«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бейнесаябақ байқауы

0 22

Елордадағы орта, техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарының 45 педагогы «Ең үздік конструктивті бейнесабақ» байқауына қатысып, білім беру жүйесіндегі жаңа мазмұнды игеру тәжірибелері бойынша сынға түсті. Аталған іс-шара қалалық Білім басқармасы мен Білім беруді жаңғырту орталығының мұрындық болуымен осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

Білім беруді жаңғырту орталығы директорының орынбасары Роза Қас­қа­баеваның айтуынша, «конструкти­визм» деген термин ағылшынның «construct», яғни құру деген сөзінен шыққан. Жарыс шарты бойынша мұғалім сабақ үстінде, біріншіден, оқушылардың бұрын білетін нәрселеріне негізделген, екіншіден, жаңа түсініктерді таныстыратын орта құруы қажет. Бұл әдіс ғылымда 5Е деп те аталады. Ол Engage (тарту), Explore (зерттеу), Explain (түсіндіру), Elaborate немесе Extend (кеңейту, тереңдету), Evaluate (бағалау) секілді бес сатыдан тұрады. Сайысқа қатысқан мұғалімдерге осы ережелерді сақтау талап етілді.
Нәтижесінде І орынды экономика, технология және тамақ өндірісін стандарттау колледжінің мұғалімі Бақытгүл Жанатхан, ІІ орынды №48 мектеп-лицейдің педагогы Әлима Бөлебаева мен жоғары медициналық колледж ұстазы Зүбайда Жаупанова иеленді. Ал ІІІ орынды №79 мектеп-лицей мұғалімі Айман Рыспаева, №84 мектеп-лицей мұғалімі Жазира Рахатпаева және технологиялық колледж мұғалімі Ұлжан Теміртанова өзара бөлісті.
Сондай-ақ «Инновациялық бейнесабақ» номинациясы бойынша – №84 мектеп-лицей мұғалімі Ғалия Ищанова, «Зерттеу бейнесабағы» номинациясы бойынша – №62 мектеп-лицей мұғалімі Галина Хомюк, «Ағылшын тіліндегі үздік жаратылыстану-математикалық бағыттағы сабақ» номинациясы бойынша №79 мектеп-лицей мұғалімі Әсемгүл Махамбетова марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды