«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Білім трансфертінің тың бастамасы

шетел тілінен аударылған 18 маңызды оқулықтың тұсауы кесілді

0 75

12 сәуірде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына бір жыл толды. Осыған орай, Назарбаев орталығында мақаладағы маңызды бағыт – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы 18 кітаптың таныстырылымы өтті. Салтанатты шараға Елбасы Н.Назарбаев пен еліміздің сорпа бетіне шығар саяси һәм ғылыми элитасы қатысты. 

Президент былтырғы мақаласында бізге инженерлер мен дәрігерлер, нақты ғылым саласының мамандары ғана емес, қазіргі заман мен болашақтың бағыт-бағдарын терең түсінетін гуманитарлық саланың білікті мамандары да ауадай қажет екенін айтқан еді. Ол үшін алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік, танымал авторлардың 100 оқулығын әртүрлі тілдерден қазақ тіліне тәржімалау туралы тапсырма берген болатын. Аталмыш істі бұған дейін білім беру саласында бірнеше жобаларды сәтті жүзеге асырған «Ұлттық аударма бюросы» үкіметтік емес ұйымы қолға алып, сүбелі 18 оқулықты аударып шығарды.

Жиын барысында жұмыстың алғашқы қорытындысы туралы баяндаған «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жоғары оқу орындарынан келіп түскен 800-ге жуық ұсыныстың ішінде оқулықтар да, жекелеген зерттеу еңбектері де болыпты. Сол себепті, оқулықтарды іріктеу талаптары кү­шейтіліп, бірнеше критерийге сүйенді: Мысалы, таңдалған кітап әлемдегі озық 100 университеттің оқу бағдарламасында болуы шарт; оқулық кемінде үш мәрте баспа бетін көрген болуы тиіс; ең соңғы басылымы өткен үш жылда шығуы керек. Осындай қатаң талаптардың сүзгісінен өткен оқулықтар тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдарын қамтиды. Олардың арасында Давос экономикалық форумының президенті Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция», Рикки Грифиннің «Менеджемент», Гарвард университетінің профессоры, танымал макро­экономист Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» кітабы, Қазіргі әлеу­меттану ғылымының ең беделді өкілі, Корнелл университетінің профессоры Джордж Ритцердің «Әлеуметтану теориясы» және т.б. танымал авторлардың сүйекті еңбектері бар.
Жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлі сиясы кеппеген кітаптардың мазмұнымен танысып үлгергенін айта келіп: «Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энци­клопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да ма­ңыз­ды. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бес жыл­­ға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүм­кіндік береді» деп атап өтті.

Айта кету керек, «100 жаңа оқу­лық» деген – шартты атау ғана. Шетелден білім трансферті, дүниедегі ұшан-теңіз бі­лім­­ді қазақ тіліне бейімдеу ісі мұ­ны­­мен түгесіліп қалмайды. Оны Президенттің атқарыл­ған істі оң бағалап, жұмысты бұдан әрі өрістетуді құптаған ойынан да анық байқадық. Аударманың мән-маңызы туралы толғамды пікір айтқан Елбасы Үкімет пен «Ұлттық аударма бюросына» бір­қатар маңызды тапсырмалар берді:
– Біріншіден, 2018 жылға жос­парланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтама­сыз ету керек. Қаржыландыру уақ­тылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уа­қытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тә­жірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйеленді­ріп, гуманитарлық және эконо­ми­калық лексиканың жаңа тү­­сіндірме сөздігін шығаруды тап­сырамын. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты ба­сылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекция­лар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында «100 жаңа оқулық» жобасымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басқа да бағыттары бойынша ауыз толтырып айтарлық жетістерге қанықтық. Мысалы, бір ғана «Туған жер» бағдарламасы аясында еліне, туған жеріне жанашыр кәсіпкер, атымтай жомарт азаматтардың арқасында 51 млрд теңгеге қайырымдылық шарасы жасалып, 1000-нан нысан пайда болды. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша жалпыұлттық маңызы бар 183 және жергілікті маңызы бар 520 тарихи-мәдени ескерткіш анықталып, оларды реставрациялау, насихаттау жұмыстарына айрықша көңіл бөлінуде. БҰҰ-ның 5 тіліне халқымыздың тарихы мен мәдениетін 4 фильм дубляждалады, маңдайға басар марғасқа жазушыларымыздың, тарихшыларымыздың еңбектері шетел тілдеріне тәржімаланады. Ал таяуда қабылданған латын әліпбиі туралы Елбасы: «Біз ешкімнің ықпалынсыз тәуелсіз, егемен ел ретінде ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, өз еркімізбен әліпбиімізді, жазуымызды таң­дадық. Әр елдің тарихында мұндай мәселе есте қаларлық үлкен оқиға саналады. Біз еліміз көш басында болсын, ана тіліміз кемелдене түссін деп осыны жасадық. Қазір оны бекіттік. Енді ептеп-ептеп енгізуіміз керек. Өзім де күнде отырып алып Абайдың сөздерін, ойларымды сол әліпбимен жазамын. Меніңше, онша қиын емес» деп елді тың өзгеріс, соны серпіліске жасалған қадамдарды сан-саққа жүгіртпей, бір идея төңірегінде ұлтты боп ұйысуға шақырды.

Әділбек ЖАПАҚ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды