«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бес баламен бір бөлмеде тұрып жатырмыз

жазылған жайдың жаңғырығы

0 87

Гауһар МОЛДАШЕВА

«Астана ақшамы» газетінің көп балалы отбасылардың жағдайын ескеріп, мәсел­е көтеріп отырғаны менің де үмітімді жаққандай.
Мен 2009 жылы жас отбасыларға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысып, бағым жанған еді. Бағдарламадан өткенімізбен үш жыл үйімізді күтіп, 2012 жылы баспаналы болдық. Бірақ ол кезде менің үш балам бар еді. Ал бізге берілген пәтер бір бөлмелі ғана болып шықты. Біз «неге бір бөлме берілді, неге балаларымыз дұрыс есептелмеді?» деп «Нұр Отан» партиясының, қалалық тұрғын үй басқармасының, банктің – бәрінің ғимаратының табалдырығын тоздырдық. Бірақ «осыған да шүкір деңіз. Болмаса үйден бас тартыңыз» деген жауап алдық. Сонда да бағдарлама әрі қарай жалғасатын шығар, бізге үйімізді кеңейтуге мүмкіндік берілетін шығар деген үмітпен үйімізді алдық. Өйткені одан бас тартсақ, біз жас отбасы ретінде үй ала алмайтын едік.
Ал қазір менің бес балам бар. Балаларымыздың алды 10-сыныпта оқиды. Бір баламыз 9-сыныпты бітіріп, оқуға түсіп отыр, студент. Жалпы, отбасымыздағы жеті адам 34 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұрып жатырмыз. Шиеттей бала-шағамен тар үйде тұрудың қандай қиын екенін басынан өткізгендер ғана білетін шығар.
Мен жағдайымызды айтып басқармаға да, банк­терге де барып жүрмін. Бұрынғы бағдарлама жабылып, қазір жаңа жобалар қабылданып жатыр екен. Бірақ олардың қайсысына барсақ та, бізге есік жабық. «Бұрын пәтер алғансыңдар, сендер енді құжат тапсыра алмайсыңдар» дейді. Біз бес баламен бір бөлмеде тұратынымызды айтып, үйді кеңейтуге мүмкіндік беруін сұрасақ, «ондай заң жоқ» дейді. Онымен қоймай, «үйіңіз жоқ емес, бар, соған да шүкір деңіз» деп өзіме ақыл айтады. Бізге мына үйлеріңді сатып, ақша қосып, басқа үй алуға ғана мүмкіндіктерің бар дейді.
Көп балалы отбасында үйге ақша жинау мүмкін бе өзі? Ай сайын мен 10 мың теңге ғана жәрдемақы аламын. Ол бір баламыздың бала­бақша ақысына да жетпейді ғой. Бақшада төлем­ақыға жеңілдік жоқ, онымен қоймай жинайтын ақшасы, сатып алатын кітаптары тағы бар.
Менің ойымша, «Астана ақшамы» орынды мәселе көтеріп отыр. Газеттеріңізде Ләйлә Құндақбаева жазғандай, банк мемлекеттік бағдарламамен үй бергенде әр бала туған сайын, үй бағасын не процентін жеңілдетуі керек. Сонымен бірге, көп балалы отбасына айналған жағдайда біз секілді күй кешпеуі үшін азаматтардың пәтерін кеңейтуіне жол ашылуы тиіс. Әйтпесе, қазіргі бағдарламалар қанша жалаулатып айтқанымен, қазаққа «мысықтілеу» адамдардың жасағаны сияқты. Бір-екі бөлмелі үйді кредитке алып, соны төлеп біткенше, жиырма жыл бойы қазақ бала сүймей ме? «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген бар. Мемлекеттік бағдарламаны қайта қарап, көп балалы отбасылардың бір не екі бөлмелі ғана пәтер алып қалған жағдайда үйін кеңейтуге мүмкіндік берілсе және бала санына қарай үй бағасының пайызын жеңілдетуді енгізсе, талай отбасы бақытты болар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды