«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бейімбетпен бірге атылған

0 87

Қазақ жұрты өзінің сан ғасырлық тарихында талай қайғы-қасіретті бастан өткізді. Алысқа бармай-ақ күні кешегі 1937-нің ойранын еске алсақ та жеткілікті. Адам тағдыры аяққа тапталып, қанды қасапқа ұласқан сол бір зобалаңға да сексен жылдан асып барады. Ел азаматтары шетінен «халық жауы» атанып, атып-шабылды. Абақтыға түскендер де, істің мән-жайын зерттеп, әділ үкімін шығарамын деп жанталасқандар да.

Мәселен, 1921-1937 жылдар аралығында мемлекеттік биліктің бірегейі болып есептелетін Қазақ елінің сот жүйесін басқарған биік лауазымды тұлғалар түгелдей репрессияға іліккен: Нығмет Нұрмақов, Тілеужан Мұқашев, Мырзағұл Атаниязов, Нығметолла Сырғабеков, Ғұмар Жүнісов, Шаймерден Бектұрғанов. Бәрі жазықсыз жазаланды, қуғын-сүргінге ұшырады. Қазмұхамед Кәрібайұлы Күлетов те бір кезде (1932-1934 жж.) Қазақ АССР Жоғарғы сотына төраға болған еді. Енді архив деректеріне назар аударып көрейік.
Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасының қыз­меткері, аға лейтенант Яковлев 1937 жылдың 29 маусымында жазған ақпарында Қ.Күлетов революцияға қарсы «ұлтшыл ұйымның мүшесі есебінде контр­революциялық жұмыс жүргізетіндіктен оны тұтқындап, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-статьясының 10, 11-баптары бойынша жауапқа тарту қажет деп есептеймін» деп атап көрсеткен. Прокурор оған сол күні-ақ келісімін берген.
Қазмұхамед Күлетов 1897 жылы Түркістан өлкесі Сырдария облысындағы Қазалы ауданының Қарашеңгел ауылында туған. 1918 жылдан БК(б)П мүшесі, білімі – төменгі, әлеуметтік тегі – кедей шаруадан, соңғы қызметі – облатком төрағасының орынбасары. Отбасымен Шымкент қаласында тұрған. 37-нің 1 шілде­сінде тұтқындалып, сол күні үйін­де, қызмет орнында тінту жүр­гізіліпті. Алайда қылмыстық іс­ке дәлел боларлық заттар табыл­маған.
Алғашқы жауап алған – НКВД лейтенанты Катков. Сұрақ қойып, хаттаманы жазған. Айыпталушының өмірбаянына қатысты деректерді анықтайды. Партияның тапсырмасымен Ақтөбе–Ембі теміржолында әскери қызмет атқарыпты. Партия-совет органдарында істеп, облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне дейін сайланған. Қ.Күлетовтің жеке басына қатысты деректерді тиянақтап алған соң ол негізгі мәселені шешуге кіріседі. Күлетовтен жауап алады. Соны аудармай-ақ қаз-қалпында келтіргеніміз жөн сияқты.


«Вопрос: Вы являетесь членом контрреволюционной организации. Дайте показание.
Ответ: Я членом контрреволюционной организации не являюсь».
Ештеңе дәлелденбей жатып, Катков айыпкерді бірден контрреволюцияшыл ұйымның мүшесісің деп қаралайды. Істің қаралу мерзімін ұзартуға әрекет жасайды. Іс бойынша тергеу барысында анықталған кеңеске қарсы ұлтшыл ұйымның тағы да бірнеше мүшелерін қосымша тұтқындалуы қажет деген сылтаумен және тергеу белгіленген мерзімде аяқтала қоймайтын болған соң іс жүргізу кодексінің (УПК) 116-статьясына сәйкес Қазақ ССР прокурорының келі­сімімен Құрманғалиевтің, Күлетовтің, Жүргеновтің, Жансүгіровтің, Меңдешевтің, Орынбаевтың, Бекжановтың, Ибрагимовтың, Құрамысовтың істерін жүргізу және оларды қамауда ұсталу мерзімі 1937 жылдың 25 желтоқсанына дейін ұзартылады.

Қазақтың небір жайсаңдары мен марқасқалары 37-де бір-бірлеп емес, он-ондап, жүздеп тұтқындалып жатты. Мысалы, Күлетовтің «қылмыстық ісінің» нөмірі – 11020. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Хасен Қожанбаев істерінің рет саны да осындай. Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Жансүгіров, Жұмат Шанин, Ілияс Қабылов, Хамза Жүсіпбеков, тағы басқа­лардың да «қылмыстық істерінің» нөмірі – осы цифр. Бұлардың бәрі бірге атылған.

Үкім шығарған да бір мекеме – КСРО Жоғарғы соты Әскери төралқасының 1938 жылдың ақпан-наурыз айларында Алматы қаласында өткен көшпелі сессиясы.
Қылмыстық істе 13 шілде мен 11 желтоқсанда Күлетовтен жа­у­ап алынды деп көрсетілген. Егер олай болса, түрмеде қамалған ол осы екі жауаптың арасындағы бес ай мерзім ішінде не бітірген? Тергеушімен жүздеспеді, кез­деспеді ме? Мүмкін емес. Біз­діңше, мәселе басқада. Күле­тов болмаған оқиғаны растап, «пәлендей қылмыс жасадым» деп көпке дейін мойындамады. Демек, айыпкер іске қажетті деген ақпар бермеген соң бұл «кездесулер» қылмыстық істе көрініс таппаған. Әрине, тергеушілер қол қусырып отырды деуге болмайды. Негіздің бар-жоғына қарамастан, істі жүргізу мерзімі ұзартылды, куәлар біраз «сыр шертті». Тергеуге тиісті дерек бермей қасарысқан Күлетовке тиісті психологиялық қана емес, тән азабы да көрсетілді (ұрып-соғылды, таяқ жеді, бұл сол кезде ресми түрде заңдастырылған шара болатын – А.К.) Шиырып айтсақ, 11 желтоқсандағы жауап алуға тергеушілер біраз «дайындықпен» келген. Осыған орай, машинкамен басылған 26 беттік хаттамадағы Күлетовтің тергеу кезіндегі жа­уабынан (тұтқынның өз қолымен емес, тергеушілер жазған – А.К.) шағын үзіндіні оқып көрейік.
«Мені антисоветтік ұйымға соңғы кезге дейін бұған басшы­лық жасаған ең ірі ұлтшыл Қожа­нов тартқан. Алайда совет өкіметімен күрес жолына 1922 жылы ұлтшыл топтың қатарында жүрген кезімде-ақ түскенімді мойындағым келеді. Сол кезде Қожанов тобының кызметі патриархалдық ескі әдет-ғұрыпты сақтаған ауқатты байлар басқарған қазақ ауылын қайткен күнде де сақтап қалуға бағытталған. Міне, осы мақсатқа орай, біздің топ Коммунистік партия мен Совет өкіметінің шаруашылық-саяси шараларына қарсылық ұйымдастырды, ауылдағы тап күресін қостады, еңбекші халыққа байлардың ықпалын сақтап қалуға тырысты, ұлттар арасындағы алауыздықты қоздырды, советке қарсы деген ниет-пиғылды күшейтіп, еңбекшілердің совет өкіметіне наразылығын ту­дыруға әрекет жасады. Сол кезде қожановшылдан басқа рысқұловшыл, сәдуақасовшыл, нұрмақовшыл және меңдешевшіл сияқты басқа да ұлтшыл топтар болды. Бұлар сырт қарағанда бір-бірімен қырқысып жатқандай көрінгенімен, оның негізгі түп мақсаты топ басшыларының, олардың қолшоқпарларының халыққа өздерінің ықпалын күшейту және партия-совет басшылығындағы орынға талас үшін күрес болатын».
«Ағынан жарылған» Күлетовтің жауабында іліп аларлықтай іске жарарлық айғақ болмаса да тергеушілер осының өзіне ризашылық білдіріп, дереу айыптау қорытындысын жазуға кіріскен. 1937 жылдың 20 жел­тоқсанында бекітілген бұл құ­жатта жоғарыда баяндалған жайлар тұжырымдалады, оған саяси астар беріліп, жасалған «қылмыстың» мән-маңызын күшейте түседі. Яғни НКВД органы Рысқұлов, Нұрмақов, Қожанов және Құлымбетов жетекшілік еткен зиянкес ұлтшыл ұйымды іздеп тапқан. Олардың сүйенері орталық өкілдері – Троцкий, Зиновьев, Бухарин және Рыков. Шет елдердегі барлау органдарымен сыбайлас Мұстафа Шоқаев, Райымжан Мәрсековтермен де астыртын байланыстары бар болып шыққан. Бұлардың бел ортасында жүрген Қазмұхамед Күлетов қызмет бабын пайдаланып, совет өкіметіне қарсы қастандық жұмыстарын жүргізіп, белсенділік көрсеткен. Айыптау қорытындысында Күлетов жасады деген «қылмыстың» ұзын-ырғасы, міне, осындай.

***
1938 жылдың 26 ақпанында Алматыда күндізгі сағат 3-те КСРО Жоғарғы соты Әскери төралқасының кезекті көшпелі сессиясы өтті. Жабық сот мәжі­лісінің күн тәртібінде Қазмұхамед Күлетовтің қыл­мыстық ісі қаралды. Сот процесіне төрағалық жасаушы А.Горячев айыпкерге тағылған қылмыстың мән-маңызын түсіндірді де «өзіңізді кінәлімін деп есептейсіз бе?» деп сұрайды. Ол бұған «өзімді кінәлімін деп есептеймін және алдын ала жүргізілген тергеуде берген жауабымды айғақтаймын, бұған алып-қосарым жоқ» деп жауап береді. Сот кеңесуге кетеді. Айыпкерге соңғы сөз беріледі. Ол: «ұйымның басшысы болған емеспін» дейді. Соған қарамастан сот оны ату жазасына үкім шығарды. Сот мәжілісі күндізгі 3 сағат 15 минутта аяқталады. Үкім сол күні орындалған.
Сталиндік қуғын-сүргін науқа­нының құрбаны Қазмұхамед Күлетов 1958 жылдың 29 наурызында ақталған.

Амантай КӘКЕН,
журналист,
Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды