«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бейбіт әлем жаршысы

0 26

Ослоның Әдебиет үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік эпицентрі» кітабының норвег тіліндегі нұсқасы таныстырылды.Жиын барысында сөз алған Қазақстанның Норвегия­дағы елшісі Еркін Ахинжанов:
«Жетпіс жыл бұрын Кеңес Одағы алғашқы атом бомбасын Семей өңірінде сынап көрген еді. 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Жарлығымен полигон жабылды. «Бейбітшілік эпицентрі» кітабы тек ядролық сынақтардың тарихы мен Қазақстанның ядролық әлеуетін бөлшектеу туралы ғана емес, ол оқырманды ядролық қарудан азат әлем құру туралы ойға жетелейді» деді.
Өз кезегінде Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Кьелл Магне Бондевик:
«Ядролық қаруды жою жұмысын күшейтетін білім мен ресурстардың болғаны маңызды. Осы кітапта айтылған Қазақстанның тәжірибесі өте пайдалы. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін барлық ядролық қару мен қондырғыны өз аумағынан шығарып тастағаны үшін бұл ел әлемнің құрметіне ие» деп атап өтті.
Сондай-ақ іс-шарада белгілі суретші және антиядролық қозғалыстың қайраткері Кәріпбек Күйіков Семей аумағы тұрғындары көрген қайғы-қасірет туралы баяндама жасап, жиналған қауымды «АТОМ» жобасын (www.theATOMProject.org) қолдауға және ядролық қарудан азат әлем жөніндегі петицияға қол қоюға шақырды.
Мәтінді норвег тіліне халықаралық саясаттанушы және кәсіби аудармашы Николай Геров аударған. Кітап «Steffen Grafisk Tilrettelegging» баспасында жарық көрді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды