«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Билет тапшылығы неден туындайды?

0 191

 Жаз – жұрттың жаппай демалатын мезгілі болғандықтан, жүргіншілердің саны мол, қарбаласқа толы кез. Осы бір шақта ойға алған жоспарың, негізінен, жол жүрумен байланысты болатыны да рас. Бірақ билет тапшылығы мәселені күрделендіріп, аяғыңа тұсау салып жататыны тағы бар. Кассаға барсаң «билет жоқ» деген жауап естисің. Амалдың жоқтығынан аяғымызды аңдап басып, заңды «қоян» болып аттайтынымыз жасырын емес.

Бірер күн бұрын Астанада Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің ұйымдастыруымен баспасөз мәс­лихаты өтті. Жиын барысында билет тапшылығы, заңсыз әрекет ететін алыпсатар делдалдар, жолсеріктердің теріс жолмен ақша табуы, сондай-ақ олардың әрекетінің алдын алу мәселесі талқыланды. Бұған қоса, «Тұлпар-Тальго» билеттерінің қымбаттығы, пойыздардың ескіргені туралы өзекті сауалдарға жауап берілді.
Соңғы кездері жұрт арасында вокзалдағы касса қызметкерлері делдалдармен, тіпті жолсеріктермен де келісіп алған дейтін бол­жамдар айтылады. Ежелден бар болғанмен, біраздан бері бәсеңдеген жоғарыда айтылған «қояндар» жолы да осындайда күшейіп кететін әдеті. Осылар жайлы тіпті әуесқой түсірілімдер желілерге таралып үлгерді. Ал аталған агенттік қызметкерлері «құпия сатып алушы» атты шара аясында арнайы мониторинг жүргізіп, оның қорытындысы бойынша билет құны негізгі бағасынан 50 пайызға дейін қымбатқа сатылатыны анықталған.

Билет жоқ – вагон бос

Бұл, сірә, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екеніне дау жоқ. Кассадан билет таппай, әуреге түсіп, ақыр соңында заңсыз жолмен жолсеріктермен келісуге мәжбүр боласың. Ал вагонға кірсең жартылай бос. Мұның себебі неде?
– Ол рас, бірақ мына бір жайтты назарға алу қажет. Күн сайын ел аумағындағы пойыздарға шамамен 1500-1700 билет күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар үшін брондалады. Өз кезегінде бұл билеттер пойыздың жүруіне 24 сағаттан 6 сағат қалғанға дейін сақталып, ке­йіннен сатылымға шығарылады. Осының салдарынан брондалған билеттің 80 пайызы қолданылмай қалады. Міне, бұл мәселе шешілсе, билет тапшылығын болдырмауға да септігі тиер еді, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Данияр Нұрмағамбетов.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ осы мәселеге қатысты Инвестициялар және даму министрлігіне бірнеше рет хат жолдаған. Алайда арнайы шешім қабылданбағандықтан, брондалған билеттер саны өзгеріссіз қалып отыр.
Сонымен қатар, ол билет сатылатын «Экспресс» автоматтандырылған жүйесі әлі де қолайлы болмай отырғанын, сондықтан жазғы тасымалдауларға дейін билетті қайта өткізу тарифі 1000 теңге етіп белгіленгенін айтып өтті.
– Жолаушылар тарапы наразы болғаны рас. Бірақ біздің басқа амалымыз болмады. Оған қоса, билетті кері тапсыру үшін билеттің иесі немесе сенімхаты бар адамның өзі болуы керек. Осыған дейін алыпсатарлар куәліктің көшірмесі арқылы билетті сатып алып, қайта өткізіп жүрсе, қазір бұл жағдай мүмкін емес, – дейді Данияр Нұрмағамбетов. Сондай-ақ, қосымша вагондар тек соңғы күні ғана қосылатындықтан, аз уақыт ішінде билеттің бәрі сатылып үлгермейді екен. Міне, осы мәселелердің бір жолға қойылмауынан қазір теміржол алаңында заңсыз әрекеттер өршіп отыр.

29 адам қызметінен қуылды

– Біз билетсіз жүрген жолау­шыларға ешқандай шара қолдана алмаймыз. Ал теміржол қызметкерлері мұндай іспен қолға түсіп жатса, қатаң шара қолданылады немесе бірден жұмысынан қуылады, – деді бас директор орынбасары.
Жиын барысында Данияр Нұрмағамбетов «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы бірқатар лауазымды тұлғаның қызметі төмендетілгенін тілге тиек ете отырып, делдалдарға қарсы ұйым­дастырылған шаралар жайлы да айтып берді:
– Біз 10 сәуірден бастап тексерісті күшейтіп отырмыз. Осы уақыт аралығында жолаушыларды билетсіз тасымалдаудың 335 дерегін анықтадық. Ал заңсыз әрекеті үшін 29 еңбек келісімшартын бұздық. Нақтырақ айтқанда, олардың екеуі пойыз басшысы, ал қалған 27-сі жолсерік болатын. Сонымен қатар, 44 адамға қатаң сөгіс беріліп, бас-аяғы жеті пойыз басшысы жолсерік лауазымына дейін төмендетілді. Айта кетер тағы бір жайт, Алматы мен Шымкент вокзалдарында жүргізілген тексерістің нәтижесінде 15 адамның заңсыз билет сатылымына қатысы бары анықталып, олардың әрқайсысына 5-10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді ол.
Дей тұрғанмен жолаушылар тасымалдау саласындағы заңсыздықтар үшін тек пойыз басшылары мен жолсеріктер ғана жазаланып келген. Мұндай проблемаларды біле тұра, акционерлік қоғам басшыларының ешбірі жауапқа тартылмаған.
Ал вокзал кассалары «Жолау­шылар тасымалы» АҚ-қа қарасты емес, сондықтан оларға қарсы жаза қолдана алмайды.

Еңбекақы әсері

Жиын барысында пойыз қыз­меткерлерінің мұндай заңсыздықтарға баруына еңбекақының аздығы себеп болуы мүмкін деген де мәселе қозғалды. Айлық жалақы еңбек өтіліне байланысты төленеді екен, яғни ең төменгісі 85 мың теңге болса, ең жоғарғысы – 220-230 мың теңге көлемінде.
Отырыс барысында заңсыздықтардың алдын алу үшін ең­бек­ақы мөлшерін тағы бір талқылау туралы ұсыныс айтылды.

«Тальго» ұшақпен тең бе еді?!

Шыны керек, мереке күндері қарсаңында «Тальго» пойызына билет алу мүмкін емес. Мәселен, Астананың 20 жылдығы тойланар қарсаңында жүрдек пойыздың билеттері 20 мың теңгеден асып кетті. Мұның себебі неде?
– Ол рас, бірақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ коммерциялық бағыттағы маршруттар арқылы қосымша табыс табуға құқы бар екенін айта кетейін. Егер билетті арзан бағада алғыңыз келсе, 45 күн бұрын жоспарлаңыз. Осы уақытта базалық тарифтегі құнынан 25 пайызға арзан алуға болады. Ал неғұрлым жақын күндерге алсаңыз, бағасы да соғұрлым қымбатқа түседі. Бұл – бізде ғана емес, әуе тасымалдау­шылар, автобус тасымалдаушылар арасында да, тіпті Еуропа мен Америкада да қалыптасқан жүйе, – дейді Данияр Нұрмағамбетов.

Пойыздар неге кешігеді?

Бізде пойыздардың кешігуі қазір дағдыға айналып кеткен. Бір мысал айта кетейік, осы жылдың 21 маусымында Астанадан 23:59-да шыққан «Бәйтерек» по­йызы Алматыға 22 маусым күні 18:15-те жетуі тиіс болатын. Бірақ белгісіз себептерге байланысты 90 минут, яғни 1,5 сағат кешігіп, 19:45-те бір-ақ жетті. Сол рейспен жеткен барлық жолаушылар мен күтіп алушылардың әрқайсысының 1,5 сағат уақытын есептесек, үлкен шығынның екінші басы қайда жатқанын тағы бір ойлану керек сияқты. Мұндай жағдай әрбір екі пойыздың біреуінде кездесетіні жасырын емес. Салыстырмалы түрде алар болсақ, Жапонияда 2010 жылы пойыз­дардың кешігуі орташа есеппен 30 секундты құрапты. Бұл – бір жылдағы көрсеткіш. Бізге де біржақты ғана ойлануды тоқтатып, шығынға жауапты тараптың жұмысын тағы бір тексеру керек шығар. Мәселенің түпкі себебі неден туындап жатыр, кемшілік қайдан кетіп жатыр?
– Негізі, бізге пойыздың уақытында жеткені аса маңызды емес. Басты мақсатымыз – жолаушыларды барар жеріне аман-есен жеткізу. Егер пойыз кешігіп жатса, демек инфрақұрылым желісінде, рельсте немесе тағы бір тұсында проблема болып жатыр. Ол шешілмей пойыз ары қарай қозғала алмайды, – деген «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры орынбасарының жауабынан кейін уақыт туралы әуелгі ойымыздан «қатты ыңғайсызданып», «көрпеге қарай көсілгенді» місе тұтуымызға тура келді…

Ескі вагондар жаңара ма?

Пойыз вагондарының ескіріп кеткендігі шешілмей тұрған мәселелердің тағы бірі ретінде ортаға тасталды: қымбат бағамен билет алып, вагонға кіргеніңде іші лас, иісі мүңкіп тұрады, мұндай пойыз­дар жақын уақытта жаңаруы немесе жөндеуден өтуі мүмкін бе?
Елімізде 80-90-жылдарғы, тіпті одан да ескі пойыздар жолаушылар тасымалдауда қолданылып келеді. Олар тәртіп бойынша тұрақты жөндеуден өтіп тұрғанмен, мүлдем ескірген. Алдағы уақытта олардың бәрі бірден жаңартылмайды, тек біртіндеп алмастырылмақшы. «Жолаушылар тасымалы» АҚ қазір осыған байланысты арнайы бағдарлама әзірлеуді қолға алып отыр.
Бұл жиыннан біздің түсінгеніміз: жалпы теміржол саласында шешімін таппай тұрған түйткілді мәселелер жетерлік, ол тұтынушылардың талабы мен ұсынысы және басшылықтың іскерлігі біріккенде ғана шешімін таппақ. Отырыс соңында Данияр Нұрмағамбетов «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшысының жеке блогы барын, сонда жолданған әрбір сұрақ, ұсыныстардың ескерілетіні және жауапсыз қалмайтынын қаперімізге салды.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды