«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бейбітшілік және келісім сарайы

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы сәулет өнерінің бірегей туындысы саналады.

0 849

Бұл ғажайып сарай – қазақ жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Бас шаһарда пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса деген идеяны Мемлекет басшысы 2003 жылы елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съе­зінде ұсынған болатын. Ел Президентінің идеясы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессиялардың көшбасшыларынан үлкен қолдау тапты. Сарай 2006 жылы 2 қыркү­йекте салтанатты түрде ашылды. Дәл осы жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші басқосуын жаңа, бірегей ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында өткізді.

Ғимарат көрнекті ағылшын архитекторы Норман Фостердің жобасымен Түркияның «Сембол Иншаат» құрылыс компаниясы салды. Атақты сәулетші туралы түн асырып сөйлеуге болады. Талантты тұлғаның ең жиі ауызға алынатын бейресми атағы – хай-тек королі. Мәскеудің «Вече» баспасынан 2000 жылы шыққан «100 ұлы архитектор» жинағындағы Фостер туралы мақалада хай-текке «технология­ның эстеттендірілуі» деген анықтама берілген. Бүгінде хай-тектің классигі деп даусыз мойындалатын Фостердің жобалары осы анықтамаға толық жа­уап береді. Оның Гиннесс кітабына атан түйе ғана көтеретін атақ-лауазымы көп адам ретінде кіргені де талай жайды аңғартады. Осы саладағы Прицкер сыйлығының лауреатын алған. Бұл, бейнелеп айтсақ, архитектурадағы Нобель сыйлығы. Оның сыртында Фостер – 60 ұлттық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы. Шындығында, мұндай мәртебеге арғы-бергі сәулет өнерінде жеткен адам жоқ. Осындай абыройы асқан азаматтың қолынан шыққан ғимарат кіндік қалаға ерекше көрік беріп тұр.

Ғимарат қолдан жасалған жота үстінде орналасқан. Оның табан қабырғасының ұзындығы – 62 м, ауданы – 25,5 мың м². Ғимарат экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің холы тәрізді етіп салынған. Сарайдың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал «пирамиданың» төбесі, яғни күмбезі елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген. Түнде күмбез жанып, шамшырақ секілді әртүрлі мәдениеттердің, діндердің, халықтың бірлігін бейнелейді. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. Кешен құрылысы қаладағы құбылмалы ауа райын ескере отырып бой көтерген. Оның кіреберісі жер астында орналасқан.


Бүгінде бейбітшіліктің бесігіне айналған әсем ғимараттың ашылғанына он жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта сарайда достықтың байрағы желбіреп, мемлекеттік маңызды жиындар мен ордалы ой айтатын орталыққа айналды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды