-->

БЭБИ-БОКС: ТАСТАНДЫ СӘБИЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖӘШІК ЕЛІМІЗДЕ ДЕ ПАЙДА БОЛАДЫ

1

Бұрын «баласын тастап кетіпті» дегенді көп естуші ек, енді «сәбиін тұншықтырып өлтіріпті, қоқыс жәшігіне тастап кетіпті, унитазға лақтырып тастапты» деген небір сұмдықтарды еститін болдық. Әрине, көрінген жерде қалған шақалақтың көпшілігі шетінеп кетеді немесе денсаулығына зақым келіп жатады. Енді осындай жағдайларды болдырмас үшін елімізде нәрестелерге арналған арнайы жәшіктер пайда болмақ.

Далада бала жатпасын…

Нәрестелерді тастап кетуге арналған жәшіктер орнатылады деген сөз жұртшылықтың құлағына түрпідей тигені рас. Әлеуметтік желілер тіптен шулады. Бірақ тиісті мекемелер мұндай қадамға амалсыздан барып отырғаны анық.

Жалпы нәрестелерге арналған бэби-бокстер Чехия, Жапония, Канада, Швеция сынды елдерде пайда болғалы қашан. Осы «өмір бесігін» 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тапқан деседі. Сол заманда қиындық көрген аналар омыраудағы нәрестелерін Тибр өзеніне ағызып жібереді екен.  Судың ағысы жағалауға лақтырып тастаған өлі сәбилерді көрген Рим Папасы қатты қайғырып, храмның қабырғасына осындай жәшіктер орнатқызыпты. Бала

ны қалдырған кезде сыңғырлайтын қоңыраудың даусымен шіркеу қызметкерлері келіп, сәбиді алып кететін болған. Кейін бұл тәжірибені көптеген мемлекеттер іліп әкетті.

«Үміт бесіктері» бүгінгі күнге де жетіп отыр. Мысалы, чехиялықтар 2005 жылдан бастап, тастанды сәбилерге арналған жәшіктер орнатқан. Соның арқасында мыңдаған нәрестенің өмірін аман сақтап қалды. Бұл елде жәшіктердің көпшілігі клиникалар мен ауруханалардың жанында орнатылған.

Бүгінде Чехиядағы «төртбұрышты  үйлердің» саны 50-ге жетіпті. Ал, Германия осындай жүздеген жәшік орнатып үлгерген.

Тастанды сәбилер проблемасынан Оңтүстік Корея да құралақан емес. Жыл сайын Сеул көшелерінде жүздеген нәресте тасталады екен. Шақалақтардың өмірін сақтап қалу көп жағдайда мүмкін бола бермейді. Бұл қасіретке тосқауыл қойғысы келген кореялық Ли Чон-Рак атты діндар өз елінде нәрестелерге арналған ұя ойлап тапқан. Сырты пошта жәшігіне ұқсайтын бесікке ол жылы орамал төсеп, жылытқыш қосады. Жәшіктің тұсына: «Сәбилерге арналған орын» деп жазып қояды. Алғашқы күндердің өзінде ол бес сәбиге қамқор болады. Айтпақшы, осы бір мейірімді жан туралы және оның жасаған жәшігі жөнінде арнайы фильм де бар. Жас режиссер Брайан Ивье түсірген «The Drop Box» атты 72-минуттық деректі фильмді кім-кім де көзіне жас алмай көре алмайды. Түсірілім тобы бұл фильмнің талай анаға ой салатынына сенімді.

Өмір мен үміт терезесі

Елімізде нәрестелерге арналған жәшіктерді орнату Алматы қаласынан бастау алмақ. Басты мақсаты – сәбилердің өлімін азайту, анасы бас тартқан шақалақтардың өмірін аман сақтап қалу. Бұл жәшіктерді ақхалаттылар «өмір терезесі» деп те атап жүр. Оның ішіндегі температура 30 градус болады. Сәбилер жайлы төсекпен де жабдықталатын болады. Шақалақ жәшікке тасталысымен, оның есігі 30 секундтен кейін автоматты түрде кілттеніп қалады. Сәбилердің қауіпсіздігі үшін солай істеледі. Содан кейін медицина қызметкерінен басқа ешкім мұнда кіре алмайды. Арнайы орнатылған дабыл соғылған сәтте ақхалаттылар тастанды сәбиді алып кетеді. Ары қарай балалар заң бойынша мемлекет қамқорлығына алынады. Тіпті, бала асырағысы келетін мейірімді отбасыларға берілуі де мүмкін. Жәшіктерді орнатудың басты мақсаты да – осы.

Бәрінен қымбаты – сәбидің амандығы

Нәрестелерге арналған жәшіктерді орнату мәселесіне қатысты жұртшылықтың пікірі әртүрлі. Кейбіреулер «мұндай жәшіктер тастанды балалардың көбеюіне әкеледі» дейді. Себебі, сәбилерге арналған орынның жанында баланы кім тастағанын бақылайтын бейнекамера орнатылмайды. Әрі баласын жасырын түрде жәшікке тастаған «көкек-аналар» қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Кезінде осындай бэби-бокстарға қатысты БҰҰ-ның бала құқығы жөніндегі комитеті өз наразылықтарын білдіргені бар. Олардың пікірінше, арнайы жәшіктерге балалар жасырын түрде тасталатындықтан, сәбидің аты-жөні, ата-анасы белгісіз болып қалады. Ал бала есейе келе, өзінің ата-анасын білуге құқы бар. Осы тұрғыдан келгенде, жәшіктерді орнату – баланың құқығын шектеу деген сөз.

Бірақ, мұның бәрі сәби өлімінің жанында түк емес. Күні кеше ит пен мысыққа жем болған бір сәбидің өлі денесі табылды. Сондықтан безбүйрек анасына керек болмай, көрінген жерде көздері жәудіреген нәрестелердің дені сау, аман болғаны бәрінен қымбат. Жәшікті орнатсақ та, орнатпасақ та, көкек аналар азаймайды. Бізге керегі – сәбилердің саулығы. Сондықтан нәрестелерге арналған жәшіктер орнатудың еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймыз.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*