Четверг, 29 Июнь 2017
-->

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ СЕРПІЛІСТЕР

Бұрынғы адамдар «Ғылым – теңіз, білім – қайық» деп тегін айтпаған. Расында, адамзат баласы озық білімнің арқасында бүгінгі технологиялық жетістікке жетіп, оның ырыздығын көруде. Әсіресе, биыл білім саласында жаңалық көп. Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы жүзеге асып, ғылым қуып, ғалым боламын деген жас­тарға кең жол ашылып, жеткіншектердің тәрбиесіне назар аударылмақ.

585858

ОН МЫҢ ГРАНТ БӨЛІНЕДІ

Жуырда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Еліміздегі демографиялық жағдайға қарап, алдағы таңда білім алатын азаматтардың саны артады деген болжам бар. Осыған байланысты биылғы оқу жылында бакалавриат, магистратура мен докторантураға бөлінетін гранттардың саны республикалық бюджеттің есебінен 10 мың орынға артады. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың бюджеті есебінен гранттардың саны одан да көп болады деген сенім бар. Ондай норма Мәжілістің қарауында жатыр» деп Үкімет отырысында хабарлады. Әрине, бұл – қуанарлық жағдай. Әсіре­се, оқуды ғылым жолымен жалғастырғысы келетін жастар жақсы жаңалыққа елеңдеп қалды. Бір жағынан, оны уақыттың өзі талап етіп отыр. Қазір әлемде техникалық прогресс күрт дамып барады. Бір ғана мысал, өткен жылы елімізде 377 PhD үміткер өз зерттеулерін шетелдік басылымдарда жариялап, оның ішінде 348 ғылым жолына түскен азамат PhD дәрежесін алған. Соны көріп, біліп отырған талантты жастар ғылымға келіп, ел игілігіне жұмыс істегісі келеді.
Білім саласындағы жағымды жаңалық туралы Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, өзі де шетелге барып, білімін жетілдіріп келген Асылхан Бикеновтің пікірін білген едік.
– Мәселен, ғылыми және экономикалық жетістіктерімен әлем алдына шыққан 56 мың PhD докторы бар Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерге назар аударсақ, бұл заман талабынан туған қажеттілік екеніне көзіміз жетеді. Еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары уақыт сұранысына сай тек білім беріп, шәкірт дайын­даумен шектелмей, зерттеу орталықтарына айналып, ғылым мен технологияның дамуына өз үлестерін қосуда. Демек, осы ғылыми мектептер мен зертханаларда білім алып, тәжірибе жинақтап, болашақта қызмет ететін мамандар керек екені айтпаса да түсінікті. Олар жай маман болып қоймай, әлемдік деңгейдегі ғылымның тілінде сөйлей алу қажет. Сондықтан магистратура мен докторантураға түсу талаптарына өзгерістер енгізгенін, енді екі сыннан өту керек болатынын көреміз. Біріншісі – қалауыңыз бойынша шет тілінен өтетін емтихан, ал екіншісі – мамандық бойынша сынақ. Егер қолыңызда шет тілін меңгергеніңізді растайтын сертификат болса, автоматты түрде бірінші емтиханнан босатыласыз. Оған IELTS, TОEFL сынды өзге де құжаттар жарай береді. Көріп отырғанымыздай, мемлекетіміздің білім мен ғылымды қатар алып жүре­тін мамандарды даярлау бағ­дар­ламасы әлемдік озық ел­дер­дің тәжірибесіне сәйкес оң нәтижесін береді деп сенеміз, – деп сөзін түйіндеді ол.
Біз де сәтті басталған игілікті істен көп үміт күтеміз.

ТӘРБИЕСІЗ БІЛІМ ТҰЛ

Сондай-ақ, жыл басында Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы білім саласындағы ең өзекті мәселені көтерді. Оның айтуынша, балалар тәрбиесінде ата-аналардың рөлі төмендеп кеткен. «Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің ішінен ата-аналар жиналыстарына көп адам қатысып жүрген жоқ. Біздің есебімізше, ата-аналардың 40 пайызы 11-сыныпқа дейін мектеп жиналыстарына бірде-бір қатыспаған. Алдағы көктемде біз «Ата-аналар сағаты» атты ұлттық күнді өткізуді жос­парлап отырмыз. Сол кезде барлық мемлекеттік органдардан, ұлттық компаниялар мен жекеменшік фирмалардан ата-аналарды ертерек босатуды сұрайтын боламыз» дейді ол. Біз мұны орынды айтылған пікір деп санаймыз.
Расы керек, қоғамда жеткін­шек­тердің тәрбиесі туралы сөз көп. Әуелі жас шыбықтай желкілдеп өсіп келе жатқан бала өз отбасындағы әке-шешесінің тәрбиесі мен өнегесінен нәр алады. Содан кейін барып мек­тептегі ұстазынан тағылым алады. Одан соң жасөспірімге қоршаған ортаның да тигізер әсері мол. Әсіресе, қаладағы жасөспірімдердің тәрбиесіне ерекше көңіл аударған жөн. Сондықтан бүгінгідей қым-қуыт шақта бала тәрбиесінің тізгінін дер кезінде тартып отырмасақ, кейін кеш болып қалуы мүмкін. Осындайда ойымызға «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деп айтқан Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың нақыл сөзі келеді.
«Жалғызбасты анамын. Үш балам мектепте оқиды. Жұмысқа ерте кетіп, үйге кеш келемін. Әрбір тоқсан сайын өтетін мектептегі ата-аналар жиналысынан қалмауға тырысамын. Бірақ оған жұмыстан қолым тие бермейді. Соның кесірінен кейбір жиналыстан қалып қойған кезім бар. Сондықтан жиналысты тиімді уақытқа немесе басшылар оған қатысуға рұқсат берсе деп ойлаймын» дейді Жанар Сәндібекова.
Қалай болғанда да, мектептегі ата-аналар жиналысына ерекше мән беріліп отырғаны назарымызды аударды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*