Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

БИБІГҮЛ ЖҮЛДЕСІ БАТЖАРГАЛҒА БҰЙЫРДЫ

Астанада бір аптаға жуық уақытқа созылған Бибігүл Төлегенованың IX халықаралық вокалис­тер конкурсының гран-при иегері анықталды. «Классикалық ән» аталымына қатысқан 36 өнер­паздың арасынан Моңғолиядан келген Батжаргал Баярсайхан үздік шығып, жеңімпаз атанды.

Бұл конкурстың бастамашысы бұлбұл көмей, жезтаңдай әншінің қызы Мәриямгүл болатын. Егер ол тірі болса, биыл 65 жасқа толатын еді. Анасының айтуынша, аталмыш байқауды ол қызының рухына арнады.

«Қазақстан» орталық концерт залында жеңімпаздарды марапаттау салтанаты мен гала-концерт өтіп, онда конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері өнер көрсетті.

«Жастармен жұмыс істеген өте қызық. Биыл конкурсқа Армения, Болгария, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қазақстан қалаларынан өнер­­­паздар қа­тысты. 42 қа­ты­сушы өтініш жіберіп, со­ның 36-сы келді. 14 адам ақ­тық сынға шығып, ор­кестр­дің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Жастардың өнерге деген қызығушылығы, ұм­тылысы ерекше» дейді конкурс үйлестірушісі Қарлығаш Әбдікәрімова.

«Бұған дейін де басқа ән додаларына қатысқанмын. Ал Бибігүл Төлегенова вока­листерінің конкурсы ерекше өтті. Қазылар алқасына енген адамдар талапшыл, әділ әрі өнерге жанашыр жандар екен. Моңғолияда Бибігүл Төлегенованы ха­лық жақсы біледі. Конкурс ұйымдастырушыларына алғы­сымды айтамын. Еліме барған соң жастарға осы байқауға қатысуға кеңес беретін боламын» деді конкурс жеңімпазы Батжаргал Баярсайхан.

Ал байқаудың жабылу салтанатында Бибігүл Төлегенова жеңімпаздарды құттықтап, олардың өнері мен өміріне ақ жол тіледі. Талантты еңбекпен, ізденіспен ұштастыруға ша­қырды.

Биыл конкурстың қазы­лар алқасында Бибігүл Төле­геновамен қатар осы бай­қау­да әр жылдары топ жар­ған әншілер отырды. Атап айтсақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Азамат Жыл­­тыркөзов, Сүн­дет Бай­­ғожин, Дина Хам­­зина, Баш­құртстан Респуб­лика­сының еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, Өзбекстанның халық әртісі Рамиз Усманов. Ал қаты­сушылардың жасы 19-32 аралығында болды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Print Friendly, PDF & Email
www.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*