сонау 2009 жылда апатты деп танылған екен. Бірақ былтырға дейін бұл білім ордасында сабақтар жалғасып келе жатты. Бұл мәселе Мәжіліс депутаттарының құлағына жеткеннен кейін мектепті жабу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, білім ошағында 600 баланың орнында 1500-ге жуық оқушы отырды.
Басқарманың мамандары таратқан мәліметке сенсек, биыл да №8 орта мектебінің есігі жабық. Сол себепті оқушылар №16 және №56 мектептерде оқитын болды. Басында күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланғанымен, кейін қайта құрылыс жүргізу қажеттілігі анықталды. Тиісті комиссияның сараптамасынан кейін бұл мектептің тағдыры белгілі болмақ. Әзірге қабырғасы құлағалы тұрған №8 мектептің 1-4-сынып оқушылары №16 мектепте, ал 5-11-сынып оқушылары №56 білім ордасында оқитын болды. Олар үшін арнайы автобус бөлінген көрінеді.

БЕС ЖЫЛҒА ЖОСПАР

2018-2022 жылдары 24 мектеп пен 10 қосымша
жанама ғимараттың құрылысы жоспарлануда

 

ТАЛАП ПЕН ТӘРТІП

– Мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына қандай кеңес бересіз?
– Ата-ана да баласымен бірге мектепке бейімделу кезеңінен өтеді. Бала үшін аса маңызды шақта әке-шеше жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Себебі оқушыға барлық нәрсе – жаңалық, демек сұрақ та көп.


– Қазір ата-аналар өз балаларына шаң жуытпайды деген пікір бар. Сіздің ойыңызша, ата-ана баласы мен мұғалімнің арақатынасына араласуы керек пе?
– Бұл тұрғыда жақсы қарым-қатынас ата-ана, бала және мұғалімнің бірлесіп әрекет етуі арқылы орнатылады.
– Сіз үшін маңыздысы: тәртіп немесе оқу үлгерімі?
– Талап пен тәртіп болмаған жерде белгілі бір нәтижеге жету қиын деп есептеймін.
– Үздік білім беру қызметкері атану үшін қандай болу шарт?
– Саннан сапаға сапар шегу жолындағы мұғалімнің жаңа ғасырға берер жауабы дайын болу керек. Талабы күшті қоғамның ағысы қатты. Ал сол ағысқа қарсы шәкіртті дайындау тағы да мұғалімнің еңбегі.
– Сіздің нұсқаулығыңыз бойынша мамандық таң­дағандар болды ма?
– Қабілеті мен кәсіптік қызығушылығына қарай оқушыларым дарынды балалар мектептерінде дәріс алуда. Екі оқушым өзім бағыттаған мамандық иесі болуға икемделіп, Назарбаев университетінің студенті атанды.

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕРДІ БАЙҚАДЫҢЫЗ?

Ақерке Сейтматова, ата-ана:

– Мен екі баланың анасымын. Балаларым №65 мектепте 2 және 3-сыныпта оқиды. Мұғалімдердің жұмысына ризамын. Балаларыма екінші ана болып, тәртіп пен тәрбиені қатар беріп жатыр.
Ақша жинау мәселесі мүлдем жоқ десем болады. Ата-аналармен бірігіп, өз еркімізбен балаларымыз­дың туған күніне, қыдыруына жинаймыз. Ал былайша мектеп әкімшілігіне тиын-тебен бермейміз. Осыны астаналық білім саласының жетістігі дер ем.

Бақшагүл Балғабайқызы, ата-ана:

– Біздің мектеп 700 орынға арналған. Алайда білім ордасында 1700 бала оқу оқиды. Сыныпта 25 бала отырады. Балалар көп, мектеп саны аз. №57 орта мектептің басшылығы қасына қосымша жанама құрылыс салынады деп уәде берді. Көп балалы ата-ана ретінде елордада мектеп көбірек салынса деген тілек бар.

ҚАРЖЫ ОҚУШЫЛАР САНЫНА ҚАРАЙ БӨЛІНЕДІ

Биылдан бастап Астана мектептері жан басына қаржыландыру жүйесіне көшеді. Жаңа жүйе қаладағы 79 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектепке енгізілетін болады. Демек, қаржы білім ордасында оқып жатқан оқушылардың санына қарай бөлінеді. Бұл тек мемлекеттік емес, жекеменшік мектептерге де қатысты. Жылына бастауыш сыныптардағы әр оқушыға – 160 мың теңге, жоғары сынып оқушыларына 200 мың теңге берілмек.

Әнуар Жанғозин, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:

Үш ауысымды мектептер болмайды

– Елордада білім ордаларының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл 7 мыңға шақталған 6 мектептің ғимараты пайдалануға беріледі. Ал 2019 жылы тағы 5 мектеп пен 6 мектептің жанынан қосымша ғимарат тұрғызылады. Бүгінде Үкіметпен 24 мектептің және 10 қосымша ғимараттың құрылысы бойынша келіссөздер жүргізілуде. Алдағы 4 жылда мектептерге түсетін жүктемені азайтып, үш ауысымды мектептерді түбегейлі жойғымыз келеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды